Kyzylorda-news.kz Көпке мүмкіндік берген «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде тағы бір адамның кәсіп бастауына ықпал етті. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсібін ашқан азаматтардың саны артуда.
Жобаны ұтымды пайдаланған Сырдария ауданы, Қалжан ахун ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Серік Абжалиев мемлекеттік қолдаумен 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, бүгінде жаңа жылыжайды іске қосты. Кәсіпкердің айтуынша қазіргі таңда ондағы жерге қияр егіп, 3 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта қосымша қызанақ және тағы басқа да көкөністер егу жоспарлауда.
Аталған жоба барысында көптеген кәсіпкерлік нысандар ел игілігіне берілуде.
– Бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп келемін. Мемлекеттік бағдарламаның игелігін көру мақсатында көлемді несие алып, кәсібімді дөңгелетудемін. Қазіргі уақытта жылыжай жолға қойылған. Көкөністі баптап, жергілікті халыққа ұсыну жоспарда бар. Бұл ретте, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды айрықша сезініп келеміз. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмыстарға серпін береміз. Қашанда кәсіптің берекесін көріп, бизнесімізді дамытуға ұмтылыс жасаймыз, – дейді Серік Абжалиев.