Kyzylorda-news.kz. Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына ерекше ықпал ететін өзекті мәселелер енгізілуде. Жалпы алғанда, кәсіпкерлік саласын дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, сол арқылы жұмыссыздықты азайту, бұл – бір ғана бөлім айналысатын жұмыс емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі күнге дейін 6 Жолдау жариялады. Алғашқы Жолдауында Президент: «Шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың төте жолы» десе, екінші Жолдауында «Кәсіпкерлікті дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атап өтті. Мемлекет басшысының кейінгі Жолдаулары, қабылданған заңдар тұтастай алғанда ел кәсіпкерлеріне үлкен демеу болды. Ал Президенттің соңғы Жолдауы мен Үкіметтің кеңейтілген отырысында, Ұлттық құрылтай жиынында берген тапсырмалары шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше серпіліс бере отырып, кәсіпкерлердің де жауапкершілігін арттырды. Мұның бәрі саяси экономикалық реформалардың нәтижесі және оның түпкі мәнін халықтың сезінгені дұрыс.

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев өткен айдағы облыстық мәслихаттың сессиясында өңірдің даму белестерін айта келе, кәсіпкерлік саласын дамыту мен инвестиция көлемін арттыруға ерекше тоқталды. Бұл бағытта біз де аудандық деңгейде тиісті жұмыстарды жандандыруымыз қажет. Оның ішінде, кәсіппен айналысуға ынталы азаматтарға арнап қоғамдық қабылдаулар өткізу мен қаржы ұйымдарының өкілдерін тарта отырып, кездесулер ұйымдастырудың маңызы зор.

Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын Тереңөзек кенті мәдениеті үйінде аудан кәсіпкерлерінің арнайы ауқымды семинар кеңесі өткен болатын. Онда қаржы ұйымдарының өкілдері мен екінші деңгейлі банктердің менеджерлері ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын үйлестіріп, жеңілдіктер мен жаңашылдықтарды түсіндірген еді. Осындай жұмысты тек бір жерге ғана емес, көшпелі жиын ретінде ұйымдастыру қажет секілді.

Мұнан бөлек тұрақты комиссия отырысында бөлім басшысының міндетін атқарушы өз баяндамасында былтыр кент және ауылдық округтерде 5 рет мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін айтты. Осы жұмысты биыл да жандандыру қажет және оған тиісті мүдделі органдардың барлығы жауапкершілікпен атсалысқаны жөн.

Кәсіпкерлік кең қанат жайған көршілес өңірлердің тәжірибесін зерделеудің де маңызы зор. Мәселен, жақында аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары бастаған топ көршілес Түркістан облысында болып, жылыжай кәсібінің қыр-сырын зерттеп келді. Салыстырмалы түрде алғанда біздің аудан шағын және орта бизнестің үлесі жөнінде Арал, Қазалы немесе Жаңақорған, Шиелі аудандарымен бәсекеге түсе алмайды. Ол аудандардың халқының саны да, мүмкіндігі де көп. Бірақ ауданымыздың қалаға жақын орналасқанын тиімді пайдаланғанымыз, әлі де нарықты, нарықтағы сұранысты зерттегеніміз жөн. Бұл ретте «Кәсіпті бастағыңыз келсе, ерте бастаңыз» деген қанатты қағидаға сүйеніп, жас кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін кеңейту керек.

Жыл басынан бері аудан басшы Берік Әбдіғаппарұлымен бірге бірнеше ауылда болып, кездесулерге қатыстық. Былтыр Бесарықтағы жастар форумында да жақсы ұсыныстар айтылды. Әсіресе дарияның арғы бетіндегі ауылдардың жастарының кәсіпке қызығушылығы жоғары екені анық байқалады. Қайтарымсыз грантты тағайындау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде де аңғаратыным, Аманкелді, Айдарлы, Бесарық, Қоғалыкөл, Нағи Ілиясов, Шаған, Шіркейлі ауылдарының азаматтары көп құжат тапсырады. Сонымен қатар Ақжарма, А.Тоқмағамбетов, Іңкәрдария, Қалжан ахун ауылының тұрғындарының да мал шаруашылығын дамыту арқылы кәсіппен айналысуға ынтасы зор. Ал С.Сейфуллин ауылының жастары кенттен, кент жастары қала орталығынан сауда орындарын ашып, өз кәсіптерін әртараптандыруда. Осы бағыттағы жұмыстарға, атап айтқанда, кәсіпкерлерге жер беруден бастап, оларға жеңілдіктерді түсіндіруге, тіпті алғашында салықтық есептілікті тапсыруға дейін көмек көрсетуде бюрократиядан арылуымыз қажет. Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы айтып өткендей, біз қашан кәсіпкерліктің үлесін арттырамыз, қашан инвестиция көлемін ұлғайтамыз, сонда ғана өңір аграрлы аймақтан индустриалды аймаққа айналады.

Тағы да оқыңыз: