Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау болатынын жиі айтып келеді. Соның ішінде алдағы орта және шағын бизнес өкілдеріне "Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға ие болатын жобаларды іріктеу ашық өтуге тиіс. Жобаның нақты әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеру қажет. Осы орайда, Үкіметке депутаттармен бірлесіп, орта бизнесті дамытудың тың тәсілдерін әзірлеуді тапсырамын. Өйткені, орта бизнес ел экономикасын дамыту ісінде басты рөл атқарады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады" деген еді. Бұл кәсіп иелерін де жаңашылдыққа, тың жұмыс бастамаларды қолға алуға қозғау болды, жол ашты.
Мұны көз көріп келеді. Осыған дейін алып-сатарды кәсіпкер еттік деп талай мәрте осы сала өкілдерін сынға алып келсек, соңғы жылдары өнім өндірушілердің қатары еселеп артып келеді. Осының өзі жоғарыда айтқан сөзімізге анық дәлел. Солардың бірі қазіргі таңда тұтынушылға өз өнімін ұсынып отырған кәсіп иелерінің бірі – Марат Тұрсын. Ол бүгінде тұрмысқа қажетті сұйық сабын шығарумен айналысып отыр.
"Киім, ыдыс-аяқ, өзге де жууға қажетті бұл затты жасау асқан қиындық тудырмайды екен" деген жерлесіміз әлеуметтік желілілердің бірінен осындай дүние дайындаудың жолын көріп қолға алуды ойлайды. Ойға алған дүниесін ақиқатқа айналдыруды көздеген ол арнайы құрылғыларды іздестіріп, сол орталықтан қолдану жолын да үйреніп келеді. Бұл осыдан 1 жыл ерте уақыт болатын.
Кейін өз қаражаты есебінен сұйық сабынды дайындап шығарған ол алғашқы тапсырыстарын да қабылдай бастайды.
– Бұрын да жеке кәсіпкер ретінде аудан бюджетінің артуына үлес қосқан едім. Алайда өнім шығарып көрмегендіктен "әлде қалай болады екен?" деген күдік болғаны рас. Бірақ "көз – қорқақ, қол – батыр" деген тәмсілдің растығына көзім жетті. Өздеріңіз байқайтын шығарсыздар. Қарапайым қол жуатын сұйық сабындардан бастап, өзге де кір жуу ұнтақтары, басқа да тазалыққа, санитарлық талапқа қажетті өнімдер іздей қалсаңыздар, сауда сөрелерінде өзге елдің құралдары қаптап тұрады. Осындай импорттарға қаншама қаражатымыз кетіп жатқанын есептеп жатқан біз жоқ. Ал неге солардың орнында өзіміздің өнім тұрмасқа? Қолдан келмейтіндей аса қиын нәрсе емес. Тәуекел етіп көрдім, – дейді Марат.
Күдікпен басталған кәсіп өз жемісін көп күттірмеді. Бірінен бірі естіп, "Аралдан сусабын шығады" дегенді естіген халық алғашында қызығушылықпен сатып алады. Бұл істің басы ғана болатын. Кез келген бастаманың жалғасын табуы оның сапасына тікелей қатысты емес пе?! "Таза Арал" брендімен жарыққа шыққан бұл жуу құрылы да өз сапасымен жұртшылықты тарта білді. Осылайша тапсыр көлемі де арта бастады. Бүгінде Аралдағы сауда орталықтарынан бөлек Қамыстыбас, Аралқұм ауылдарында сатылып жатқан жергілікті өнім тек аудан көлемінде ғана таратылып қоймайды. Көршілес Қазалы ауданы мен Байқоңырда, тіпті Ақтөбеден де "Таза Аралды" табу қиын емес.
Берекетті бастаманың иесіне брендттің бәсін арттыру үшін бұл жұмыстар да жеткіліксіздеу болды. Негізгі қоспаларының бірі – тұз. Кәдімгі йодталған тұз. Оны "Аралтұздан" алдырып отырмын. Бірақ шикізаттың барлығы өзімізден табылмағандықтан Алматы, Шымкент қалаларынан алдыруға тура келеді. Ол үшін де қолдау керегін бәріміз түсініп отырған шығармыз.
Осы тұста Марат Тұрсын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал аудандық филиалына хабарласып, өз өнімі жайында айтады. Сапалы әрі сұраныстағы сұйық сабынды көрген олар бірден қолдауға дайын екендіктерін айтып, кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы қайтарымсыз грант конкурсына бизнес-жоспарын ұсынуға кеңес береді. Соның нәтижесінде осы уақытта шикізаттар мен арнайы қораптарды алдырып, тұрғындар талабына сай жұмыс жасауды көздеген кәсіпкер:
– Қолдау әрбір адамды қанаттандырады ғой. Аз-кем қиындықтарды еңсеруге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының көмегі көп болды. Әуелі Алла, содан кейін осы қолдаудың арқасында 5 баламның несібіне жұмысым алға басып келеді, – деп ризашылығын білдірді.
Бүгінде өз өнімін 0,5 литр және 5 литрлік сыйымдылықтағы қораптармен шұғарыпорынтағн жерлесіміздің алдағы жоспары да ауқымды. Ол жағын уақыт еншісіне қалдырайық. Алайда ауқымы кеңейіп, кәсібі өрге дөңгелесе жақсы жаңалықты халыққа жеткізуден қашпаймыз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ