Kyzylorda-news.kz Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Айдана Қалиева – жас кәсіпкер. Ол ауданда кәсіпкерлік бойынша тың жобаны қолға алды. Өткен жылы жаңа бизнес-идеясын бастау үшін конкурсқа құжатын дайындап, грантқа қол жеткізді. Айдананың әзірлеген бизнес-жоспары Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан қолдау тауып, мемлекеттік грант негізінде 5 млн теңге қайтарымсыз қаржыға ие болды. Оның негізгі бастамасы – бір реттік қолданатын бахила өндірісі. Ауылдан жалға алған ғимараттың ішінде шағын кәсібін дөңгелетіп отырған жас кәсіпкер басқа да жобаны іске асыруды мақсат етіп отыр.
– Мемлекет тарапынан жаңа идеяларға әрдайым қолдау білдірілетіндіктен, көптен бері ойымда жүрген бахила өндіретін цех ашуды жоспарладым. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына барып, бизнес-жоспарымды айтып, мамандар тарапынан қолдау алып, құжат әзірлеуге кірісіп кеттім. Бұл өндіріс цехы облыста жоқ тың идея болғандықтан, инновациялық жобаның құжаттарын әзірлеу де біраз уақыт алды. Облыс аумағынан өтінім бергендердің арасынан жобам жеңімпаз деп танылып, осылайша мемлекеттік грант иегері атандым. Қазіргі уақытта Нағи Ілиясов ауылында мәдениет үйі ғимаратынан бір бөлме жалға алып, осында құрылғымды орнаттым, – дейді жас кәсіпкер Айдана Қалиева.
Иә, бахила шын мәнінде көптеген мекемелерде, әсіресе емханада гигиена мен тазалықты сақтау үшін таптырмас зат. Аяқ киімнің сыртынан киілетін бахила айналаны шаңмен ластамауға немесе керісінше аяқ киімді сыртқы ластанудан қорғауға өте қолайлы. Бахила тазалықты және санитарияны сақтауды аса қажет ететін мекемелерде кеңінен қолданылады. Әсіресе, медициналық мекемелерде, салондарда, шаштаразда келушіге ыңғайлы жағдай жасау үшін бір рет пайдаланылатынын көріп жүрміз. Сондықтан бахилаға деген сұраныс күн сайын артпаса, кемімейтінін зерттеп, білген кәсіпкер өз идеясын іске асыруға батыл кірісіп, өз бизнесін жасауға мемлекеттен грант ұтып алды.
Айдана Маратқызы бахила шығаратын арнайы құрылғыны Қытайдан алдырған. Бұл құрылғы зауыттан 380 В-пен жұмыс жасайтын болып шығатындықтан, оны 220 В-қа қайта жасауға тапсырыс берген. Зауыт тапсырысты орындап берген. Минутына 200 дана шығаратын жаңа құрылғының салмағы 600 келі. Мемлекеттен берілген грантты құрылғыны сатып алуға жұмсаса, қосымша өз қаржатына өндіріске қажетті полиэтилен пакеті, резеңке мен қаптама пакетін, яғни шикізат сатып алған. Бүгінде бахила өндірісін бастап кеткен кәсіпкер 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. 1000 данадан жоғары тапсырыс қабылдайтын кәсіпкердің өз тұтынушылары бар. Әсіресе медициналық мекемелер, балабақшалар, мектеп интернаты секілді мекемелерге тендер жеңімпазы ретінде өзі тапсырысты орындап береді. Тиімді әрі табыс әкелетін өндірісті жолға қойған кәсіпкер қызметін көрші облыстарға да ұсынады. Шағын цех иесі еліміздің облыс, аудан, ауылдарынан түскен тапсырысты уақытылы орындап, жөнелтіп отыр.
«АҚЖОЛ» жеке кәсіпкерліктің иесі Айдана Қалиева – қос жоғарғы білімі бар жас. Журналист әрі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Т.Айтбаев атындағы №132 орта мектепте зертханашы болып жұмыс істейді. Қосымша табыс көзін тапқан жас кәсіпкердің бос уақыты жоқ. Қолы қалт еткенде өндіріс басына барып, жұмысты өзі жүргізсе, алдағы уақытта іске асыратын жаңа идеяның құжаттарын әзірлеуге байланысты іссапарларға көп шығады.
– Қазір екі қолды қусырып отыратын заман емес. Мамандығым бойынша жұмыс табылмағандықтан, кәсіпкерлікке ден қойдым. Қазір бір кәсіппен отыруды жөн көрмедім. Ауылда тұрғындардың сұранысы бойынша дәріхана ашуды қолға алдым. Дәріхана ашу оңай емес екен. Ізденістің арқасында алдымен жауапкершілігі шектеулі серіктестік құруым керек болды. Сондықтан «АААА GROUP» ЖШС-ін құрдым, серіктестік негізінде фармацевтикалық білімі бар маманды жұмысқа қабылдадым. Серіктестік атауына келсек, екі баламның есімі А әрпінен басталады, ал кейінгі екеуі өзімнің есімім мен өмірден ерте озып кеткен бауырым Айбектің құрметіне алынған. Яғни, Ақжол, Аяулым, Айдана, Айбек тобы дегенді білдіреді. Енді аз күнде ауылдан жаңадан ашылатын дәріхананы қызым Аяулымның атымен «AYAUMEDFARM» деп атадым, – дейді Айдана Маратқызы.
Қос бірдей кәсіпкерлік саланы қолға алған жас кәсіпкер жоғарыда айтылғандай екі баланың анасы. Оның бастамаларын қолдап отырған ата-анасы мен екі бірдей бауыры бар. Балаларының болашағы үшін бірнеше кәсіпті қолға алған Айдана жақында аудан әкімінің қолдауымен ауданның «Үздік жас кәсіпкер» номинациясын жеңіп алды. Бұл ауданда кәсіпкерлік бағытты қолға алған жастарды қолдауға берілген марапат. Сондықтан мемлекет тарапынан тың идеяларды жүзеге асыруды мақсат еткен кәсіпкерлер әрдайым қолдау тауып, қайтарымсыз грантқа қол жеткізетіні айқын.
Республикаға танылған гүлденген Нағи Ілиясов ауылында алғаш болып қос кәсіпті бастаған Айдананың дәріханасы алдағы уақытта ауыл тұрғындары үшін қызметін көрсететін болса, бахила өндірісі елдің әрбір түкпіріне, тіпті шетелге жететініне сенімдіміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ