Kyzylorda-news.kz.   Шындығына келгенде, сәулет өнері заман талабына сай әркез өзгеріп отыратыны рас. Нарықтық кезеңде адамдар үй салудың өзіндік үлгісін қалыптастырғаны баршаға мәлім. Қазіргі таңда еуропалық бағытты ұстанатын көпшілік заман ағымына сай заманауи тұрғын үй салуды жөн деп санайды. Осы тұста, құрылыс материалдарын өндірушілер де тұтынушылардың талғамына сай өнім шығаруда. Мысалы, шіркейлілік кәсіпкер Пазылбек Әбішов аудан бойынша жаңа кәсіп түрін ашқан. Ол кез келген ғимараттың сыртқы қабатын қаптауға арналған панельдер шығаратын цех жұмысын іске қосқан.

    Былтыр жергілікті кәсіпкер Пазылбек Әбішов «Іскер» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 6 пайызбен 4 миллион теңге несие алған. «Бизнес бастау» жобасы аясында арнайы курстан өтіп, сертификат алған шіркейлілік азамат тың кәсіп ашуды жөн деп есептейді. Осы кәсіп жөнінде мәліметті қызығушылықпен іздеген Пазылбек Тынысбекұлы ғимараттың сыртқы қабатын қаптайтын панель шығару технологиясын Алматы қаласындағы цех мамандарынан меңгерген. Құрылыс материалын дайындауға қажетті аппарат құралын Алатау бөктерінен арнайы тапсырыспен алдыртады. Осы кезге  дейін жүк көлігімен тауар тасымалдаған тың кәсіп иесі тұрғындар арасында сұраныс артып келе жатқандығын айтып өтті.

    – Біраз жылдан бері жаңа тың кәсіп ашуды мақсат етіп, ойлап жүрген  едім. Бүгінгі күні тұрмыста қолданылатын қарапайым құрылыс заттарын пайдалана отырып, заманауи үлгідегі ғимараттың сыртқы қасбетін қаптауға арналған панельдер шығарудамыз. Алдағы уақыттарда тапсырыс көлемін үлкен көлемде арттырып, аудан аумағында халыққа сапалы қызмет көрсете бермекпіз. Негізі үйдің қасбетіне арналған панельдер тапсырыс берушінің талғамы бойынша түрлі түсті бояумен көмкеруге болады. Панельдің бағасы өлшеміне байланысты өзгеріп отырады. Расында, сапалы өнім шығару үшін төзімділігі берік құрылыс материалдары пайдаланылады. Жалпы, есеппен алғанда 12х12 өлшемді үйге тапсырыс беруші 300 мың теңге көлемінде қаражат жаратады. Үй сыртына жабыстыратын панельдің жарамдылық мерзімі 20-25 жылды құрайды. Ал бояуын 8 жылда бір рет өзгертіп отыруға болады, – дейді кәсіпкер.

    Цех иесі әзірше бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта панельдерді орналастыратын бірнеше ұста дайындап, қолға алуды жоспарлап отыр. Өндіріс көлемін көбейтіп, мол табысқа қол жеткізуді де жоспарда. Ол үшін мемлекеттік қолдау шараларына қатысуды жөн деп есептейді. Кәсіпкердің еңбегін жоғары бағалайтындардың саны өте көп. Мәселен, ауыл әкімі Т.Құламқадіров соңғы жылдары елді мекенде кәсіпкерлік саласы жақсы дамып келе жатқанын айтады.

    – Шіркейлілік кәсіпкер Пазылбек Әбішов «Іскер» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көріп, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Әрине, кәсіптің көзін тапқан жанның табысы еселене түсетіні баршаға мәлім. Жалпы, Шіркейлі ауылында «Микробизнес-Қызылорда бағдарламасы бойынша 2 ауыл тұрғынының жобасы құны 14,5 млн теңгеге қаржыландырылған болатын. «Ұлттық жоба» аясында жаңа бизнес идеялар конкурсы арқылы 1 азамат құны 1 млн 380 мың теңге ұтып алды. Ал «Кең дала» бағдарламасы аясында 2 адам құны 26 млн теңге алды. Жастарға арналған 2,2 пайыз несие бойынша 5 азамат құны 20 млн теңгеге құжаттарын тапсырып қаржысын күтуде. Сонымен қоса «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 15 жоба ұсынылып, олардың жалпы құны 43 млн теңгені құрап отыр. «Іскер» аграрлық несие корпорациясы бойынша 8 азамат құны 27 млн теңге көлемінде қаржы алды. Бұдан бөлек «Бизнес бастау» жобасы арқылы 34 азамат жеңімпаз болып, 41 млн 656 мың 800 теңге алды. Алдағы уақыттарда ауыл азаматтарының жеке кәсіп ашуына жағдай жасалып, нақты қолдаулар көрсетіле береді, – дейді Шіркейлі ауылының әкімі Талғат Құламқадіров.

Тағы да оқыңыз: