Kyzylorda-news.kz. Кәсіпкер болуды армандайтын адам кемде-кем. Дегенмен істі неден, қалай бастау керегін білетіндер көп емес. Жалпы кәсіпкерлікті бастау үшін ең алдымен жоспар, қаржы саласының тілімен айтқанда бизнес жоба керек. Қолға алғалы отырған кәсіп саласында тәжірибенің болуы да аса маңызды. Себебі білімсіз, біліксіз, тәжірибесіз, әрі ол кәсіп туралы ешқандай көзқарас болмаса істің алға басуы қиын. Осы орайда тәжірибелі кәсіпкер Жамбыл Қожахметовпен әңгімелесуді жөн көрдік. Ол – Шиелі ауданының тумасы. Бүгінде пластик қасықтың орнына жеуге жарамды ас үй құралдарын шығаруда. Яғни тамақ ішіп болған соң қасықты жеп қоюыңызға болады. Бұл идеяны ол кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы аясындағы қайтарымсыз гранттың арқасында жүзеге асырды.
– Бүгінде бизнестің түр-түрі бар. Әркім әр түрлі кәсіппен айналысады. Бірақ қай істің болсын өзіндік қыры, ерекшелігі болады. Мәселен, бір кәсіппен барлығы да айналысады. Ол ауыл шаруалығы болсын, сұлулық салоны болсын. Ал тың идеяны ойлап табу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мен ерекше кәсіппен айналысуды біраздан бері жоспарладым. Жоспарымды сан рет өзгерттім. Достарымның, ата-анамның кеңесіне жүгіндім. Осылайша ерекше кәсіпті қолға алдым. Қиындығы да көп, жеңіл тұстары да жетерлік. Қолы үйреніп, істеп жүрген адам тез-ақ меңгеріп кетеді. Біз көбіне тамақ ішкенде бір реттік ыдыстар пайдаланамыз, оны қоқысқа тастаймыз. Ал біздегі ыдыс-аяқтар арнайы дәмнен әзірленіп, тәтті қоспалармен дайындалады, – дейді кәсіпкер.
Цех айына 10 мың шыныаяқ, 2000 табақша, 3000 сорпа ыдысын шығарады. Оны дайындауда кәдімгі ұн мен жұмыртқа қолданады. Дәмін келтіру үшін әртүрлі қоспалар да қосылады екен. Кәсіпкер тек осымен шектеліп қалмақ емес. Алдағы уақытта жеуге жарамды қасықтар, шанышқылар шығармақ.
– Жеуге жарамды ыдыс – бұл табиғи ингредиенттерден жасалған өнім: жұмыртқа, ұн және түрлі қоспалар. Біздің ыдыспен сіз кез-келген жұмсақ тағамды (мысалы, сорпа немесе ботқа) шамамен он минут жей аласыз, содан кейін оның өзін жей аласыз. Бірінші партияда стандартты шыныаяқтар болды. Рецепт пен пісіруге арналған дұрыс пішінді табу алты айдан астам уақытты қажет етті. Рецепт ұзақ уақыт бойы сынақ пен қателік арқылы дүниеге келді: қамыры майлы емес, бірақ өте құрғақ та емес. Шыныаяқ әдемі және дәмді ғана емес, сонымен қатар берік болуы керек, бірнеше күннен кейін нан сияқты ыдырамау керек, – деді Ж.Қожахметов.
Жеуге жарамды ыдыс сұйықтықтар мен жылудың әсеріне төзімді. Суық тағамдармен түйісуде өзінің қасиеттерін одан да ұзақ сақтайды.
Еуропалық өндірушілер мұндай өнімдерді түрлі дәмімен ұсынады. Десертке арналған шоколад, ваниль немесе құлпынай, ыстық тағамдарға арналған дәмдеуіш қосуға болады. Жеңіл тамақтар мен десерттер үшін жеуге жарамды стақандар қолдануға болады.
– Қомақты қаражатты бірнеше жыл жинақтап, бизнес жобаларды зерттедім. Өңірімізде саудамен айналысатындар көп. Осыдан-ақ өндіріске бет бұру керегін түсіндім. Содан бері тың жобаны қолға алу керек деген ой маза бермеді. Сан түрлі бизнесті интернет желісінен қарадым. Көңілімнен шықпады. Бүгінде бұл бизнеске сұраныс жоғары. Бәсекелес аз, тіптен өңірде жоқтың қасы. Сондықтан қиындықсыз жұмыс істеуге болады, – дейді жас кәсіпкер.
Жастардың дені кәсіп бастауға бет бұрды. Осы уақытқа дейін қаншама бағдарлама жүзеге асып, жастар игілігіне берілді. Қайтарымсыз қаржымен кәсібін дөңгелетіп отырғандардың көптігі де көңілге демеу.
– 2021 жылы «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Осы қаражаттың арқасында идеямды жүзеге асырдым. Мұндай өнімдер сұранысқа ие, Ресейде өндірушілер арасында бәсекелестік бар болғанымен, бағасы қымбат. Сондықтан, бұрын Ресейден тапсырыс бергендер, қазір тікелей бізден алады. Цех автоматтандырылған, тәулігіне 24 сағат, жыл бойы ыдыс-аяқ шығаруға мүмкіндік бар. Көп жұмыс күшін қажет етпейді. Ресей Федерациясында серіктестерімен бірге арнайы оқу-семинарларға қатыстық. Цех іске қосылды. Көптеген жоспарлар бар, өндірісті кеңейту, шығарылатын өнімнің түрін арттыру, сондай-ақ болашақта эко-ыдыстарды (жеуге жарамсыз) іске қосу, – дейді кәсіпкер.
Кәсіппен айналысу үлкен тәуекелді талап етеді. Қай істі болмасын бастау үшін де адамның ынта-ықыласы жеткіліксіз, оның біліміне қоса қарым-қабілеті мен тәжірибесінің болуы маңызды. Мемлекет кәсіп бастаймын дегенге мол мүмкіндік беріп отыр. Тек ойдағы істі бастап, соны ұршықша иіру қажет.
Мөлдір САБЫРЖАН