Kyzylorda-news.kz. Сыр өңірі кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы аймақ. Бұған аймақта түрлі кәсіптің бастау алғаны айқын дәлел. Жаңақорған ауданының тұрғыны Шолпан Сүлейменова ерекше кәсіпті қолға алды. Кәсіпкер өзінің алғашқы кәсібін «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы арқылы өткен жылдан бастап әжетхана қағазын өндіруді қолға алған.

Әрине, дәретхана қағазын шығару аса бір жаңалық болмағанымен, жергілікті жерде бұл кәсіп түрі дамымағаны белгілі. Күнделікті өмірде есепсіз пайдаланатын тұрмыстық заттардың қай-қайсысы да сырттан тасымалданатыны бесенеден белгілі. Целлофан қалта, салфетка, дәретхана қағазы бәрі-бәрі. «Өзімізде қашан өндіреміз?» деген сауал жиі-жиі көтерілгенімен, іс жүзіне аса алмай келеді. Міне, енді бұл сауалдың да жауабы табылғандай. 
«Жаңақорған» деп аталатын бұл әжетхана қағаздарын Шолпан Жігерқызы аудандағы шағын және ірі сауда үйлеріне таратып отыр. Сұраныстың жоғары болуына сай цехта күніне 10 мыңнан аса қағаз өндіріліп, айына 1 млн теңгеден астам табыс табуда.

 Басты мақсатымыз нарық сұранысына жауап беру. Жәймендеп алға жылжу бар. Сан емес сапаға жұмыс жасаймыз. Мәселен, бізде шикізатты алар кезде қағаздың қатты немесе жұмсақтығына мән береміз. Сапасы бірінші кезекте, біздің өнім 2-ші класты өнім. Сапасы жақсы, жұмсақ, түсі ақ, ең бастысы тез жыртылмайды. Ал, бірінші класты түрі тек салфетка, үй жағдайындағы қағаздарға арналады. Алла қаласа, бұл өнімді де өнідіреміз, екінші мақсатымыз, макулатура шығару, − дейді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкердің кәсібі мемлекет тарапынан да қолдау табуда. Өндіріс аясын кеңейтуді көздеген ол қарамағына адам алып жұмыспен қамтуда.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында өткен жылдың қараша айында 2,5 пайыздық несие арқылы 4 млн қаржы алып, әжетхана қағазын өндіру кәсібін аштым. Қағаз шикізаты Шымкенттен келетін болса, сыртқы қабатын Алматыдан алдыртамыз, дизайны өзімізден. Қазір қарамағымда 3 жұмысшы бар. Бүгінде өзіме қолғанат болып, бұл кәсіпті балаларым табысты жүргізуде, – деді кәсіп иесі.

Жаны нәзік болса да, кез келген кәсіпке тәуекел жасап, істі бастай алатын Шолпан Сүлейменованың тірлігі көпке үлгі. Бір емес, төрт кәсіпті серік етіп, нәпақа тауып отырған жанның ісіне сүйсіндік. Берекелі бизнестің басын біріктірген Шолпан апайдың тауарына сұранысты артпаса кемімейді деп сенеміз.
 

Тағы да оқыңыз: