Kyzylorda-news.kz   Сырдария ауданы Тереңөзек кентінің азаматы Самат Дәуітханұлы бірнеше айдан бері жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жергілікті халық игілігі үшін шина монтаждау орталығын ашты. Жас кәсіпкер өз қалтасынан  орталықты автокөлік шиналарын жөндеуге арналған құрал-жабдықпен толықтай қамтамасыз еткен. Қазіргі таңда автокөлік дөңгелегінің жүрісін жақсарту мақсатында халыққа сапалы қызмет ұсынатын талапты жас дәнекерлеу жұмысын да іске қосқан болатын. 
      Редакцияның шығармашылық тобы жас кәсіпкердің жұмысымен жан-жақты танысу мақсатымен шина монтаждау орталығына бас сұғып, табан тіреген болатынбыз. Күндігіне он шақты автокөліктің дөңгелегін жөндейтін Самат Дәуітханұлы «Қазақ» және Әлішер Тоқмағамбетов көшесінің қиылысында орналасқан ғимаратты кәсіпкерлік бағытқа негіздеп, жөндеген. Қазақстан теміржол саласында 11 жылдан бері еңбек ететін жас кәсіп иесі осы қызмет түрінің қыр-сырын өзі айтып берді.
      – Бүгінгі нарық заманында бір орында тоқтап қалуға болмайды. Әрдайым ізденіс үстінде жүріп, табыс көзін еселейтін кәсіпті меңгеруге ұмтылыс қажет. Біз отбасылық шағын бизнесті жандандыруға жанұямызбен бар күш-жүгерімізді салудамыз. Өзімнің асқар тау әкем мен ағам әркез жәрдемдесіп, жан-жақты бағыт-бағдар беріп, жол көрсетуде. Ағам Жасұлан Қашақов – 30 жылдық тәжірибесі бар дәнекерлеуші. Әрі ісіне мығым білікті маманнан әлі үйренерім көп. Автокөлікті және өзге де темір бұйымын дәнеркелейтін шеберге күнделікті келушілердің қатары қалың. Шина монтаждауға керекті құрал-жабдықты алуға 4 миллион теңге қаражат кетті. Аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге дайынбыз, – деді шебер.
      Жас кәсіпкер Самат Дәуітханұлы – №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектептің түлегі. Ол – отбасында үш ағайынды. Жұбайы Айдана Болатқызымен бірге үш перзент тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя. Жаңа кәсібін жетілдіріп, жандандыруға күш салып келе жатқан жас кәсіпкер автокөліктің 4 дөңгелегін 4 мың теңгеге ауыстырып береді. Ал дөңгелек резеңкесін жамату үшін тұтынушы 500 теңгесін жұмсайды.
 

Тағы да оқыңыз: