Kyzylorda-news.kz  Сырдария ауданында «Ауыл аманаты» жобасы жүйелі түрде жүзеге асырылып, ауыл кәсіпкерлігінің дамуына тың серпін беріп келеді. Биыл аталған бағдарлама аясында ауданға 55,8 млн теңге бөлініп, соның есебінен 9 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 35 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты арта түсті.

Мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отырғандардың бірі – «Қалжан Ахун» ауылының тұрғыны Серік Әбжәлиев. Ол бағдарлама аясында жылыжай шаруашылығын дамытып, жер анадан мол өнім алуды көздеп отыр. Кәсіпкер аумағы 300 шаршы метрді құрайтын жылыжай салып, онда қияр мен қызанақ өсіруді жолға қойған.

Қазіргі таңда жылыжайда әрқайсысы 600 түптен тұратын қияр мен қызанақ көшеттері күтіп-бапталуда. Мамандар күн сайын өсімдіктердің жай-күйін бақылап, өнімнің сапалы әрі мол болуына жағдай жасауда. Бұл – еңбектің жемісі мен мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсететін жарқын мысал.

– Бұл кәсіпке қызығушылық 10 жыл бұрын басталды. Ол кезде жұбайыммен бірге есік алдындағы шағын аумақтағы жылыжайға егіп, екі реттен өнім алып жүрдік. Екеуміздің де тұрақты жұмысымыз бар. Уақыт өте келе сүйікті ісімізді кәсіп көзіне айналдырғымыз келді. Алдымен «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алып, есік алдына жылыжай салдық. Осылайша бастап кеттік. Қазір тұрақты тұтынушыларымыз бар. Көрші ауылдан келіп алады, өзіміз де дүкендерге өткіземіз. Жылыжайды үлкейту үшін тағы қосымша қаржы керек болды. Өңірлік инвестициялық орталығынан тағы несие алып, өнімді консервілейтін цех, оны сақтайтын қойма, көшет егетін жерді дайындап жатырмыз. Өз өнімдерімізден түрлі салат, тұздалған қияр жауып оны да халыққа ұсынуды жоспарлап отырмыз, – дейді Серік Әбжәлиев.

«Еңбек етсең емерсің» демекші, біле білген адамға жылыжай ісі оңай емес. Көшеттің түрін таңдай білуден бастап, оның әрқайсысын күтіп, баптаудың өзі үлкен шыдамды қажет етеді. Болашақта тек қияр мен қызанақ егіп қоймай, құлпынай мен гүл егуді де қолға алмақ. Өйткені аудан көлемінде бұл істе әлі бәсекелес жоқ. Елдімекенді гүлмен көмкеріп, айналасына әсемдік сыйлағанды ұнататын кәсіп иесінің оған тәжірибесі жетерлік.

Серік Әбжәлиев сонымен қатар ауылдағы «Бақ» шаруа қожалығының төрағасы. Одан 731 адам пай үлесін алып отыр. Бүгінге дейін 600 гектар жерге күріш ексе, қазір оны азайтып, суды аз қажет ететін өнімге көңіл бөлуде. Биыл 460 га жердің 180 гектарына «каурис» күріш сортын орналастырыпты.

Жаңа сорттың қыр-сырын білмегеннен кейін бастапқыда қиындау болып жатыр. Бұл сорттың дәнін жерге тастап, толық  суға батқаннан кейін 125-128 күнге дейін ұстау керек екен. Бұған дейін «Лидер» сортын егетінбіз. Оның уақыты 120-125 күн аралығы. «Каурис» сортының бойы қысқа, бірақ өнімді мол береді. Айталық гектарына 109 центнер алуға мүмкіндік бар. Биыл жаңа сорттың қанша өнім беретінін көреміз. Дәл қазір оны болжау қиын. Ертең масақ шығарған уақытта байқауға болады, – дейді шаруа қожалығының иесі.

Кейінгі кезде шаруалар су тапшылығына байланысты, оны тиімді пайдалануды қолға алуда. Мәселен, күрішке пайдаланған суды далаға төкпей, қайтадан өзіне жібереді. Атыздың суын да кері айдап, оны да іске жаратып отыр. Оның үстіне ауа-райының қатты ысуы шаруаларға қолайсыз. Қамыстың арасында демалу қиын. Дегенмен қиындыққа қарамастан, әдеттегі жұмысты алға жылжытуда күрішшілердің еңбегі зор.

Күріш – су мен күтімді көп қажет ететін дақыл. Сондықтан жаз бойы суару, арамшөбін жұлу, тыңайтқыш беру жұмысы үздіксіз жалғасады. Шаруалар әр алқапты уақытылы қадағалап, тынымсыз тіршілік етеді. Сол еңбектің жемісін күзде көреді. Биыл еккен жаңа сорттан мол өнім алуға олар да үмітті. 

Тағы да оқыңыз: