Kyzylorda-news.kz Қызылқұм ауылдық округінің әлеуметтік, ауылдың экономикалық дамуы және басқа да, мәселелері ауыл әкімі Оңталап Мүсілімнің жіті назарында. Мұнда 1207 адамнан құралған 216 отбасы негізінен мал шараушылығын жанына жақын тұтуда. Округ бойынша мал басы 1384 ірі қара, 3495 қой, 2680 ешкі, 785 жылқы және 128 түйені құрап отыр.

Ветеринариялық пункт қызметкерлері тарапынан жоспарланған диагностикалық зерттеулер мен профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде тұрғындар жеке мал шаруашылығынан бөлек, ауыл маңындағы су айдындарынан балық аулаумен шұғылданады.

Қазалы ауданының «Кәукей» ауылы – ырыс пен берекесі келісті мекен. Округте №225 орта мектебі және № 146 негізгі мектебі, №27 "Бөбек" бөбекжай-балабақшасы, ауылдық дәрігерлік амбулатория, клуб, кітапхана, ауа райын зерттеу станциясы, почта байланыс бөлімшесі, ветеринариялық пункт, су бекеті жұмыс жасайды. Ауыл халқы кәсіпкерлікті де шыр айналдыруда. Оның ішінде, 3 шаруа қожалығы, 1 ауыл шаруашылығы кооперативі, 5 дүкен бар. Сонымен бірге, 8 жеке автобус аудан орталығына жолаушы тасымалдайды.

Округ аумағында Жанқожа батыр атындағы шекара заставасы орналасқан. Кәукей ауылынан 170 шақырым жерде ұлт батыры Жанқожа бабаның қорымы бар. Бұрынғы өткен заманда осы аумақта әулие Қарабура, Бағыберген би, емші Жұбаныш Игісінұлы, сынықшы Омар секілді аты аңызға айналған адамдар өмір сүрген.

Қызылқұм ауылдық округі әкімінің айтуынша, жыл басынан бері тұрмысы төмен және аз қамтылған 3 отбасыға мемлекеттік атаулы көмек тағайындалды. Ақылы қоғамдық жұмыспен 33 адам қамтамасыз етілді. Тұрақты жұмысқа 2 адам орналасса, 9 адам уақытша кәсіппен айналысуда. "Жасыл ел" бағдарламасы бойынша 18 жас мерзімдік жұмысқа қабылданды.

– Жыл сайын мекеме-кәсіпорындар ұжымы, кәсіпкерлердің, жеке азаматтардың, сондай-ақ ауылда туып-өсіп, қазіргі кезде ауылымыздан тыс жерде өмір сүріп жатқан азаматтардың демеушілігімен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып жүр.

Биыл 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, 31 анаға 1985 жылғы туылған түлектердің демеушілігімен сый-сияпат көрсетілді. Сондай-ақ, 1997 жылғы туған қыз-жігіттердің демеуші болуымен ауылымыздағы 5 тыл ардагеріне сыйлықтар тарту етілді, – дейді Оңталап Мүсілім.

Сонымен қатар, ауыл түлектерінің күшімен Орталық саябаққа "Ауылым – алтын бесігім" Кәукей белгісі және субұрқақ салынды. Аз қамтылған отбасыларға 1 маусым – балалар күніне орай 3 велосипед табысталды. Мектепке жол акциясы бойынша 5 балаға оқу құралдары мен мектеп формалары алып берілді.

Жеке кәсіпкер Кемал Талғат ауыл тұрғыны, зейнеткер апаға азық-түлік алып берді. Демеушілердің көмегімен 3 отбасыға қыстық мал азығы түсіріліп берілді. Екі отбасыға қатты отыннан көмек берілді.

Округ бойынша жолаушы тасымалдау саласында тұрғындарға 8 автобус қызмет көрсетеді. Кәукей – Әйтеке би кенті бағыты бойынша күніне 2 рет, Кәукей – Ажар бағытына аптасына 2 рет жолаушылар автобусы қатынап тұр. Сонымен қатар өткен жылдан бастап такси қызметімен айналысатын 4 кәсіпкер тұрғындарға қызмет етуде. "Кәукей-Бозкөл" автомобиль жолының жөндеу жұмыстары да реттелуде.

Биыл округте 70 кәсіпкерлік субъектісі ресми тіркелді. Оның ішінде, 1 ауыл шаруашылығы кооперативі, 3 шаруа қожалығы, 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 63 жеке кәсіпкер бар.

Екі жыл бұрын басталған 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба іске асырылуда. Игілікті жоба халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында шағын бизнесті дамыту, экономика салаларын әртараптандырудың драйвері – орта бизнеске сүйену, кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар – бәсекелестік кешенді дамытуға мұрындық болмақ. Осы ретте, ауыл тұрғындарының "Бастау Бизнес" жобасы шеңберінде оқуға қатысуын, жеке ісін ашуға, қысқа мерзім кәсіптік оқудан өтуіне, ауылда жаңа кәсіпкерлік субъектілерін құру бағытында тұрақты жұмыс атқарылады. Жалпы, 6 адам "Бастау Бизнес" жобасы шеңберінде оқуға қатысып, сертификаттарын алды.

Көркейту-көгалдандыру жұмыстарына аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржыға ауыл ішін көгалдандыру үшін аяқсу жіберіліп, жаңадан ағаш көшеттері егілді. Санитариялық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ауыл ішін қоқыстан тазартуға да, бөлек ақша аударылды. Қоқыстар бей-берекетсіз шашылмас үшін арнайы қатты қалдықтарды бөлек жинайтын тағы да қосымша контейнерлер сатып алынды. Сондай-ақ, өткен жылы салынған "Орталық саябақ" ішіне ауыл түлектерінің ұйымдастыруымен субұрқақ салынды.

Округте мекемелер мен жекелеген тұрғын үйлер CDMA жүйесі арқылы телефон пайдаланып отыр. Округ орталығы "Актив", "Билайн" және "Алтел/Теле2" ұялы байланыс желілерімен қамтамасыз етілген. Почта байланыс бөлімшесі газет-журнал, зейнетақы төлемдерін таратумен бірге әртүрлі төлемақылар қабылдайды. Сонымен бірге, почта салымдарын жеткізуді қамтамасыз етеді.

Бүгінде №27 "Бөбек" бөбекжай-балабақшасында 50 бала тәрбиеленуде. "Қызылқұм" дәрігерлік амбулаториясында 1 дәрігер, 1 фельдшер, 7 мейіркеш тұрғындардың денсаулығына жауапты. Ажар ауылы тұрғындары үшін фельдшер бекітілген. "Жедел жәрдем" көлігімен қамтамасыз етілген. Емханада 7 төсектік күндізгі бөлім бар. Ай сайынғы балаларды егу жұмысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Ересектер арасында диспансерлік есепте 213 адам тұрады. Есепте тұрған науқастар босатылған тегін дәрімен қамтамасыз етіліп келеді. Бір жасқа дейінгі нәрестелер көрсеткішіне қарай тегін сүт тағаммен қамтылуда.

1981 жылы салынған Ауылдық клуб үйі апаттық жағдайда тұрғандықтан 2019 жылдан бастап, ауылдық кітапханамен бірге бұрынғы ауылдық аурухананың бос тұрған ғимаратына уақытша орналасқан болатын. Аталған ғимарат тиісті талапқа сай болмағандықтан клуб үйінің қалыпты жұмыс жасауына өз қиындығын келтіріп келеді. Дегенмен, жоспардан таймай, әртүрлі іс-шара өткізілді. Мұндағы бес үйірмеге 60 оқушы қатысады.

Наурыз айында жаңа клуб үйінің құрылысы басталды. Келесі жылы мамыр айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарына ауылдағы жұмыссыз азаматтар да тартылуда. Қазіргі таңда құрылыста 4 азамат тер төгуде. Алдағы уақытта жаңа клубта мәдени-ағарту жұмыстары жандана түседі.

Округ орталығы – Кәукей ауылы "Арал – Сарыбұлақ" топтық су құбырына қосылған, ауыл ішіндегі барлық үйге колонкалар тартылған. Ауылдағы әр отбасы өз үйіндегі колонка арқылы ауыз су пайдалануда. Ауыз суды тарату бекетінде 5 адам тұрақты судың тоқтаусыз берілуін қадағалайды.

– Округ тұрғындары 1 подстанция, 6 трансформатор арқылы ауыл ішілік электр желісі арқылы тұрақты электр жарығымен қамтамасыз етілген. Алайда, электр трансформаторлары ескі, кейбір көшелерде әсіресе кешкі мезгілге қарай электр жарығы әлсіреп кетеді. Бұл жөнінде тиісті мекемелерге сұраныстар жіберіліп қойған, – дейді ауыл әкімі.

Оңталап Мүсілім мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықтың деңгейін төмендету мақсатында нақты іс-шаралар қабылдауды қолға алмақ. Шағын кәсіпкерлікті дамытуға жағдай да жасау ойда бар. Кәукей ауылының 2 көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуді де діттеп отыр. Электр желісі трансформаторларын жаңартылса, нұр үстіне нұр болады деуде. Ауылдық округте балық шаруашылығын дамытуды жоспарлауда. Қызылқұм ауылдық округінің әкімі қамыс өңдеу шаруашылығы да, соңғы уақытта сұранысқа ие екендігін алға тартып, оны дамытуды көздеуде екен. Біздің тараптан, талапшыл ауыл әкіміне игі бастамаларға сәттілік тілеуден басқа шара жоқ.

Тағы да оқыңыз: