Kyzylorda-news.kz  «Құрылыс жұмыстары басталды» Бұлай тырнақшаға алуымыз бекер емес. Себебі құрылыс жұмыстары толық басталмаса да дайындық жұмыстары қолға алынған. Белгіленген аумақ қаңылтырмен қоршалып, жерді тегістеу, қазу жұмыстары жүргізіліп келеді. Тың жобаны жергілікті тұрғындар да анық байқап, «Руханият» орталығының құрылысы басталды» деп сүйіншілеп жүрген жайы бар. Байқағандарыңыздай біз ауданда салынып, биыл пайдалануға берілуі жоспарланған «Руханият» орталығы жөнінде оқырман қауымға ақпарат беруге бекіндік.

Соңғы екі жылда аймақтың мәдениет пен руханият саласында ауқымды жұмыстар ат¬қарыл¬ғаны мәлім. Қызылорда қаласында жерлесіміз Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1 млрд 700 млн теңге болатын «Анаға тағзым» орталығы ашылғаны мәлім. Бұл ретте, 1 млрд 500 млн теңгеге салынған «Отбасы» орталығы өз қызметін бастады. Сыр өңірінің мәдени брендіне айналатын «Шірік-Рабат Сақ жауынгері» мен «Сығанақ ханшайымының» алтындатқан мүсіндері облыстық музейге тапсырылды. Алдағы уақытта тарихшылардың ғылыми негіздемелеріне және археологиялық қазба нәтижелеріне сүйеніп, алтын киімді «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары жасалып, осы күнге дейін беймәлім болып келген, шет елдерде сақталған жәдігерлердің көшірмелері ел назарына ұсынылады деп күтілуде. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, салт-дәстүрімізді насихаттау мақсатында Сыр өңірінде биылғы жыл «Руханият жылы» деп жарияланды. Жыл аясында тек мәдени-көпшілік іс-шаралар ғана емес, ауқымды жобалар жүзеге асырылатын болады Сол ауқымды жобалардың бірі де бірегейі 7 ауданда салынатын «Руханият» орталығы десек, артық айтқандық емес.

Облыс әкімі Н.Нәлібаевтың бастамасымен аймағымыздың 7 ауданында музей, кітапхана, архив, неке қию залы, ардагерлер және аналар, жастар орталықтары секілді бірқатар тарихи-мәдени, рухани ұйымдарды біріктіретін типтік үлгідегі «Руханият» орталықтары салыну қолға алынуда. Қазірдің өзінде жұмыстар қолға алынып, қарқынды түрде жүргізілу үстінде. Себебі типтік үлгідегі нысандарды жыл аяғына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

– Барлық ұйымдарды бір ғимаратқа біріктіру арқылы бюджет қаржысы үнем¬деледі. Тағы бір пайдалы тұсы – ақсақалдар мен жастар бір-бірімен араласып, бірлескен жобаларды жүзеге асырады, жас буын үлкендердің ақылын тыңдап, тәжірибе алмасатыны сөзсіз. Мұндай орталықтардың бой көтергені бірнеше нысан салғанға қарағанда әлдеқайда тиімді. Әрқайсысын бөлек салғанда әрбіріне 1 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалады, әрі қарай оны күтіп ұстауға да шығын кетеді. Бір ғимарат ішінде мәдени-көпшілік іс-шаралар, концерттер, мерекелік кештер өткізу ғимаратты тұрғындар жиі келетін мәдениет ошағына айналдырады, – деген еді аудандағы келелі басқосулардың бірінде аудан әкімі Берік Сәрменбаев.

Өңірдің барлық ауданында бой көте¬ре¬тін нысан тарихи, мәдени, рухани ұйым¬дар-ды бір ортаға тоғыстырады. Мұнда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға арналған мазмұнды жиындар өткізіледі деп күтілуде. Орталықта экспонаттар мен құнды құжаттарды арнайы сақтау бөлмелері де болады. Жалпы ел арасында рухани әмбебап орталық құру идеясы Ұлттық құрылтайдан кейін туындаған еді. Мемлекет басшысы алқалы жиында мәдениет, өнер, руханият тақырыбына айрықша тоқталып, халқымыздың қазақстандықтарды біріктіру¬ші ұлт ретіндегі даму бағыттарын айқындап берген болатын.

Ауданымыздағы «Руханият» орталығы Тереңөзек кентіндегі №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің жанынан салынады екен. А.Иманов пен Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысынан бой көтеретін көпқабатты ғимарат аудан ажарына сән беріп, кент келбетін айшықтай түсетіні белгілі.

 

Тағы да оқыңыз: