Kyzylorda-news.kz Қазір кәсіпке бет бұрған ынталы азаматтарға мемлекеттен қолдау зор. Мемлекет басшысы да әр Жолдауында өңірлерді дамытуға басымдық беріп келеді. Себебі, еліміздің баянды болашағы – аймақтардың қуаттылығымен астасып жатыр. 

Төретамдық Азамат Әлібеков те мемлекет қолдауының арқасында кәсібін қайта тіктеген жан. Ол жас та болса өз ісіне мығым. Оған себеп бала күнінен ұсталықты, қай жиһаздың қалай жасалатынын көріп өскенінен болар. Отбасындағы осыдан 5 жыл бұрын тоқтап қалған кәсіпті қайта жандандырып, жаңғыртуды діттеген ол мемлекеттің қолдауына сүйенуді жөн санайды. Сөйтіп, 20 жастағы азамат жас екенмін деп қарап отырмай, ата-әжесінің бағыт-бағдар беріп, жол сілтеуімен ел игілігіне асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несиеге сүйеніп, кәсібін бастап кетеді. 

Кәсіп иесінің атасы Әлібек Әбдірахманов пен әжесі Мариямкүл Жақсымұратова теміржол саласының ардагерлері. Төретам кентіне құрметті жандар. Бірі станса операторы болып ұзақ жыл қызмет атқарса, бірі сол саланың әскери қызметінде табандылықпен еңбек еткен. Өмір бойы еңбекпен өсіп-өнген ерлі-зайыпты балалары мен немерелеріне адал жолмен нан табуды, білім алуды насихаттап келеді. 

– Қазір бос қарап отыратын уақыт емес. Кейде айналадағы жаңалықтар мен өзгерістерге ілесе алмай қалып жатамыз. Даму, алға жылжу, ілгерілеу жылдам жүруде. Кәсіпкерліктің де сан түрі пайда болып, қызмет көрсету сервистерінің аясы кеңи түсуде. Азамат та сол лектен қалмай, кәсіппен айналысуға талап қылғанына қуанамыз. Кішкентайынан ұсталыққа жақын болып ер жетті. Мемлекеттің «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 5 жылға 8 млн 600 мың теңге 2,5 пайызбен несие алып, қасына ұсталар ұстап кәсіп етуде. Ол қаражатқа жиһаз бұйымдарын жасайтын құрал-жабдықтар, керекті саймандар сатып алынды. Дамыған заманда халыққа қызмет көрсету үшін сервис пен ұсынатын тауарың бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Сол себепті сапаға мән беріледі. Тапсырыспен де, дүкенге қойып та жұмыс жасалуда. Сапа мен талғамның алдыңғы орынға шыққан кезеңінде елдің ризашылығын алу баламыздың басты мұраты, – дейді кәсіпкердің әжесі Мариямкүл апа бізбен әңгімесінде. 

Азамат Ғалымұлы кәсіп етумен қатар, білімін жетілдіруде. Ол экономист мамандығы бойынша арнайы колледж бітірсе, сол алған мамандығын жалғастырып қазіргі кезде аймағымыздағы іргелі оқу орны – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 4-курсын бітіргелі отыр.  

– «Болам деген баланың белін бу» дегендей, Азаматтың талабын үй-ішіміз болып қолдадық. «Өнер – жастан» демекші, еңбекке, қоғамға  араласқаны кімді болсын пысытып шығарады. Кәсіп ету материалдық жағынан табысты етсе, рухани жағынан да өсіп-жетілуіне көптеп көмегін тигізеді, – дейді отбасындағылар жас кәсіпкердің болашағына сеніммен қарап. 
Ал Азаматтың өзі «Ұсталық қазақ ата-бабамыздың қанында бар қасиет. Ол менің де бойымда бар. Жиһаз цехы мен үшін нағыз шығармашылықтың қайнаған ортасы. Әрбір жасаған дүниеңе есеп, шабыт керек. Оны кәсіпкерлікпен ұштастыру – талайдың көкжиегін көгертіп, жолын ашуда. Менің де алдағы жоспарым  – әрине, кәсібімді кеңейту. Осындай мүмкіндік жасаған мемлекет қолдауына мың да бір алғыс айтқым келеді» дейді.

 

С.ЖАУДАТБЕК

Тағы да оқыңыз: