Kyzylorda-news.kz Ұзақ жылдардан бері әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген Нуридин ағаның арманы – мүгедек жандарға арналған кішкентай шеберхана ашу еді. Енді сол арман ақиқатқа айналды. «Жебеуші» қорының бастамасымен, аудан әкімі Мажит Самитұлының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі азаматтар арнайы ашылған ғимараттың тігін цехында болып, жұмысымен танысып қайттық. Нуридин ағамыздың бұл арманы жайдан- жай пайда болған жоқ. Ол аудан аумағында өмір сүріп жатқан мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс-тіршілігіне үнемі назар аударып, олардың қоғамнан шет қалмай, өз еңбегімен күн көруіне жағдай жасалса деп армандап келді. «Егер әр адамға өзіне лайық еңбек ортасы жасалса, олардың өмірге деген құлшынысы артады» деген ой көптен бері көкейінде жүрген. Міне, бүгін сол арманы ақиқатқа айналып отыр. Үлкен бөлмеге қатар-қатар қойылған үш тігін машинасын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Семсер Асенов орнатып бергенін естіген едік.
Аудандық «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Арман Мажитов мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша қолайлы орта қалыптастыру мақсатында ғимараттың гигиеналық бөлімін жабдықтауды міндетіне алыпты. Сыртқа кіріп-шығуы қиындау саушылығы кемшін жандар үшін мұның өзі үлкен көмек, қажеттілік. Қазіргі таңда шеберханада Ақтоты Тастаева, Нұрсұлу Әбсадықова және Эльмира Искакова сынды тігіншілердің қолынан шыққан тауарлар қажет еткен орындарға жөнелтілуде. Тағдырдың сынағына мойымаған қайсар жандардың еңбекке деген құлшынысы ерекше. Екі айдың ішінде олар өз ісіне икемделіп, төсек жабдықтарын тігу ісін жолға қойып үлгерген. Олардың қолынан шыққан көрпе- жастық, төсек қаптары сапалылығымен, ұқыпты тігісімен көптің көңілінен шығып үлгерген. Әрбір бұйым – олардың төзімі мен еңбектің, өмірге деген жігердің белгісі. Тәжірибелі мамандардың жетелеуімен олар тек тігін ісін меңгеріп қана қоймай, өз кәсібін дамытуға да ниетті. Цехта бүгінде көрпе, жастық, төсек жабындыларын тігу бір жүйеге қойылған. Әр бұйымның сапасы жоғары, тігісі мәнерлі, дизайны үйлесімді. Сүйген кәсібіне ден қойған аруларымыз бәрінен бұрын рухани қолдаудан қуат алып, өздерінің қоғамға қажет екенін сезіне түскендей.
Мүгедектігі бар жандарды еңбекке тарту – олардың өмірге деген құлшынысын күшейтіп, өз қабілетін жүзеге асыруға жол ашады. Алдағы уақытта тігін цехы өз өнімдерін аудан көлеміндегі мекемелерге, балабақшалар мен мектептерге ұсыну арқылы жұмысын кеңейтеді деген жоспар бар. Тұрғындар тарапынан да тұрмыстық бұйымдарға тапсырыстар көбейіп келеді. Бұл кәсіптің тұрақты дамуына мүмкіндік береді. Әдетте мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет тарапынан жәрдемақы, түрлі оңалту құралдары, санаторийге жолдама беріліп жатады. Бірақ олардың өз кәсіптерін ашып, еңбекке араласуына арналған бөлек мүмкіндік жоқтың қасы. Осы тұста Нуридин Исмайлов бастаған азаматтар игі бастаманы қолға алып, нақты іске көшті. Тігін машинасы мен басқа да құрал-жабдық қайдан келді деген сұрағымызға Нуридин аға былай деп жауап берді:
– Игілікті іс аудан басшылығы тарапынан да кең қолдау тапты. Аудан әкімі Мажит Самитұлы бұл бастаманы құп көріп, ғимарат бөлу мен қажетті жағдай жасауда қамқорлығын танытты. Бізге осындай жылы, жайлы орын берілмегенде бұндай істі бастай алмас едік. Сонымен қатар, Семсер Асеновке алғысым шексіз. Шыны керек, біздің айтқызбай-ақ тігін машиналарын әкеліп орнатып, қолынан келгенін аянып жатқан жоқ. Өзім жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, қолы ашық азамат деп білемін. Біз тек шүкірлік етіп, жұмысқа кірісіп кеттік, – дейді ол.
Расында да, құр тұрған тігін машинасы ештеңе өндірмейді. Ал іс бастау үшін ең бірінші – материал қажет. Осыны жақсы түсінген Нуридин Исмайлов көп ойланбастан, өз қалтасынан қаржы шығарып, қажетті мата, жіп, ине, қосалқы құралдардың барлығын түгендеп берді. Бұл – шынайы жанашырлықтың, шын мәніндегі азаматтық позицияның көрінісі. Қор бұған дейін де көптеген қайырымдылық шараларын жүйелі түрде өткізіп келеді: аз қамтылған отбасыларға көмек, оқушыларға қажетті құрал-жабдықтар, түрлі әлеуметтік жобаларды қолдау – осының барлығы халықтың алғысына бөленген игі бастамалар.
Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тігін цехының ашылуы – қордың атқарып отырған жұмыстарындағы ең маңызды және ұзақ мерзімді жобалардың бірі. Бұл бастама мүгедектігі бар азаматтардың қоғамнан шет қалмай, еңбекке араласып, өздерін толыққанды сезінуіне үлкен мүмкіндік берді. Шын мәнінде, ашылған арнайы шеберхананың маңызы тек үш азаматшаның жұмыспен қамтылуымен шектелмейді. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген сенімін күшейтетін, олардың қоғамнан шет қалмауына жол ашатын әлеуметтік жоба. «Жебеуші» қорының бұл бастамасы алдағы уақытта да жалғасын табары анық. Себебі мұндай шеберханалар – тек еңбек орны емес, адамдардың жүрегіне үміт ұялататын, оларды алға жетелейтін рухани қолдау. Адам баласының жүрегінде жақсылыққа деген сенім сөнбесе, қоғамда қайырымдылық пен мейірімнің де таусылмайтыны анық. Осы сынды ізгі істің бір айғағы – Жаңақорғанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған шағын шеберхананың ашылуы. Бұл – көп жылдан бері әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келе жатқан, жұртқа жанашырлығымен, қамқорлығымен танылған Нуридин ағаның арманынан туған игілікті бастама. Иә, көптің сүйеуі көңілді өсіреді. Бұл шеберхана – мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жаңа мүмкіндік, жаңа үміт, жаңа қадам. Қоғам болып жұмылған сайын, игі істер көбейе бермек.
Қорытынды, Жаңақорған жұртшылығы үшін бұл бастама – тек шеберхана емес, өмірге жаңа дем, жаңа үміт сыйлаған орда. Мұнда еңбек етіп жүрген үш азаматша – өз тағдырымен күресе білген, жігері мықты жандар. Ал оларға қолдау көрсетіп отырған әкімдік, әлеуметтік бөлім, партия және «Жебеуші» қоры – нағыз азаматтық жауапкершіліктің символы. Осы еңбекқор жандардың төзімі мен талпынысына қарап, «шын ниетпен басталған іс міндетті түрде жемісін береді» деген бек сенімге тағы бір мәрте көз жеткізесің. Осындай игі істер көп болса, қоғамдағы мейірім де, бірлік те арта берері сөзсіз.
Асел Рзаева
Фото: автордікі
