Kyzylorda-news.kz  Кеше қалалық мәслихаттың кезекті XVII сессиясы өтті. Сессияға қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев төрағалық етті. 

Сессияға қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімі С.Қожаниязов, әкімнің орынбасарлары, қала әкімінің және мәслихат аппаратының басшылары, қоғамдық ұйымдардың төрағалары, құқық қорғау органдары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Сесияның күн тәртібіне «Қызылорда қаласы мен ауылдық елді мекендерде бұқаралық спортты дамыту және қолдау туралы», «Қызылорда қалалық мәслихатының әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі туралы», «Қызылорда қаласының әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасын бекіту туралы», «Қызылорда қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» мәселелер шығарылды. 

Аталған мәселелерге байланысты, қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Ж.Тажмаханов, қалалық мәслихаттың әлеуметтік сала және қоғамдық қауіпсіздік жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы А.Мұсабаева, қала әкімі аппаратының басшысы М.Тасқараев, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы К. Құрақбаева хабарлама жасап, берілген сауалдарға жауап берді. 

Сессияның күн тәртібіндегі бұқаралық спортты дамыту мәселесіне байланысты, қалалық мәслихат депутаты М.Есжанов хабарлама жасап, қалалық мәслихат тарапынан ұсыныстар берді. Мәселен, қаладағы спорт саласындағы ең басты өзекті мәселенің бірі – қалалық деңгейде дербес спорт ғимаратының жоқтығы. Қазіргі кала әкімдігіне қарайтын Қажымұқан спорт клубы көп қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан, белгілі талаптарға сәйкес келмейді. Ғимарат көп қабатты үйде орналасқандықтан жылу мәселесіне қатысты тұрғындармен келіспеушіліктер орын алып тұрады.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласында бұқаралық спортты дамытудың тұжырымдамасын әзірлеп, бекіту; 

- барлық азаматтар, мүгедектігі бар жандар, егде жастағы кісілердің дене шынықтырумен айналысуын қолжетімді ету;

- азаматтардың, балалар мен жасөсіпірімдердің тұрғылықты жері бойынша спортпен айналысуына жағдай жасау; 

- қала көлемінде демеушілік және бюджет есебінен салынған ашық спорт ойын алаңдарын күтіп ұстап, нысанды тиімді пайдалану; 

- қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде спорттық инфрақұрылым жасау, 

- «Тарлан» спорт кешенінде пара пауэрлифтингтен жаттығып жүрген спортшыларды қолдау мақсатында жаттығу залын жалға алу мәселесін шешуді ұйымдастыру қажет етіледі. 

Сонымен қатар, сессия барысында Қызылорда қаласының әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасына өзгерістер енгізіліп, қалалық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі құрылды. 

Сессия отырысына арнайы қатысқан Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт клубының директоры халықаралық дәрежедегі спорт шебері Жамал Бозова қаладағы спорт саласындағы өзекті мәселелерді айта келе, қалалық деңгейде спорт ғимаратының қажет екендігін жеткізді. 

Пayэpлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 20 дүpкiн Қaзaқcтaн чемпионы, параолимпиадалық Азия ойындарының қола, күміс жүлдегері, хaлықapaлық тypниpлердің жеңімпазы, Қазақстан Республикасының рекордын жаңартқан, Қазақстан құрама командасының мүшесі Кабира Асқарова «Тарлан» спорт кешенінде пара пауэрлифтингтен жаттығып жүрген спортшыларды қолдау мақсатында жаттығу залын жалға алу мәселесін шешуге қолдау көрсетуді ұсынды.

Бұл мәселеге қатысты, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары Жігер Айекешов түсіндірме беріп өтті. 

Сесссияға қатысқан қала әкімі Серік Салауатұлы спорт саласындағы өзекті мәселелерден хабардар екендігін, қалаға дербес спорт ғимаратын шешу бойынша облыс басшысына ұсыныс бергендігін және қалалық спорт бөлімін мәдениет бөлімінен бөле отырып, спорт саласындағы мәселелерді дербес шешуге басшылық ететіндігін жеткізді. 

Сессия қарауына шығарылған барлық мәселелер жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

 

Тағы да оқыңыз: