Kyzylorda-news.kz  Бүгінде қолөнер – тек қызығушылық емес, табыс көзіне айналған кәсіп түрі. Осындай істің қыр-сырын меңгеріп, бала күнгі қызығушылығын кәсібіне айналдырған жандардың бірі – Айдана Алмасбекқызы.

Ол гипспен жұмыс істеуді ерте жастан үйренген. Алғашында бұл жай ғана уақыт өткізудің бір жолы болған. Уақыт өте келе ол бұл істің үлкен мүмкіндікке айналатынын түсінген. Бүгінде Айдана түрлі безендірілген бұйымдар, тойбастар, қобдишалар, қыз-келіншектерге арналған әшекейлі заттар жасап, халық сұранысына ие.

Кәсіпкердің айтуынша, кәсіптің басталуы оңай болмаған. Алғашқы жасаған бұйымдары сапасыз шығып, кейде сынып, кейде дұрыс қатпай қалған. Бірақ ол қателіктен қорықпады. Керісінше, әр кемшілігін тәжірибе ретінде қабылдап, өзін-өзі жетілдіре түсті. Уақыт өте келе өлшем алуды, дұрыс қатынас сақтауды, сапалы өнім шығаруды толық меңгерді. Бүгінде оның жасаған бұйымдары ұқыптылығымен, әдемілігімен және беріктігімен ерекшеленген.

Бүгінде Айдананың кәсібі отбасылық іске айналған. Себебі Айдананың қолынан шыққан дүниелерді қайын атасы жинастырып, балалары сырлап, анасы (енесі) қаптап береді. Ал отағасы тапсырыстарды үйді-үйге дейін жеткізеді. Әр дүниені асықпай, жауапкершілікпен жасап, тапсырыс берушінің қалауын ескеруге тырысады. Сол себепті оның өнімдеріне деген сұраныс күннен-күнге артып келеді.

Алғашқы ірі тапсырыстың бірі – ұзату тойына арналған 250 дана сандықша (шкатулка) болды. Бұл жұмыс оның шыдамдылығы мен жауапкершілігін шыңдай түсті. Әрбір мүсіншенің сапасын бірдей етіп шығару, уақытында аяқтау үлкен еңбекті талап етті. Осы тапсырысты сәтті орындағаннан кейін Айдананың өзіне деген сенімі артып, тапсырыс саны да көбейе түсті.

Сырдариялық кәсіпкер бүгінде өзге аудандардан да тапсырыс қабылдай бастаған. Әлеуметтік желілерге жасаған бұйымдарын жариялап, жұмыс барысын бейнежазба арқылы көрсетіп отырады. Бұл оның еңбегін көпшілікке танытып, жаңа тұтынушылар табуына мүмкіндік беріп отыр.

Айдана әр тапсырыс берушінің талғамына мән береді. «Мен жасаған әр дүние тұтынушының көңілінен шығуы керек» дейді ол. Сол себепті ол түсіне, пішініне, ою-өрнегіне дейін алдын ала ақылдасып, асықпай, сапалы етіп дайындауға тырысады. Той иелері, мектеп оқушылары, шағын мерекелік кеш ұйымдастыратын жандар – бәрі де оның тұрақты тұтынушыларына айналған.

Айдананың алдағы жоспары да ауқымды. Ол кәсібін кеңейтіп, жаңа өнім түрлерін қосуды, шеберлік сабақтарын өткізуді, болашақта жеке шеберхана ашуды армандайды. Оның айтуынша, кәсіп бастаудағы басты мақсат - тек табыс табу емес, сүйікті ісің арқылы адамдарға қуаныш сыйлау.

Айдананың өмір жолы бүгінгі жастарға үлгі. Бала күнгі қарапайым қызығушылықты үздіксіз еңбек, ізденіс пен шыдамдылықтың арқасында табысты кәсіпке айналдыруға болатынын ол өз ісімен дәлелдеп келеді. Расында да, еңбек еткен адам ғана нәтижеге жетеді. Ал өз ісін сүйіп істеген жан үшін кез келген қиындық – жаңа белеске бастайтын баспалдақ қана.

                                      Аяжан Махамбетәлі,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4 курс студенті

Тағы да оқыңыз: