Осыдан алты мың жыл бұрын сақар мен майдың қосындысынан сабын жасалған. Оны ғалымдар дәлелдеген. Тіпті сабын туралы Рим кезіндегі дәрігер Галенның шығармаларында да жазылған көрінеді. Кесекке ұқсас қатты көрінгенмен суға салғанда ери түсетін сабын өндірісі XIX ғасырда сода түрі табылып, сабынды көп мөлшерде өндіре бастаған. Өзге елдің емес, отандық өнімді қолдану үшін сабын шығаруды қолға алған, оның ішінде  Қызылорда да сабын шығарып отырған кәсіпкерлер бар. Соның бірі – кәсіпкер Дәулет Ізбасарұлы. Отыздан енді асқан жігіт кәсіпке қалай келгенін айтып берді.

        – Он жылдың ішінде мемлекеттік қызмет пен бюджеттік мекемеде жұмыс істедім. Кейін кәсіпкер болуды шештім. Себебі өзімнің «бір қызметте 3-4 жылдан артық жұмыс істеуге болмайды» деген қағидам бар. Осы қағиданы ұстанып, кәсіпкер жолын таңдадым. Жалпы адам баласы жан-жақты ізденіп, барлық саланың қыр сырын білуі тиіс. Бірақ барлық салада жұмыс істеп көру  тұрақсыздыққа айналып кетпеуі керек, – дейді кәсіпкер.

         Кейіпкеріміз 2019 жылы  кәсіп бастар алдында той ұйымдастыру орталығында қызмет көрсету бағытында жүрген. Бір жылдан кейін өндірістік «Әділет» дара кәсіпкерлігін құрып цех ашқан.

        – 2020 жылы барлығымызға белгілі әлемде падемия басталды. Артынша барлық елдердің шекарасы жабылып, блок бекеттер қойылып сырттан тауарлар келмеді. Келген күннің өзінде де қиындықтар орын алып жатты. Сол кезде қандай өндіріс жасаймыз деп ойлана келе өндірістік өнімді өзіміз жасап шығаруды қолға алдық. Осылайша алғашқылардың бірі болып, адамның гигиеналық тұрғыда қажет ететін сабын өнімін шығаруды бастадым, – дейді Дәулет Ізбасарұлы.

        2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы грантқа қатысқан жас кәсіпкер 4,5 млн теңге қаржыға ие болып, «Ақниет» атты кір жуғыш ұнтағын шығарған. Бұған дейін «Таза» сабын атауына сәйкес «Таза ұнтақ» атауымен шығаруды жоспарлаған кәсіпкер не себепті «Ақниет» деп өзгерткенін де мәлім етті.

        – Алғашында «Таза ұнтақ» атты кір жуғыш болатын. Кейін қызымыз дүниеге келгеннен кейін «Таза ұнтақты» сол қызымыздың атына «Ақниет» деп өзгерттік. Қазіргі таңда осы «Таза» сабыны мен «Ақниет» атты кір жуғыш ұнтағын шығарудамыз. Мұнда сегізге жуық адам жұмыс істейді, – дейді кейіпкеріміз.

        Сабын цехын бізге таныстырған кәсіпкер сабынды шығару барысы қарапайым болғанымен, жұмыстың күрделі жағы да бар екенін жеткізді.

        Жас кәсіпкер сабынның шикі затын шығару үшін жергілікті өнімдерді қолданады. Оның ішінде сиырдың іш майы мен күнбағыс майы, яғни табиғи өнім. Ал кір жуғыш ұнтаққа қолданатын шикі заттың басым көпшілігін Ресей мен Қытайдан алдырады. Осылайша күніне сабынның грамына қарай үш түрін 1000 данадан жасаса, кір жуғыш ұнтақтан 80 келі шығарады.

        Жалпы «Әділет» дара кәсіпкерлігі қала көлемінде өткізілетін жәрмеңкеге қатысып, өзінің өнімдерін ұсынып келеді. Содан бері отандық өнімге деген сұраныс артып келеді.

        Одан бөлек  Ұлытау, Қарағанды Астана қалаларына да жібереді. Себебі  онда өнімдердің өзіндік тұтынушылары бар. Осындай мәлемтке қанық болған біз жас та болса, бас болып, үлкен істі қолға алған Дәулеттің ісіне сүйсіндік, тіпті тәнті болдық.

0ab1d46f-e791-4bd3-ae41-499674f82e0a.jpg

Тағы да оқыңыз: