Kyzylorda-news.kz. Кәсіп бастағанның өрісі кеңейеді. Өйткені мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасалуда. Бұл сөзімізге «Белкөл» кентінің тұрғыны Майра Ізбасқанованың жұмысы дәлел.
Жеке кәсіпкер «Өңірлік инвестиция орталығы» арқылы 4 млн теңге қаражатқа қол жеткізіп, жұмысты сәтті жүзеге асыруда.
Өнім «Белкөл» сауда белгісімен сатылымға шықты. Бағасы – 120-160 теңге. Шығыны да айтарлықтай аз. Өйткені кір сабын жасау үшін тоң май мен сода пайдаланады. Негізгі тұтынушылары – Сырдария, Жалағаш ауданының тұрғындары. Сұраныс артып жатса, өзге өңірлерге да жібермек ниетте. Осылайша өндіріс орнын үлкейтіп, қосымша жұмыс көзін арттырмақ.
Кәсіпті 2022 жылы қолға алып, бизнес жоспарымды сәтті қорғап шықтым. Қаражатыма қажетті станок пен шикізат сатып алдым. Қазір сабынның екі түрін шығарып жатырмыз. Кір сабын шығаратын құрылғыны Алматыдан алдырдым. Аппарат сағатына 500 дана сабын шығаруға қауқарлы. Сапасы жақсы. Өндіріске қажетті шикізатты Тараз, Шымкент қалаларынан әкелеміз. Алдағы уақытта өндіріс орнын ұлғайтсақ деген жоспар бар, – дейді кәсіпкер.
Көтерме бағамен сатып алушылар табылып жатса, кәсіпкер бағасын түсіруге әзір. Өндіріс орнында бұдан бөлек сусабын, ыдыс жуатын сұйықтықтар шығарылуда.