Kyzylorda-news.kz Еуропалық әрі заманауи үлгіде жасалған қоршаулар бүгінде жоғары сұранысқа ие. Жергілікті тұрғындар да аулаларын еуро қоршаулармен қоршауға ерекше мән беруде. Тереңөзек кентінің тұрғыны Шакизат Байділдаев осы бағытта жаңа кәсіп түрін игеріп, жеке бизнесін дамытып келеді. Жас кәсіпкер өз қаражаты есебінен тың жобаны іске қосып, кәсібіне серпін берді.
Осы бағытта Тереңөзек кентінің тұрғыны Шакизат Байділдаев жаңа кәсіп түрін игеріп, өз ісін табысты жүргізіп келеді. Жас кәсіпкер еуро қоршаулар өндірісін жолға қойып, бүгінде төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіп иесі тек Тереңөзек кентінің ғана емес, көршілес Жалағаш ауданы тұрғындарының да сұранысын қанағаттандыруда. Қоршау дайындауға қажетті негізгі шикізат Ақтөбе және Шымкент қалаларынан жеткізіледі. Ал арнайы химиялық қоспаларды пайдалану арқылы бетон қоршаулардың бірнеше түрі әзірленеді.
Өндіріс барысында бірнеше заманауи аппарат қолданылып, нәтижесінде сапалы әрі 20 жылға дейін жарамды еуро қоршаулар дайындалады.
– Күн сайын технология дамыған сайын қоғам өмірінде елеулі өзгерістер орын алуда. Осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғындар аулаларына түрлі қоршаулар орната бастады. Ал бүгінгі таңда заман талабына сай, сәнді әрі сапалы қоршауларға сұраныс артты. Тұрғындар ауласының көркем әрі жинақы болғанына ерекше мән береді. Біз де осы бағытта кәсіп ашып, жұмысымызды жолға қойдық. Осылайша, біз еуро қоршаулар өндірісіне ден қойып, жеке кәсіпті дамытып келеміз.
Кәсіпті алғаш бастаған кезде қажетті құрылғыларды сатып алуға 3–4 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Қазіргі таңда бетон қоршаудың нарықтағы бағасы бір панель үшін шамамен 26 мың теңгені құрайды. Ал ұзындығы 25 метр болатын, биіктігі 2 метр еуро қоршауды орнату құны 300 мың теңгеден жоғары бағаланады. Бұл бағаға қоршауды жеткізу мен аулаға орнату қызметі де кіреді.
Айта кетейік, еуро қоршау жасатуға ниетті тұрғындарға арнайы жеңілдіктер де қарастырып келеміз, – дейді жас кәсіпкер.
