Kyzylorda-news.kz “Көлеңкелі” экономика. Бүгінде жаһан жұртын шарпыған елдің қазынасына құйылмай, бәзбіреулердің баспайдасына кететін “көлеңкелі” экономиканың қаржы айналымы адамзатты алаңдатып отырғаны ақиқат. Тасада өрістейтін экономикалық қызметтің бұл түрі ел қазынасына салық төлеуден түсетін табысты едәуір төмендетіп отыр. Әлемнің озық елдері цифрлы технологияға дем беруде. Неге дейсіз бе? Басты себеп – экономикадағы көлеңкелі қаржыны қысқарту. Иә, бұл – әлем елдеріндегі өзекті мәселеге айналды. Біздің елде де көлеңкелі экономикамен күресу мемлекетттік деңгейге көтеріліп, белгілі бір шаралар қабылдануда.
«Көлеңкелі» экономиканың көлемін төмендету – ел алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Яғни, бюджет есебінен сытылып, әлдекімнің қалтасына түсіп жатқан жасырын табыстарды анықтап, мемлекет қоржынына түсіру маңызды мәселе. Қазақстан 2025 жылға қарай «көлеңкелі экономиканың» үлесін 15 пайызға дейін төмендетуге ниетті. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеген болатын. Сонда «көлеңкелі экономиканы» тежеудің бір жолы – тауарларды таңбалау екеніндігін алға тартқан еді. Санда бар, санатта жоқ қаржы айналымына тосқауыл қойылмаса, 2025 жылы мемлекет қазынасы 1,2 трлн теңгеден қағылуы мүмкін. Бұл қаржыға жүздеген әлеуметтік нысандар салып, мыңдаған шақырым жолды жөндеуге болар еді. Бірақ мүдделі топтар қалтаға басуға ынталы.
Шын мәнісіне келгенде, біздің аудан Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық локомативіне айналып, дамуымен ерекшеленуі үшін кәсіпкерлік саласын дамытуда. Әлемдегі озық елдердің тәжірибесі осыған үндейді. Мәселен, АҚШ, Жапония, Финляндия және Сингапурдегі шағын және орта бизнес саласы өркениет көшінде көш бастауға негіз береді. Себебі шағын бизнес сыртқы ортаның өзгеруіне тез бейімделіп, мемлекетті бәсекеге қабілеттілігін шыңдайды. Қазақстанның алдында 2025 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға дейін, 2050 жылы кем дегенде 50 пайызға жеткізуді міндеті тұр. Ал кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөнінен республика бойынша Қызылорда үздік облыстың бірі саналса, Жаңақорған өңірдегі үздік ауданның қатарында кәсіпкерліктің дамуы, саны жөнінде алдыңғы орындамыз. Бірақ, Кәсіпкерлік өрісі кеңейсе де мемлекет қазынасына нөлдік көрсеткішпен есеп тапсырып, салықтан жалтаратындар аз емес.
Үлкен сауда орындары болсын, шағын кәсіпкерлік нысан болсын сауда айналымын аз мөлшерде көрсетеді. Яғни, кәсіпкерліктің тіркелу, белсенді кәсіпкерлердің үлесі жағынан көрсеткіштеріміз жақсы болғанымен, кәсіпкерлердің табысы, тауар айналымы, ондағы жұмыспен қамтудың үлесі өз деңгейінде емес немесе жариялылық жетіспей тұр дегенге саяды.
Жақында аудан орталығындағы «Айсара ана» ірі сауда үйіне барып, кассасының маңында 30 минут тұрдым. Сауда қызу жүріп жатты. Касса алдында ұзынсонар кезек. Осы қысқа уақытта 20 адам сауда істеді. Олар орта есеппен 15-20 мың теңгеге сауда жасады десек, тәулігіне кем дегенде 3 млн теңгенің айналымы болады. Сонда тәулігіне 3 млн теңге көлемінде сауда жасаса 1 жылда 1 млрд теңгеге сауда жасайды екен. Одан кейін кенттегі «Ғани» сауда орнында бар-жоғы 10 минуттың ішінде 3 кассада 10 адам сауда жасады. Оның әрқайсысы кемінде 5 мың теңгеге сауда істеді дейік. Сонда 10 минутттың ішінде жоқ дегенде 50 мың теңге сауда болды. Бір сағатта 60 минут десек, 300 мың теңге. Бір күнде 12 сағат жұмыс жасады дейік, сонда (12×300=3600000) 3 млн теңгеге сауда болды деген сөз. Мейлі 2 млн теңгенің саудасын жасасын. Ал, қолдағы бар дерекке сүйенсек, бұл сауда орны 6 айға 10 млн теңге салық төледі. Енді, өзіңіз болжай беріңіз, біздің еліміздегі экономикалық ахуалдың жайын. Бұл бір ғана емес, барлық кәсіпкерлік нысандар оңай олжа үшін осылай әрекет етуді әдет қылды.
Сонымен қатар кенттегі «Береке», «Қара Бура», «Магнит» және т.б ірі-ірі сауда орнына арнайы бардым. Әрине, тексеру үшін емес. Журналист ретінде мән-жайға терең қанығу үшін. Бір ғана Хорасан ата көшесінде көлікке қызмет көрсететін орындар, автобөлшек сататын магазиндер, азық-түлік және құрылыс заттарын сататын сауда үйлері, кафе мен мейрамхана және т.б кәсіпкерлік нысандар бар. Тіпті кенттегі кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігі осы көшеде секілді. Бірақ бұл нысандардан кассалық аппаратты табу қиын. Міне, көлеңкелі экономика осыдан қалыптасады. Кәсіпкерлер табысты жасырып, салыққа болмашы қаржы төлеп отырғаны анық. Біз соған көз жеткізе түстік.
Президент бизнесті тексеруге мораторий жариялады. Өте дұрыс шешім, байыпты бастама. Иә, кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау. Енді кәсіпкерлер елдіктің бір жүгін көтеруде елдің қазынасына әділетті салық төлеуді ойлауы да керек-ақ. Озық елдердің тәжірибесінен осыны көруге болады.
Көлеңкелі экономиканың көлемін төмендету – ел алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Яғни әлдекімнің қалтасына түсіп жатқан жасырын табысты анықтап, мемлекет қоржынына түсіру маңызды мәселе. Осы ретте, ауданымыздағы кәсіпкерлердің жай-күйін білу мақсатында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаевпен тілдесуді жөн көрдік.
– Білесіз бе, облыста ең кәсіпкері көп біздің аудан. Қазір мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, мейлінше жағдайларын жасап жатыр. Мысалы, мемлекеттік гранттан, аз пайыз мөлшерінде несиелер, субсидия сынды түрлі жобалармен жұмыс істеймін, қандай да бір кәсіп көзін ашамын немесе жалғастырамын деген адамға жол ашық біздің елде. Мысалы, Германияда мемлекеттік түсімнің 60 пайызы осы шағын кәсіпкерлерден түседі екен. Бірақ, олар белгілі заңның аясында нақты мемлекетке салық төлеп отыр. Бізде кәсіпкерлерге мораторий жарияланған, біз өз кезегімізде оларға нақты шара көре алмаймыз. Қазіргі уақытта күн сайын аудандағы кәсіпкерлерлік нысандарды аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірақ одан нәтиже жоқ. Өйткені заң жүзінде кәсіпкерлерге ешқандай шара қолдана алмаймыз. Егер осы сауда орталықтарының барлығы жеке кәсіпкерліктен «ЖШСға» өтсе, ай сайын есеп беріп, салық төлейтін еді. Әрі қызметкерлерінің әлеуметтік төлемдер (зейнетақы және медициналық сақтандыру қоры) жүргізеді. Бұл – жұмыс берушіге де, жұмысшыларға да өте тиімді. Осы бағытта кәсіпкерлер арасында түсіндірме жұмысын жүргізудеміз. Одан басқа қолдан келетін шара жоқ. Біле білсек, елдің қазынасы – салықтан құралады. Біз осыны түсінуіміз керек. Сол себепті кірген кіріс, шыққан шығыс – бәрі жіті қадағаланып отырады. Әрі ортақ қазынаның ортаймауына әрбір азамат жауапкершілікпен қарап, мемлекет алдындағы міндетке бейқамдық танытуына әсте болмайды, – деді сала басшысы.
Иа, салық түсімін арттыруда тағы бір теріс әсер ететін жайт, салық есебін нөлдік көрсеткішпен тапсыру немесе табысын жасыру соңғы кездері кең етек алған. Бұл көрсеткіш ауданда тіпті шарықтап тұр. Әлі күнге дейін бірқатар жұмыс берушілер еңбекақыны «конверттегі жалақы» тәсілімен төлеп келеді. Бұл – ең алдымен кәсіпорындардың салықтан жалтаруы, тауар айналымын жасыру әрекетінің көрінісі. Ортақ қазынаның ортаймауына әрбір азамат жауапкершілікпен қарап, мемлекет алдындағы міндетке бейқамдық танытуына әсте болмайды. Бұл ретте, аудан тұрғындары салықтық міндеттерін орындауға қаншалықты атсалысуда? 2021 жылы салықтық төлемдер қалай орындалып жатыр? Бұл сұрақтарға аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Талғат Мұстафаев төмендегіше жауап берді:
– Шыны керек, қазір аудан көлемінде заңсыз сауда, яғни салық төлеуден жалтарып, кірістер басқармасына тіркелмейтіндер көп. Көлеңкелі экономиканың тежеу жолы бірінші салық органына тіркелмей жұмыс жасайтын тұлғаларды тіркетіп тиісті салығын төлету. Басқарма тарапынан жыл басынан тіркелмеген 24 тұлғаға тиісті шарасы көріліп сот қаулысымен айыппұл салынған. Өздеріңізге белгілі, тіркелмей жұмыс жасап жатқан тұлғалардың басым бөлігі жолаушы тасымалдаушылар. Бұл бағытта жұмысты жандандыру үшін полиция қызметкерлерімен рейдтік тексеруді ұдайы жүргізу керек. Қазіргі таңда аудан көркейіп сауда нүктелерін салып жатқан кәсіпкерлік субъектілері көбеюде. Алайда аталған тұлғалар тиісті 700.00 немесе 701.00 нысанды салық есептілігін тапсырып мүлік салығын төлеуі тиіс. Әрине, кәсіпкердің ішінде салықтық міндеттемесін орындап салығын уақытылы төлеп отырғандар баршылық. Басқармамен арнайы талдау жүргізіп мүлік салығын төлемеген немесе ғимаратты аз бағалап салығын төлеген салық төлеушілерге хабарлама шығарылып, бюджетке қосымша 45 млн тенге салық өндірілді.
Сонымен қатар камералдық бақылау бойынша басқармамен 52.3 млн тенге салық түсірілді. Көлеңкелі экономиканы азайту үшін қосымша тұтынушылар да бақылау касса аппаратынан чек талап етіп отыруы маңызды. Талдау барысында салық төлеушілердің басым бөлігі кәсіпкерлігін ашқанымен нақты табысы болмағандықтан салық есептілігін 0-дік көрсеткішпен тапсыруға мәжбүр болуда. Алайда салық кодексінің талаптары бойынша 0-дік көрсеткішпен салық есептілігін тапсыруға тыйым салынбаған. Осыған байланысты камералдық бақылаумен немесе уәкілетті органдардың мәліметіне сәйкес табысын жасырып отырған салық төлеушілер тізімі алынып бағалау көрсеткіші осы арқылы белгіленсе деген ұсынысымыз жүзеге асса нұр үстіне нұр, – дейді жауапты маман.
Осы тұста, аудандағы қаржы саласының ардагері Жамур Мүсілімнің өз айтары бар:
– Бұл мәселеге менің ойымша әзір тежеу де, тосқауыл қою да қиын. Өйткені біздегінің бәрі алып сатумен ғана айналысады. Олардан не салық сұрайсың? Негізінен өндіріске бет алмай алып сатумен салықтың бүйірін толтырам деген қиындау-ау. Меніңше, мүлік салығын қайта зерделеу керек болар. Қазір екінің бірінде сауда үйлері, жеке балабақша, жеке мектептер бар. Аудандағы мықты кәсіпкерлер өндіріс ашуға құлықсыз, әйтпесе шикізат көзі ауданда жеткілікті ғой. Мал шаруашылығы да, егін көлемі де жақсы. Бірақ қызығушылық жоқ. Шикізат күйінде сатып соған мәз болып жүрміз. Өндіріс орны болмағаннан кейін жұмыс орындары қайдан болсын. Барлығы жалдамалы. Одан салық түспейді, айлығын қолма-қол алады. Кафеде, сауда орындарында бәрі жалдамалы сатушылар, даяшылар т.б. Олардың зейнетақы қорына ақша түспейді, табыс салығы есептелмейді, медсақтандыру төленбейді, өйткені оларға ауызша келісіммен айлық беріледі. Міне, көлеңкелі бизнестің бір түрі. Таңнан кешке дейін мұздыаяқ болып күніге 3-5 мың теңге алып, декретке де шыға алмайды. Өйткені ол жұмыссыз. Оларға да обал. Әрі салық жоқ әрі жұмысшылардың жағдайы жоқ. Мұсылманшылық әсте-әсте, бұл да ретке келер. Егер ауданда өндіріс орындары ашылса, жұмыссыздық деңгейі азайып әрі салық та өз деңгейінде түсер еді, – дейді қаржы саласының ардагері.
Осы жерде АҚШ-тың салық жүйесі қазіргі уақытта әлемдегі ең озық жүйелердің бірі болып табылатынын зерделедік. Қоғамның экономикалық белсенді топтарынан алынатын алымдар федералдық бюджеттің негізгі бөлігін қамтамасыз етеді екен. Яғни, заң қатал деген сөз. Егер салықты өз деңгейінде, өз дәрежесінде төлемеген жағдайда бірден барлық қызметтерге бұғат қойылып, үйден шығуға қауқарсыз болып қалады екен. Ал, Қытайдың тәжірибесіне сүйенсек, мемлекеттің негізгі тірегі – дамыған шағын және орта бизнес. Міне, ресми Пекин бизнесті дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр, екінші жағынан, есептілікті сәтті үйлестіруде. Миллиардтар елінде бұл қалай жүзеге асуда деп ойларсыздар? Қытайда кәсіпкер бір рет салық есептілігін нөлдік көрсеткішпен тапсырса, «сенімсіз кәсіпкер» ретінде бағаланып, жұмысына шектеу қойылады екен. Ал, бізде субсидияны миллиондап алса да, салық төлегенде сол қомақты қаржы көрсетілмейді. Бәлкім, тек өзімдікі болсын, өзгенікі «бүл болмаса күл болсын» деген тоғышарлық психологиядан әлі арыла алмай жүргендіктен болар. Мұның бағасын психологтар мен әлеуметтанушылар берер. Бір анығы, ауданда көлеңкөлі экономиканың үлесі басым…
Салық – айналып келгенде өзімізге қайтатын капитал. Көшелердің жарықтандырылуы, құрылыстардың қарқын алуы біз бен сіздің салып отырған салықтан жүзеге асырылады. Біздің мақсат осыны түсіндіру, ұғындыру ғана...