Kyzylorda-news.kz Ауданымыздың аумағында орналасқан әрбір ауылдың ел ауызында жүретін өзіндік бренді қалыптасқан. Анықтап айтқанда, Айдарлының тарысы секілді іңкәрдариялықтардың қауын құрты мен қауын ішегі әлі күнге дейін сұранысқа ие. Кейіпкеріміз Сәрсенкүл Салықбаева қыз бұрымы секілді қаз-қатар өрілген ерекше дәмді дайындап, ел алғысын арқалап жүрген жан.
Осы жылы 71 жасқа келетін ардақты ана 25 жылдан бері қауын құрт пен қауын ішек жасап келеді. Дәмі тіл үйіретін айрықша әрі ерекше өнімді дайындаудың өзіндік әдіс-тәсілі бар. Бізбен әңгіме барысында Сәрсенкүл апа қауын құрттың жасалуының қыр-сырымен бөлісіп, айтып берген еді.
– «Ысырапшылдық ырысты кемітеді» демекші, қазақ қоғамында ысырапшылдыққа еш уақытта жол берілмеген. Ауыл адамы қай кезде де қолда барды жаратып, қамбаға түскен өнімді кәдеге жаратуға тырысады. Бұл тұста, іңкәрдариялықтар жаз бойы егістік басынан табылып, қауын-қарбыз егуді әдетке айналдырған. Диқаншылық кәсіппен айналысатын балаларымның еңбегін еш кетірмеу мақсатында сатылымнан артылған өнімнен қауын құрт пен қауын ішек жасағанды жөн көремін. Ең бірінші, қауын құрттың әзірленуін айтып өтсем. Шырыны жақсы қауыннан, яғни әңгелек немесе әміреден қауынқұрт дайындалады. Қауынды арнайы тіліктеп, үлкен қазанға салып қайнатамыз. Оның қайнатылуына бір күн уақыт кетеді. Үнемі қазанды араластырып отырмаса, түбі жабысып қалуы мүмкін. Оттың қызуына мән берілмесе қауынның қарайып кетуі де ықтимал. Суы тартылып, қоюланған тұста қазанға талқан салынады. Талқанды былғап отырып, түйір болмас үшін қауынның бойына сіңіреміз. Түнде қазаннан түскен шырышты өнімге таңертеңгілік суы сарқылған құртты қосамыз. Қоңыр түске енген қауынға құрт араласқан сәтте бозарады, сосын сары түске айналады. 3-4 күн кептірілген қауын құрт дайын ас болып шыға келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі таңда 4 ұл мен 1 қыздан 16 немере сүйіп отырған ардақты әже қауын құртты дәмді етудің жолын өзінің анасынан үйренген екен. Өзі шаруа отбасынан шыққан жан. Осыдан тура 16 жыл бұрын бақилыққа аттанған Құдай қосқан жолдасы Мергенбай балалардың ала жаздай еккен өнімін үйлестіру үшін үнемі жарына қолғабыс ететін. Қазіргі кезде бар білгенін қызы мен келіндеріне үйрететін Сәрсен апаның қолынан шыққан қауын ішектің дайындалуы мүлдем бөлек, өзгеше.
– Біздің жасайтын өніміміз жұмсақ қауыннан шықпайды. Оған қатты болып пісетін торлама қауын қажет. Торлама қауынды екі жағынан кесіп алған ыңғайлырақ. Дөңгелектеп кесілген қауын дәнінен ажыратылады. Қабығынан аршылған қауын қаз-қатар бақанға кигізіле береді. 3-4 күнде кепкен қауын ішекті қарбыздың суымен жуамыз. Суы сарқылып, шірештеген қауын ішекті қыз бұрымындай өреміз. Әбден кеуіп, бабына келген оны арнайы ыдыста сақтаймыз, – дейді ақылман қария.
Шынында, ауыл адамының татқан бейнеті қашанда өлшеусіз екені анық. Жылдар зымырап өтсе де, күнделікті тіршіліктен айнымайтын олардың қазаны оттан түспеген. Сәрсен апаның қауын құрты мен қауын ішегі жұртшылық арасында өтімді. Қос өнімнің нарықтағы бағасы 3500 теңгені құрайды. Аттай қалап алдыртатын ағайынның арасында қос өнімнің бағасы құнды. Шыбын-шіркейге қалдырмай, жаз бойы қауын-қарбыздан дайын өнімді жасап шығаратын қазыналы қариямыздың еңбегі зор.