Kyzylorda-news.kz Осыдан екі жыл бұрын «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсынан өткен қала тұрғыны Марат Есетов жеке ісін бастауды көптен бері мақсат еткен еді. Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді, жеке кәсібін ашамын деген азаматтарды қолдау керектігін жиі айтады.
Бұл тұрғыда түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алуға болады. Осындай мүмкіндікті қалт жібермей жеке ісін ашып, кәсіп бастауда осылайша мемлекеттің көмегіне сүйенуді жөн көреді. Алдымен кәсіп бастау, оны жүргізудің қыр-сырын үйрететін арнайы курстан өтеді. Ал биыл мақсатына қадам жасау үшін 1 миллион 476 мың 800 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты жеңіп алады.
Денсаулығына қарамастан алдыға қадам басқан оның арманы биыл жүзеге асты. Кәсіпкер ІІІ топ мүгедегі.
– «Мемлекеттік бағдарламаның шапағаты мұқтаж жандарғада тигені қуантады. Адамға ең бастысы – еңбек пен ниет керек. Жаңадан бастаған кәсіпті одан әрі дамытсам деймін. Алдағы уақытта цехтың көлемін ұлғайтып, қалада пластик өндірісін өркендетуді жоспарлап отырмын», – дейді «D&M Plast» ЖК иесі Марат Амантайұлы.
Кәсіпкерлікке бет бұруға әркім ниетті болғанымен жүрегі дауаламайды. Ал кейіпкеріміз бұл сәттен сүрінбей өтіп, көздеген мақсатына қол жеткізіп, жеке өндіріс ошағын ашып отыр. Қазіргі таңда кәсіпкер грант қаражатына өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, ісін жүргізуде. Пластик есік, терезе жасау ісі оған таңсық емес. Ол бұған дейін 10 жыл көлемінде осындай өндірісте еңбек етіп, мол тәжірибе жинаған. Енді сол тәжірибені жүзеге асырып жергілікті өндірістегі бәсекені арттырмақ.
Кейіпкеріміздің айтуынша, тәжірибенің арқасында тұрғындардың талғамы мен сұранысына сай сапалы есік-терезелерді шығарылуда. Бүгінде шағын цехта 3 адам жұмыс істейді. Ал өндірісте пластикті кесу, бұрыштама жасау, үтіктеу сынды жұмыстар заманауи аппараттар арқылы жасалады. Тұрмыстық қолданыста кеңінен тараған пластик өнімдерге жергілікті тұрғындардың сұранысы жоғары көрінеді. Алайда кейіпкеріміз аптасына 3-4 тапсырыс қабылдап, өнімнің сапалы әрі уақытылы орындалуына басымдық берген.
Айдана СЕЙІЛ