Kyzylorda-news.kz. Бүгінде  2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба  өз жемісін бере бастады. Аталған бағдарлама аясында кәсібін бастағысы келген жандардың арасында жастар көбейгені қуантарлық жаңалық. Талапты жастың бірі – қала тұрғыны Нұрбол Маделханов. Ол осы жоба бойынша 2022 жылы 5 миллион теңге қайтарымсыз грант алып, гофрленген тақта өндірісін қолға алған. Бүгінде еңбегінің жемісін көріп отырғанын қуана жеткізді.

– Кез келген іс бірден оңтайлы жолға түсіп кетпейтіні белгілі. Кедергілермен күресу арқылы кел­ген табыс та құнды. Сол секілді біз де ойға алған ісімізді бастар кезде қаржылық мәселелер туындады. Құрылыста көп қолданылатын гофрленген тақта өндіретін цех қалада жоқ екенін білдік. Ал қазір сол тақта көпшіліктің сұ­ранысына ие болуда. Қы­зылордалықтардың қажетін өтеу мақсатында шағын цех  ашуды жөн көр­дік. Өзімізде шығатын өнім болған соң нарықтың ба­ғасынан төмен бағамен аудан, қала халқына  саты­лымға шығарамыз. Біздің мақсат – аймағымызды да­мыту. Тұтынушыларымызға  сапалы өнім беру үшін еліміздегі сапасы жоғары шикізаттарды пайдаланамыз, – дейді кейіпкеріміз.

Цех директоры Нұрбол Маделхановтың айтуынша, енді ғана ашылғандықтан әзірге 2 адам жұмыс істеп жатыр.

– Бұл істі жаңадан бастап жатқандықтан, әзірге көп адамды жұмысқа алып үлгермедік. Әрине, біртіндеп кәсібіміз жолға қойылған соң жұмысшылар қатарын да арттырамыз. Гофрленген тақтаның екі түрін шығарамыз, қалыңдығы 0,33 және 0,35 миллиметр. Елімізде тақтаның бұл екі түрі де үлкен сұраныста,– дейді цех басшысы. 

Шынында, өзімізден шыққан өнім түрі көбеюде. Әйтпесе сырттан әкелінген тауар халықтың қалтасын қағатыны рас. Оның үстіне бұл тақталардың қазір нарықта құны жоғары. Сондықтан бұл жоба өз жемісін бергелі тұр.

Тағы да оқыңыз: