Kyzylorda-news.kz  Кәсібі бардың – нәсібі бар. деген тәмсіл бар «Еңбек түбі – береке» деп, кәсіптен нәсіп таппақ болғандарға қазіргі таңда мемлекеттен көрсетілетін қолдау көп. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көргендердің бірі тереңөзектік жас кәсіпкер – Гүлжаухар Баетова. Бүгінде асхананың шаруасын дөңгелетіп отырған жас кәсіпкердің бастамасы өз табысын бере бастады. Аудан орталығынан ашылған тіл үйірер тағамдарды дайындайтын асхана «Айназ» деп аталады екен.

Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз 1 380 000 теңге грант алған Гүлжаухар Жақыпбекқызы асхананы жалға алып жұмыс жасап келе жатқанына 6 ай болған. Яғни, грант қаражаты асхана жұмысын жаңа бастаған кәсіпкер ретінде өзінің жеке кәсібін ашуына, дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге үлкен мүмкіндік берген еді.

– Қыз баласы ас үйдің жұмысына бейім келетыны мәлім. Мен де кішкентай кезімнен тамақ әзірлегенді жақсы көретін едім. Осы кезге дейін үйден тапсырыспен салаттар, тұздалған қияр басып сатып келдім. Өзімнің тұрақты тапсырыс беріп тұратын тұтынушыларым бар. Сонымен қатар орталықтан жеке дүңгіршекті жалға алып гамбургер жасап, табыс тауып келдім. Балаларыма қарайтын адам болмағандықтан көбіне үйде саудамен айналыстым, қолымнан келген шаруаларды жасадым. Өткен жылдың қазан айында грант ұтып алып, осы асхананы аштым. Қазіргі кезде күнделікті жүзден астам адам келіп тамақтанып тұрады. Үйге де тапсырыс­пен алдыртатын тұрғындар да бар, – дейді бесаспап шебер.

Тіл үйірер тағамдарды әзірлейтін асханада манты, қуырдақ, палау, бұқтырма т.б. тағамдармен қатар түрлі салаттар дайындайды. Түрлі тамақтармен қоса бәліш, пицца әзірлейді. Ас мәзірін алдағы уақытта тағы да толықтыруды көздеп отырған кәсіпкер бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Күнделікті дайындалатын, аузыңнан дәмі кетпейтін тағамдарды кент тұрғындары үйлеріне алдыртып та жатады.

– «Айназ» асханасынан тұрақты түрде түскі ас ішіп тұратыным бар. Келген адамдарды әркез жылы шыраймен қарсы алады. Гүлжаухар өте пысық, өз ісінің шебері десек қателеспейміз. Асхананың іші жарық, тамақтары дәмді, – дейді кент тұрғыны Әсия Масилова.

Асхана желісін одан әрі дамытып, кеңейткісі келетін жас кәсіпкер жұмысымен қатар медбике мамандығында білім алып жатыр. Әркез іздену үстінде жүретін, тәтті тағамдарымен халықтың ықыласына бөленіп келе жатқан бесаспап шебер төрт ұл, бір қыздың анасы.

– Балаларым менің – қолдаушым. Солар үшін қолымнан келгенше еңбектенемін. Үлкен ұлым студент. Біз секілді өз кәсібін ашып, дамытқысы келетін кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламаның берер көмегі көп. Әсіресе көп балалы аналарға осындай мүмкіндік туғызып отырған басшыларға алғысым шексіз, – дейді көп балалы ана Гүлжаухар Баетова.

«Кәсіпкер нан сұрамайды – ол өзі тамақтандырады» демекші, өз кәсібін бастап, табыс көзіне айналдырып отырған сырдариялық жас кәсіпкерлер жетерлік. Өзімен қоса қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта да ауданымыздың дамуына өз үлесін қосатын жеке кәсіпкерлеріміз көбейе берсін.

 

Тағы да оқыңыз: