Kyzylorda-news.kz Бүгін кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қызметкерлері Қызылорда қаласындағы жаңадан пайдалануға берілген облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратымен танысты. 

Бұл – халқымыздың бай тарихи-мәдени мұрасын жинақтап, жүйелеп, көпшілікке ұсынатын маңызды рухани орталықтардың бірі.

Музей ұжымының жетекшілігімен жаңа ғимарат ішін аралап, ондағы экспозициялық залдар мен құнды жәдігерлермен танысты. Әрбір экспозиция халқымыздың көне дәуірден бүгінге дейінгі даму кезеңдерін, тұрмыс-тіршілігін, мәдениеті мен өнерін, ел үшін ерен еңбек сіңірген тарихи тұлғалардың өмір жолын көрнекі түрде бейнелейді. Тарихты нақты дерек пен материалдық жәдігерлер арқылы зерделеу – ұрпақ санасына өткеннің өнегесін сіңірудің ең тиімді жолдарының бірі екендігі анық.

Жаңа музей ғимараты заманауи сәулет пен технология жетістіктерін үйлестіре отырып салынған. Ғимараттың ішкі құрылымы мен экспозициялық залдары қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған, келушілер үшін қолайлы жағдайлар қарастырылған. Мұндай кеңістік музейдің танымдық, ғылыми және тәрбиелік қызметін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Осындай мәдени-ағартушылық мекемелердің қоғамдағы рөлі ерекше. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратының ашылуы – өңір мәдениетінің дамуына қосылған сүбелі үлес, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің тағы бір жарқын үлгісі.

Тағы да оқыңыз: