Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданына қарасты Аққыр ауылында мемлекет тарапынан берілетін қолдауды тиімді пайдаланып, аядай ғана ауылда кәсіпкерлікке бет бұрған жастар аз емес. Сөзімізге шалғай ауылда тұрып, кәсібін ашқанына көп болмаса да, тұрақты тұтынушылар жинап үлгерген Нағима Жақсымова дәлел. Кейіпкеріміз – Аққыр ауылының тумасы. Әріптестеріммен елді мекендерге жасаған сапарымызда Нағиманың сұлулық салонына табан тіреп, шағын кәсіптің тыныс-тіршілігімен таныстық.
Бала күнінен әдемілікке жаны құмар Нағима қолы қалт етсе, айнаның алдында шашын түрлі тәсілде түйіп, бетін әрлеуге қызыққан. Ол сұлулық салонындағы ең алғашқы қадамын үйінде туған-туыс, достарының шашын қиып, сәндеуден бастаған. Оның жасаған жұмысына көңілі толып, той-томалаққа барар кезде үйіне іздеп келетін тұтынушылар қатары көбейген соң, қолынан келетін іспен айналысуды жөн көрген, кейіпкеріміздің шағын кәсіптң негізін қалауына да басты себеп осы екен.
Арнайы қаладағы білікті мамандардан білім алып, біліктілігін арттырған ол жыл басында «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 1 млн 470 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алыпты. Кейіпкеріміздің ақшаны басқа мақсатқа жұмсамай, түгелімен кәсібіне салып, қажетті құрал-жабдықтарын сатып алғаны көрініп-ақ тұр.
Шағын ғимаратта отырса да бірнеше қызмет түрін біріктірген Нағима шаш қиып, оны сәндеумен қатар тұтынушыларының қалауы бойынша бояп береді. Мұнан бөлек нәзікжандылардың бәтін әрлеп, алдағы уақытта ел сұранысымен соңғы үлгідегі педикюрдің де түр-түрін жасауды қолға алмақ.
– Салонда әзірге мен ғана жұмыс жасаймын. Кәсібім ауылда болғандықтан тұтынушылар кенттегідей күнде бола бермейді. Яғни той-томалақ, туған күн кештерінде келетіндер көп. Одан бөлек ер балалардың да шашын аламын. Қазіргі жастардың талғамы ерекше. Олардың талғамына сай жасап беру үшін әлі де білімімді жетілдіріп отырамын, – дейді кейіпкеріміз.
Иә, ауылдан шаштараздың ашылғаны тұрғындарды қуантпай қоймасы анық. Бұл кәсіп нәзікжандылар үшін де, ер балалар үшін де тиімді. Себебі олар енді аудан орталығына сабылмай, ауылда қолжетімді бағада шағын кәсіптің игілігін көріп отыр.
– Мен үшін бүгін маңызды күн. Аудан орталығына тойға барамын. Сондықтан Нағима тәтеге шашымды сәндетіп, макияж жасатқалы отырмын. Тұрақты тұтынушысы болғандықтан маған қандай шаш үлгісі жарасатынын, бетімді қалай әрлесе әдемі болатынын өте жақсы біледі. Ол ең алдымен сапаға жұмыс жасайды, – дейді ауыл тұрғыны Ақнұр Мұхтарқызы.
Иә, сұлулық салонында жұмыс жасау оңай емес. Әр нәзікжандының талғамы әртүрлі болғандықтан кейде олардың талғамынан шығу қиын. Әйтсе де алдына келген арудың ризашылығын алуды көздеген кейіпкеріміз ең алдымен тұтынушымен жақсы тіл табысып, сапалы қызметін ұсынады.
– Алға қойған жоспарларым жоқ емес. Өзіңіз байқағандай, әлі күнге са-лонымның аты жоқ. Ауыл тұрғындарының айтуымен қазір «Нағиманың салоны» деп аталып жүр. Ең үлкен арманым – осы салонымның тынысын кеңейтіп, үлкен кәсібімді анамның «Әлия» есімімен ашу. Одан бөлек сән әлемінде жұмыс жасауға икемі бар, ауылдағы жас қыз-келіншектерді тұрақты жұмыспен қамтып, өзгеге де пайдамды тигізгім келеді, – дейді жас кәсіпкер.
Иә, мемлекет тарапынан кәсіп ашамын деген жастарға қашан да қолдау бар. Табыс тайқазаныңызды тасыту үшін алға қойған мақсатыңыз бен ынтаңыз болса жеткілікті, шалғай ауылда тұрғаныңыз еш кедергі емес. Бүгінгі сапарымызда кейіпкеріміздің кәсібінен түйгеніміз осы.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ