Kyzylorda-news.kz Бүгінде «Ауылда істейтін жұмыс жоқ, не ашатын кәсіп түрі жоқ» деп қалаға қарай қашатын жастарымыз көп-ақ. Дегенмен бұл пікірмен келіспей, аядай ғана ауылда мал бағып, тіршілігін дөңгелетіп, жастарға үлгі болып отырған жандар жетерлік. Солардың бірі – Рахима Жақсымова. 25 жылдан бері ата кәсіпті үзбей, төрт түліктің төресін бағып, төл сусыннан табыс тауып отырған Ойнаровтар шаңырағына Жалағаш ауданына қарасты Аққыр елді мекеніне жасаған сапарымызда аялдадық. 

Амандық саулық сұрасып, келген жөнімізді айтып тұрғанда қора жақтан енесіне боздаған ботаның дауысы естілді. «Түйе сауатын уақыт болды дер кезінде келдіңдер» деп қолына шелегін алған Рахима апа немерелерін ертіп, қораға қарай бет алды. Бізде түйені қалай сауатынын көргіміз келіп, артынан ере кеттік. Халыққа ұлттық сусынды ұсынып жүрген кейіпкеріміз шаруаға ширақ жан екенін бірден аңғартты. Қораға кіргеннен түйеге қарай ботасын жіберген кейіпкеріміз түйенің артқы аяғын байлап, сүтін сызылдатып сауған күйі әңгімесін бастады.

– Иә, мал шаруашылығы қазақтың қанында бар, жанымызға жақын кәсіп түрі ғой. Жалпы түйенің пайдасы өте көп. Бір ғана сусыны мың түрлі ауруға ем. Аудан орталығынан алыс орналасқан ауылда тұрсақ та шұбатты сату жағынан еш қиындық жоқ. Көршілес ауылдардан, аудан тұрғындарынан да жиі тапсырыс түседі. Одан бөлек, шұбатым облысқа дейін барып, әсіресе биыл Алматы, Ақтөбе қалаларына арнайы тапсырыспен бірнеше рет жібердім. Кейде ауыл тұрғындарынан артылмай қалады. Тұтынушылар көбіне той-томалақтарға, емге алдын-ала тапсырыс беріп қояды, – дейді Рахима Тәуекелқызы. 

Оның айтуынша, түйенің басқа малдардан ерекшелігі, асып бара жатқан бейнетінің жоқтығында. Жолдасы мен баласы түйелердің жем-шөбін беріп, қарайласса, өзі шұбат сатып, қосымша табыс тауып отыр. Атасы негізін қалап кеткен кәсіпті бүгінде жолдасы жалғап отырғанын айтқан кейіпкеріміз, келекшекте ұлыныңмемлекеттен қолдау берілсе, кәсіптерінің көкжиегін кеңейтсем деген үлкен жоспары барымен бөлісті. Келініне түйе сауып, шұбат ашытудың қыр-сырын үйретіп, шаруаға баулудан жалықпаған Рахима апа, кәсібін жүргізуде жалғыз емес, ол үнемі қолғабыс етер отбасының барымен мақтанады.

Қазір ғана 2 түйені сауып болған кейіпкеріміздің айтуынша, бұдан бөлек олардың өрісте жайылып жүрген сегіз түйелері бар. 2 түйені үш мезгіл сауып, одан күніге 10 литрдей өнім алып отырған ол, 10 түйені сауғанда тәулігіне 40 литрден жоғары өнім алатынын айтады. Бүгінде ол шұбаттан бөлек, қолдан құрт жасап та са-тады. Айтуынша, табиғи таза өнім болғандықтан арнайылап алдын ала тапсырыс беріп қоюшылары көп.

– Ертеректе шұбатты торсықта немесе ағаш күбіде ашытқан. Шұбатқа арналған торсықты түйе мойнағынан жасайды. Шұбат ашығаннан кейін оны адамға ұсынар алдында шайқап, көпіршігін жақсылап араластырып береді. Бұл түлік суды аз ішетіндіктен сүті майлы болып келеді. Шұбаттың құрамында май, әртүрлі витаминдер өте көп. Сондықтан оны халық көбіне емдік мақсатта ішеді. Жасы ұлғайған қарттар, қандай да бір сырқат түрімен ауырған науқастар шұбатты ішкеннен кейін ұйқысы жақсарып, сергіп, ақырындап науқасынан айығады, – дейді кейіпкеріміз. 

Айта кетейік, Рахима апа өнімдерін сатып қана қоймай, дертіне шипа іздеген науқастарды тегін шұбатпен қамтамасыз етіп, алғысына бөленіп жүрген мейірімді жан.

«Арнайылап ауылға ат басын бұрып келген екенсіңдер, үйге кіріндер» деп төрін ұсынған Рахима апаның шұбатынан дәм тату бізге де бұйырды.Иә, кейіпкеріміздің шұбаты жұрт мақтағандай-ақ ерекше, қою екен. 

Төрт түліктен табыс тауып отырған Ойнаровтар отбасы бүгінде істің қиюын келтіріп жүргеніне сүйсініп, кәсіптеріне береке тілеп қоштасқалы тұрғанымызда, «үйіме құтты қонақ келіп қалды, 5 литр шұбат бар ма?» деп ентігін баса алмай асығып келген ауыл тұрғынымен кездесіп қалдық. 

Рахима апа тұтынушы сұраған шұбатын дайындап бергенше ауыл тұрғынын әңгімеге тарттық. 

– Өздеріңіз білетіндей, шұбат бойға қуат, дертке дауа. Мен Рахиманың тұрақты тұтынушыларының бірімін. Өзімнің және отбасымның саулығы үшін, жиі шұбат алып тұрамын. Рахиманың шұбатының дәмі тіл үйіреді. Шөлімізді басып қана қоймай, біраз ауруға ем ретінде де қолданамыз. Ал қазір үйіме алыстан жақын туыстарым келіп қалды. Қаланың тұрғындарына ауылдың табиғи өнімінен дәм таттырайын деген оймен осында жүгіріп келдім. Үйімізге қандай қонақ келсе де, дастарханымызда міндетті түрде Рахиманың шұбаты тұрады, – дейді ауыл тұрғыны Қамар Тоқсанова.

Ата кәсіпті алға қарай жылжытып, түйе байлап, шұбат баптаған бұл отбасының күнделікті тіршілігі осындай. Ауыл тұрғындарының бірі дертіне шипа тауып, алғысын жаудырса, енді бірі қаладан келген қонаққа ауыл өнімін мақтанышпен ұсынып, бір марқайып қалады. Бүгін сапарымызда ауылдың табиғи өнімінің дәмін татып, ауыл тұрғындарының кәсіп тынысымен танысып қайттық.

 

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Тағы да оқыңыз: