Қазір кәсіпкерлік саласы жылдан жылға дамып келеді. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен әркім өзіне қолайлы кәсіппен айналысуға мүмкіндік бар. Ол үшін ізденіп адамдардың сұранысына қарай бейімделіп, кәсіп қылсаң болғаны. Қала тұрғыны Айбархан Тойманов

2015 жылдан бері жеке кәсіппен айналысып келеді. Осы уақыт арасында ол тұрақты және табысты бизнестің негізін қалауға қол жеткізді.  Бүгінде кәсіпкердің металл бұйым жасайтын өндірістік цехы бар.

– Тауар түрін кеңейту, нарықта бәсекелестерден ат оздыру мақсатында мен мемлекеттің қолдауына жүгіндім. Ол үшін «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында «Қазақстан халық банкінен» жеңіл несие алдым. Қаражат металл кесетін талшықты-оптикалы лазер станок сатып алуға жұмсалды. Облыс тұрғындары үшін металл профильді есіктер, тент, қалқа, торлы дәнекерленген қоршау сияқты сан алуан тауар шығаруға мүмкіндігіміз бар. Қазір цехта 15 адам жұмыс істейді. Өнімге сұраныс күн санап артып келеді, тек жеке адамдар ғана емес, түрлі кәсіпорын мен мекемелер де тапсырыс береді. Тіпті алыс ауылдардан арнайы келіп цехтың қызметіне жүгінетіндер бар, – дейді кейіпкеріміз.

Дәнекерлеу цехының бір артықшылығы – заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған болса, екінші ерекшелігі – өндірген өнімдері  нарықтан төмен бағада. Кәсіпкер тауар бағасын халыққа қолжетімді етуге тырысады.

– Мамандығым дәнекерлеуші. Осы салада 10 жылдан астам жұмыс істеп келемін. Металды лазермен кесуді қолдану металл өңдеудің ең жоғары технологиясы және заманауи әдісі деуге болады. Қазір металл бұйымына сұраныс өте жоғары. Көптеген тұтынушы сәнді металл қақпаларға, өрнектелген әткеншектерге тапсырыс береді. Айына 20-25 қақпаға дейін шығарамыз, – дейді кәсіпорын дәнекерлеушісі Айбархан Тойманов.

Шынында цех алаңында жұмыс қызып жатыр. Ыстық күнде темір дәнекерлеу оңай емес. Бірақ азаннан кешке дейін бұл жерде жұмыс толастамайтынын көрдік. Темірден түйін түйген жігіттер тапсырысты мезгілінде орындау үшін бел жазбай еңбек етуде. Ел қажетін өтеп жатқан алтын қолды жігіттерге риза болдық. Олар тауып жатқан табыстарына да риза. «Адал еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген осы.

Тағы да оқыңыз: