Kyzylorda-news.kz  Мемлекет тарапынан шағын кәсіпті дамытуға жасалған қолдау – мүмкіндік көзі. Әсіресе, азаматтарға кәсіптік бағдар беру, құқықтық көмек көрсету, қаржылай демеу саланың алға жылжуына ықпал етуде. Сырбойылықтар арасында жыл сайын жеңілдетілген несие алып, бағдарлама игілігін көргендер саны басым. Олар экономиканың түрлі бағытын өрістету арқылы берілген мүмкіндікті толық пайдаланып келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз Ақбала Шүйіншәлі де қолдауды сәтті пайдаланып, табысқа жеткен кәсіпкер қатарында.

Кәсіпкерлікке икемі бар адамдарға өзіне деген сенімін күшейтіп, ойындағы жоспарын жүйелі жүзеге асыру үшін қаржы керегі түсінікті. Ал көп кәсіпкер нарықтағы қаржы ұйымдарының талап үдесінен шыға алмай, бизнесін дамыту мүмкіндігінен қағылып келеді. Оның үстіне несиенің пайыздық үстемесі қарызды жабуға қолбайлау екені анық. Міне, осы кедергілерден айналып өтудің бір тәсілі – жеңілдетілген несие бағдарламасы. Кейіпкеріміз де осы жолды таңдап, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алған. Қолға түскен қаржыға жаңа кәсіп бастап, пластик бөтелке әзірлеу ісіне ден қойды.

Оның сөзінше, мұндай бизнеспен айналысуға нарық талабы түрткі болған. Қазір Арал мен Қазалы аудандарындағы кәсіпкерлер құйылмалы сусындарға құтыны өзге өңірден немесе облыс орталығынан тасымалдайды. Бұл уақыттан ұтылу әрі шығын көлемін ұлғайтады. Сондықтан тиімді шешім ретінде Қазалы ауданынан пластик бөтелке шығаруды қолға алған.

Аудан мен көршілес Арал қаласында құйылмалы сусын кәсібі кең тараған. Бәрі дерлік қажетті пластик бөтелкені шалғайдағы Қызылорда қаласы, тіпті Алматыдан алдырады. Ал мұндай құтыны Қазалыдан шығарсақ, шығын азайып, аз уақытта керекті өнімді алуға болады.

Осы мақсатта «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 6 млн 900 мың теңге жеңілдетілген несие алдым. Бұл қаржыға Ақтөбеден пластик бөтелке құятын құрылғы сатып әкелдім. Ресейлік «Техноиндустрия» компаниясының өнімін өңірімізге әкеліп, жуырда іске қостық, – дейді кәсіпкер.

А.Шүйіншәлі 10 жылдан астам кәсіпкерлікпен айналысып келеді. Жеке аралас дүкені халыққа қызмет көрсетіп тұр. Онда құйылмалы сусын сататындықтан, сырттан пластикалық ыдысқа тапсырыс беретін. Әр данасы 65 теңгеден болғандықтан, қалтаға ауыр тиеді. Сондықтан ізденіп, өзі осы дүниелерді шығаруды ойлады.

Ақбала жаңадан алған құрылғының жұмыс механизмін бөлісіп, өнімділік көрсеткішін айтып берді. Оның сөзінше, цех алдағы құйылмалы сусын науқаны кезінде қос ауданды керекті пластик ыдыспен қамтуға толық қауқарлы.

Негізі 0,5 пен 5 литр аралығындағы пластик бөтелкелер. Алғашында 1,5-2 литрлігінен 500 данасы шығарылды. Жалпы бұл құрылғы 1 сағатта 500-600 данасын өндіреді. Бір күнде 3000-ға дейін басып шығара алады. Бөтелкелерге арналған қақпақ пен шикізатты Алматыдан тапсырыспен алдырамын, – дейді ол.

Қазір іскер кәсіпкер 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсібін кеңейтуді де ойлайды. Жаңа идеялары көп еңбекқор жан алдағы уақытта дәмхана мен өзге де өндіріс орнын ашуға құштар екенін жасырмады.

Мемлекет халықты кәсіпкерлікке тартып, қоғам үшін пайдалы істің көбеюіне мақсатты түрде мүмкіндік беруде. Ақбаланың бизнеске бет бұрып, тың өндірістің тұтқасын ұстауына да жарқын жоба сеп болғаны анық. Ендігі мақсат – қолдаудан нәтиже шығарып, табыс көлемін ұлғайту. Бұл орайда кейіпкеріміздің әлеуеті мен арманы жағымды жаңалыққа бастарына сенім мол.
 

Тағы да оқыңыз: