Kyzylorda-news.kz Мемлекеттік бюджетке заңды және жеке тұлғалардан белгілі бір мөлшерде түсетін міндетті төлемдер бар. Жалпақ тілмен айтқанда салық деген ұғым бар. Оның экономикалық мәні халық табысының белгілі бір мөлшерін мемлекет үлесіне жинақтау.
2023 жылдың 20 наурызында бөлшек сауда салығының мерзімі шектеусіз және арнайы салық режимін қолдана алатын қызмет түрлерінің тізбесі кеңейтілген болатын. Осыған байланысты Салық кодексінің 696-3 бабы, 5 тармағын негізге ала отырып, аймақ кәсіпкерлерінің бизнесін қолдау және салық ауыртпалығын жеңілдету мақсатында бөлшек салық мөлшерлемесін облыс көлемінде 50%-ға, яғни 4 пайыздан 2 пайызға төмендету мүмкіндігі қарастылған еді.
Осы ретте «Қазалы ауданы бойынша бөлшек салықтық арнаулы салық режимін қолдану кезінде мөлшерлеме мөлшерін төмендету туралы» Қазалы ауданы мәслихатының 2023 жылғы 30 маусымдағы №52 шешімімен бекітіліп, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізіміне №8437-11 енгізілді.
Ауданымызда осы жеңілдікті пайдаланып отырған 14-тен астам кәсіпкер бар. Солардың бірі қазалылық 2001 жылдан бері жеке кәсіппен айналысып жүрген «Азиза М» ЖШС-нің директоры Махантаева Аққағаздан жеңілдікті қашаннан бері қолданып жүргендігі туралы сұрап көрген едік.
– Мен жалпы 1993 жылдан бастап кәсіпкермін. 2001 жылға дейін кішігірім әр түрлі кәсіптермен айналысып жүрдім. Осы ізденісімнің арқасында көп жетістіктерге жеттім деп айтсам артық етпейді. Білім алу, іздену өмір бойына жасалыну керек әрекеттер деп білемін. Міне осы жеңілдікті алғашқылардың бірі болып пайдалануым да осы үздіксіз ізденісімнің арқасы деп ойлаймын. Салықты 2 пайызбен төлеуге мүмкіндігім барда не үшін 3 пайыз төлеп жүрмін деп осы ақпараттарды естіген бойда, 2023 жылдың қараша айының бірінен бастап осы мүмкіндікті пайдаланып отырмын. Осы орайда кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жұмыстанып жүрген барша азаматтарға алғыс білдіремін,– дейді кәсіпкер.
Қазалы ауданы бойынша шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту саласындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсек.
Бүгінгі таңда, ішкі нарықта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету Мемлекет Басшысы қойған басты міндеті болып табылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі "Сапалы өнім" жобасының тұжырымдамасын әзірледі.
Жобаның міндетіне тұтынушыларды қорғау жөніндегі үкіметтік емес секторды, жергілікті атқарушы және өкілді органдардың, сондай-ақ, кәсіпкерлік қоғамдастықтың өкілдерін ішкі нарықта отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қауіпті және сапасыз өнімдерден қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жалпыұлттық мүдделерді іске асыру, сондай-ақ, адал бәсекелестікті дамытуға жағдай жасау болып табылады.
Сонымен қатар, «Сапалы өнім» жобасын республика бойынша одан әрі кеңінен іске асыру мақсатында «Сапалы өнім» қоғамдық қоры ашылып, жұмысын бастауда. Аталған қордың негізгі қызметіне ішкі нарықта отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қауіпті және сапасыз өнімдерден қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі жалпыұлттық мүдделерді іске асыру, сондай-ақ адал бәсекелестікті дамытуға жағдай жасау болып табылады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2024 жылдың 1 наурызына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік (бұдан әрі – ШОК) субъектілерінің саны 5 786 бірлікті құрады. Оның ішінде: 292 заңды тұлға, 4132 жеке кәсіпкер, 1362 шаруа қожалығы болып табылады.
Жұмыс жасап тұрған ШОК субъектілерінің саны 5611 бірлікті құрады. Белсенділік көрсеткіші 97,0 пайыз.
2024 жылдың 1 наурызына ШОК субъектілерінің салық түсімі – 144,8 млн.тг. құрап отыр.
«Бизнеске арналған үкімет» КММ-сі арқылы аудан кәсіпкерлеріне 2024 жылдың 2 айында 341 қызмет көрсетілген.
Өнеркәсіп өнімі 3 800 миллион теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлемінің индексі 100,3%- ды құрады.
Өңдеу өнеркәсібінде 3 239 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлемінің индексі 100,2%-ды құрады.
Бөлшек сауда көлемі 1 868,0 миллион теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңіне нақты көлемінің индексі 106,3 %-ды құрады.
2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығарылымы 16 909 миллион теңге, өткен жылдың тиісті кезеңіне 102,8%-ды құраса, жұмыспен қамтылғандар саны 10 265 бірлік, өткен жылдың тиісті кезеңіне 105,7%.
Кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға қатысты да тың ақпаратты бөлісуді жөн санадық. Мәселен, Қазалы ауданы кәсіпкерлеріне сауда айналымын және өндіріс түрлерін ашу мен дамыту мақсатында қаржы ұйымдары тарапынан 35 жобаға жалпы көлемі 262,0 миллион теңге болатын несие қаражаты берілген.
Анықтамалық: екінші деңгейлі банк арқылы (бағдарламадан тыс – 25 жоба 103,2 млн.теңге, бағдарлама арқылы – 5 жоба 124,8 млн.тг.) 30 жоба 228,0 млн.теңге;
Бірыңғай кешенді бағдарламасына орай, «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауданымыздағы 6 жобаға құны 124,8 млн.теңге несие қаражаты берілген.
«Іскер», «Агробизнес» бағдарламасы аясында ауданымызда құны 34,0 млн.теңгені құрайтын 4 жоба қаржыландырылды.
Атап айтқанда, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы «Іскер» бағдарламасымен құны 14,0 млн.тг., 3 жоба (1-мал шаруашылығы, 1-дүкен, 1-жүк тасымалы); «Сырдария-1» Кредиттік Серіктестігі «Агробизнес» бағдарламасымен құны 20,0 млн.тг. 1 жоба (мал шаруашылығы). Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламадан тыс, яғни екінші деңгейлі банктің ішкі жобалары бойынша 25 кәсіпкер құны 103,2 млн.теңге болатын несие қаражатына қол жеткізген.
Шағын индустриялық аймақ
Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі Қ.Пірімов көшесінің солтүстік-батыс бағытында Шағын индустриялық аймақтағы жер көлемі 10,01 гектар.
Оның ішінде, шағын индустриялық аймақта орналасатын жобалар көлемі 8,74 гектар (табысталғаны 7,94 гектар, табысталатыны 0,8 гектар), инженерлік инфрақұрылым жүйесінің жер көлемі 1,27 гектар.
Шағын индустриялық аймақта орналасатын жобалардың жер көлемі 8,74 гектар (17.01.2024ж. Әйтеке би кенті әкімінің №29 шешімі).
Шағын индустриялық аймақта құны 497 млн.теңгені құрайтын 15 жоба бастамашыларына көлемі 7,94 гектар жер учаскесі табысталған.
Оның ішінде, жеке меншікке табысталғаны 11 учаске, уақытша жер пайдалану құқығымен берілгені 4 учаске (мерзімдері ұзартылған немесе жеке меншікке аударады).
Өнеркәсіптік-инновациялық жобалар
Индустрияландыру бағдарламасының І бесжылдығы аясында 2010-2011 жылдары 2 жоба іске қосылып, өнім шығарып тұр.
«Рза» АҚ-ның «660 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өндеу зауыты» жобасы;
«СПК Қызылорда Балық» ЖШС-нің «Балық өңдеу зауытының құрылысын іске асыру» жобасы.
Бағдарламаның ІІІ бесжылдығы аясында 2 жоба облыстың кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізілді.
«РЗА» АҚ-ның «1200 басқа арналған ірі қараны өсіру кешенінің және сүт өңдеу зауытының ІІ кезеңін іске асыру» жобасы;
Жеке кәсіпкер Т.Игликовтің «Балық қалдықтарынан балық ұнын өндіру» жобасы енгізілді. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылым (электр, газ, су желілері) жеткізу шешімі қабылданған.
Жалпы Индустрияландыру бағдарламасының үш бесжылдығы аясында (2010-2025ж.ж.) Картаға 4 жоба енгізілген, оның 3-уі іске қосылып, 1-уі кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады.
Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы
2023 жылы Жалпыұлттық бірыңғай жобалар пулы аясында іске қосылуы жоспарланған жобалар тізіміне Қазалы ауданынан «Жанкент Агро» ЖШС-нің құны 501 млн. теңге «Күріш өңдеу зауыты» жобасы енгізілген болатын (қуаттылығы - жылына 5000 тонна, жұмыс орны - 10).
Жобаның қаржыландыру көзі: 69,1%-ы өз қаражаты (345,8 млн.тг), 30,9 %-ы (155,2 млн.тг) «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы.
Серіктестік зауытқа қажетті құрал-жабдықтар алу мақсатында 2023 жылдың шілде айында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на құны 155,2 млн.теңге құрайтын жобасы бойынша өтінімін тапсырып, 2023 жылдың желтоқсан айында зауытқа Қытай Халық Республикасынан жеткізілген қажетті құрал-жабдықтары монтаждалып, іске қосылғаннан кейін жобаның 100 пайызы (2024 жылдың ақпан айында толық төленді) қаржыландырылды.
Жоба бастамашысы зауытты 2024 жылдың 20-шы ақпанында іске қосты.
Бөлшек салықтың арнаулы салық режимі
2023 жылы Салық кодексінің 696-3 бабы, 5-тармағын негізге ала отырып Қазалы ауданы мәслихатының 2023 жылғы 30 маусымдағы №52 шешімімен бөлшек салық мөлшерлемесін 50%-ға, яғни 4%-дан 2%-ға дейін төмендетілді.
Арнаулы салық режиміне ауыстыру туралы аудан кәсіпкерлерін ақпараттандыру үшін әлеуметтік желілер арқылы посттар жариялануда. Одан басқа, а.ж. 3 сәуірінен бастап ауылдық округ тұрғындары мен кәсіпкерлеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізу кезінде аталған арнаулы салық режимі туралы да аудандық кәсіпкерлер палатасының тарапынан ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда, Қазалы ауданында мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметі бойынша бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолданатын 19 субъекті тіркелген.
2024 жылы 23 адамды жұмыспен қамтитын 3 кәсіпкерлік нысан пайдалануға берілді.
1. Жеке кәсіпкер Ж.Кеулімжаевтың «Ақниет» балабақшасы – 20 адам; Әйтеке би кенті;
2. Жеке кәсіпкер Д.Ыбырайдың кәсіпкерлік нысаны «Bella» сауда орнына жалға берілді - 2 адам; Әйтеке би кенті;
3. Жеке кәсіпкер Г.Аймишевтің «Ризық» кондитерлік цехы – 1 адам; Әйтеке би кенті.