Kyzylorda-news.kz Кәсіппен айналысу – әл-ауқатыңды жақсарту деген сөз. Мемлекетіміздің осы саланы дамытуға ерекше екпін түсіруі де сондықтан. Елде кәсіп жасаушы азаматтардың көбейгені мемлекет үшін де, халық үшін де пайдалы. Осы ретте кәсіп жасаймын деген азаматтарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар да көптеп қабылданып жатыр.

Бұрынғыдай жөн-жосықсыз тексерулерге тыйым салынды, әкімшілік кедергілер азайды, салық ауыртпалығы қысқарды. Кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген несие түрлері көбейді. Бірақ, мемлекет осындай қолдау көрсетіп отырған уақытта кәсіпкерлеріміз де жан-жағына, елге зиянын тигізбеуі жағын да ойлауы тиіс. Себебі, осыған дейін Жосалы кентіндегі барлық кәсіпкерлерге меншігіндегі кәсіптік ғимараттарының сыртқы келбетін талапқа сәйкестендіруді және маңайына тазалық жұмыстарын жасап, көркейтіп, көгалдандыруды бірнеше рет жазбаша ескеру беріліп келді. Десе де бұл ескерту ескерусіз қалып, халық ортақ пайдаланатын орындар мен кәсіптік нысан меншігіне тиесілі аумақтар тұрмыстық қалдықтармен ластануда. Осыған сәйкес, кеше Жосалы кенті әкімінің міндетін атқарушы Алмасхан Досмуратов, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Біржан Өмірзақов учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, кент орталығындағы кәсіптік нысандарды аралады. 

Нәтижесінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 434-2-бабына сәйкес ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлердi ластап, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастаған екі кәсіптік нысанның егесі бір жылда аталған құқық бұзушылықты қайталағаны үшін 36920 теңгеден, үш кәсіптік нысанның егесіне 18460 теңгеден айыппұл салынды. Сонымен қатар, осы Кодекстің 505-бабы бойынша, яғни елдi мекеннің аумағын абаттандыру қағидаларын бұзып, елді мекен инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіргені үшін кәсіптік нысан егелеріне ескерту берілді. Аралау барысында анықталған құқық бұзушылықтарды 26 сәуірге дейін қалпына келтіру жөнінде барлық кәсіптік нысанның егелеріне уақыт берілді. Кәсіпкерлік бөлімнің талап ететіні тек қана кәсіптік нысанының сыртқы келбетін, жан-жағын жөндеп, маңайын таза ұстаса, көркейтіп көгалдандыру деген ұсынысы бар. Бұл көп қаржыны қажет етпейтін, қолдан келетін жұмыстар. «Жақсылық қылсаң бүтін қыл» дегендей халық игілігі жолында жасап жатқан кәсіптік нысадар осыны қаперде ұстаса деген талап-тілектерін жеткізді.

 

 

Тағы да оқыңыз: