Kyzylorda-news.kz Арал ауданы әкімі Аманжол Оңғарбаев қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын аралау барысында, көп жылдардан құрылысы тұралап, келешегі күмәнге айнала бастаған ауқымды жоба «Qazaq Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауытын салу» жобасымен танысты.
Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында «Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазір дүние жүзінде инвестицияға талас күшейіп барады. Жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет» деген болатын.
Аудан экономикасын көтеруге тиіс, кезекті ауқымды жоба саналатын түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару жобасы сәтті жүзеге асуда. Аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың тікелей қолдауымен көп жылдардан тоқтап қалған іске қайта жан бітті.
Арал ауданы Қызылорда облысы бойынша түйе малын көп ұстайтын бірегей аудан. Қазірдің өзінде ауданда 37 мың бас түйе малы тіркелген.
Сондықтан да өндірісті осы өңірде іске қосуды жоспарлаған жауапты мекеме жұмысты қайта қолға алып, аталған істі жыл соңына дейін жүзеге асыруға ниетті.
Қазіргі таңда «Qazaq Camel» ЖШС Қытай елінен арнайы мамандар алдырып, өнім өндіретін құрылғыларды орналастыру жұмыстарын жүргізбек. Бұған дейін тұрғызылған негізгі ғимарат жанынан қосымша сүтті кептіру орны салыну үстінде. Биіктігі 7 қабатты үйдің деңгейіндей болатын ғимаратта түйе сүтінен дайындалған ұнтақ өнімді арнайы құрылғылардың көмегімен кептіру жұмыстары жүргізілетін болады.
Негізгі құрылыс құны 3,5 млрд теңге болатын бұл зауыт күніне 20 мың литр түйе сүтін өңдеуге қауқарлы. Зауыт іске қосылғанда шиікзатты ауылдардан арнайы техниканың көмегімен алдырып, арнайы ыдысқа жинау жұмыстары жүргізіледі. Осы арқылы түйе малын ұстайтын шаруалардан сүт қабылдау жұмыстары жан-жақты жүргізілетін болады.
Фото: Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі