Kyzylorda-news.kz Қала тұрғыны Қалдыгүл Жәмиева тоқыма өнерін бала күнінен бойына сіңірген. Заманауи сән түрін меңгеріп, бүгінде өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкер. Түрлі түсті тоқылған аяқкиім, моншақтап тізбектелген сөмке көздің жауын алады. Жаны әсемдікке құмар нәзік жандардың арасында бұл қолөнер сұранысқа ие.
– Тоқыма тоқуды қайдан үйрендіңіз?
– Бұл кәсіп анамыздан дарыған. Ісмер шешем көктемде қырқылған қойдың жүнін жуып, ұршық иіріп, бізге шұлық тоқып беретін. Отбасымызда 5 қыз бірге өсіп, ойын баласы болсақ та киіз басып қолөнерді меңгеріп өстік. Бесінші сыныптан бастап жіп пен білтегешті қолымызға алып, өз шұлығымызды тоқып үйрендік. Төрт жыл бұрын анам төсек тартып жатып қалды. Жұмыстан шығып, анама қарайластым. Үйде отырған соң жан-жақты ізденіп, өзімді дамыта бастадым. Қолөнерге келмес бұрын құрақ құрадым. Кейін әлеуметтік желіден тоқыма өнерінің заманауи түрлерін байқап, өзіме таныс тоқыма өнерін қолға ала бастадым. Тоқыма үйрететін курстардан білімімді жетілдіріп, қолөнердің жаңаша әдіс-тәсілдерін үйрендім.
– Тұтынушылар арасында сұраныс қалай артты?
– Азын-аулақ ақшамен Алматыдан бес дана аяқкиім табанын алдырып, тоқымашылықты бастадым. Бұл кәсіпті қолға алғанымды естіген анам «сенің алғашқы тұтынушың мен болайын» – деп, тапсырыс берді. Осылайша тоқымашылықтағы алғашқы ұстазым да, тұтынушым да – анам. Аяқкиім ғана емес, жаңа курстар оқып, сөмке, күртеше, қалпақ, телпек тоқи бастадым. Жақындарым әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, таныс-тамырына айтып, мейрам, туған күндерде тапсырыс беріп қолөнеріме өзгелердің де қызығушылығы артты. Аяқкиім әрлеуіне, жіптің сапасына қарай 5000-15000 теңге арасындағы бағаны құрайды. Тұтынушы үшін де тиімді баға деп ойлаймын.
– Тоқыманы алғаш рет үйренетін жан үшін нені білуі керек?
– Әрбір жанға жаңа істі үйрену үшін әуелі ниет керек. Сосын біз, ілмек пен иірілген жіп керек. Тоқу біздері түзу, екі жағы немесе бір жағы ғана үшкір және айналдыра тоқу үшін иілме болып келеді. Тігіссіз бұйым тоқу үшін иілме біз немесе үш, төрт, бес инелі біз пайдаланылады. Иілмелі сымды айналдыра тоқиды. Бітеу етіп тек оң жағынан бес бізді сымды пайдаланып тоқиды. Бұл құрал мен тігіс түрі күрделі емес базалық тоқу түрлеріне жатады. Тоқуға деген қызығушылық оянса, «youtube» арнасынан көріп те қайталап үйренуге болады.
– Тұтынушы қатарын аттырудың тиімді жолы – әлеуметтік желіде белсенді болу. Желіде қаншалықты белсендісіз?
– Әрбір істеген жұмысымды, тоқыған қолөнерімді әлеуметтік желіге жүктеп отырамын. Тек қана қала емес, басқа өңір, аудан-ауылдардан тапсырыс түсіп жатады. Үлкен өлшемдегі аяқкиіммен қатар кішкентай сәби байпағын да тоқимын. Сондықтан әлеуметтік желіден көрген оқырман көздің жауын алар сәби шұлығына да тапсырыс береді. Бұл кәсіпке қызығушылық танытып, оқытқан шәкірттерім де баршылық. Сондай-ақ тоқымашылар арасында өз тобымыз бар. Бір-бірімізбен тығыз байланыстамыз. Алдағы уақытта әлеуметтік саладағы арнайы жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз грант секілді мемлекет тарапынан қаржылай қолдау болса, кәсібімді одан әрі кеңейтер едім.
Р.S. Бүгінде қазақтың қолөнер мұрасы – тоқымашылық өнерін өрге сүйреп, кәсібін заманауи үлгіде дөңгелетіп отырған ісмер Қалдыгүл Жәмиева ұмыт болған өнерді қайта жаңғыртып, еңбегінің жемісін көруде.