Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кентіндегі евро қоршау материалдарын өндіретін шағын цех жұмысымен танысты.
Жеке кәсіпкер Шакизат Байділдаев өткен жылдан бастап өз қаражаты есебінен шағын цех ашып, әртүрлі евро қоршау материалдарын өндіруді қолға алған.Бүгінде ол аудан халқының сұранысын қамтамасыз етуде. Жалпы, шағын цехта тәулігіне 15-20 метр түрлі қоршаулар өндіріледі.
– Күннен-күнге технология дамыған сәтте қоғам өмірінде елеулі өзгеріс орын алып тұрады. Осыдан бірнеше жыл бұрын көпшілік ауласына сан түрлі қоршау орналастыра бастады. Қашанда заман көшіне ілескен тұрғындар ауласының сәнді болып тұруына аса мән береді. Сондықтан біз еуро қоршаулар жасауға машықтанып, жеке кәсіпті жандандыру үстіндеміз. Алғаш кәсіпті ашқан уақытта 3-4 миллион қаражат жұмсалып, керекті құрылғыларды сатып алған болатынбыз. Бетон қоршаудың нарықтағы бағасы 26 мың теңгені құрайды. Яғни, 25 метрлік аулаға ұзындығы 2, ені 2 метр болатын 300 мыңнан жоғары бағаға есептелетін қоршау орнатылады. Оның ішіне, аулаға орнату мен жеткізу қызметі кіреді, – дейді жас кәсіпкер.
Аудан басшысы мұндай инновациялық жобаларға қолдау көрсету керектігін атап өтті. Кәсіпкерге мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін кеңейтуге мүмкіндік мол екенін жеткізді. Ш.Байділдаев биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз грант тетігіне қатысуға ниетті екенін білдірді.
Фото: el.kz