Kyzylorda-news.kz Шиелілік Бекжан Ержігіт жас та болса бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Жас кәсіпкер  шлакоблок пен брусчатка өнімдерін шығаруда.

  – Әрине, сырттай қарағанда жеңіл көрінер. Дегенмен іс барысы оңай емес. Біріншіден, тиянақтылық керек. Биылғы жыл мен үшін тәуекелге толы болды. Жаз шықса, тұтынушылар сұранысына сай есік алдына брусчатка төсеп беретінмін. «Осыны неге өзім жасамасқа?!» деген ой келді. Былтыр қажетті аппаратын, формаларын алып қойған болатынмын. Бастап кетуге қаражат пен тәуекел жетіспей жүрген.

 Түркістан қаласына барып, тәжірибеден өтіп келдім. Жасап үйрендім. Содан тәуекел деп бастап кеттім. Сапасы өзім ойлағаннан да жоғары болды. Әзірге аудан көлемінен тапсырыс түсуде. Басқа қаладан алдырсаң, уақыт әрі артық қаржы жұмсайсың. Ал мынау – нағыз қажетті кәсіп, – дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, басты мақсат – тұтынушы сұранысына сай өнім өндіру. Шлакоблок, брусчатканың қолданыс аясы кең. Заманауи материал. Құрамы берік, өндіріс тәсілі қарапайым.

 Бекжан брусчатканы өз есігі алдында, ал  шлакоблокты жалға жер алып, сонда жасап шығаруда. Күніне 500-600-ін құяды. Өніміне сұраныс артып келеді. Барлығын өз қаражаты есебінен атқаруда. Мемлекеттен тиісті деңгейде көмек алсам деген ниеті де бар. Үш түрлі өнімге жергілікті цемент пайдаланады.

Қазір бұл өнімдерге риза болған тұтынушылар көбейіп келеді.

 

Тұрар Бекмырзаев

Тағы да оқыңыз: