Kyzylorda-news.kz «Шаш сәндеу, киім тігу – әйелдің жұмысы, ол еркекке қол емес» деген сірескен тіркестің дәурені өткен. Ұнатқан тірлігімен айналысу жынысына қарамай кез келген адамға жарасса керек. Біздің бүгінгі қос кейіпкеріміз көңіліне жаққан кәсіптің арқасында тұтынушының да ойынан шығып, табыс та тауып жүр.
28 жастағы қызылордалық hair стилист Абылайхан Жұмағұл қыз-келіншектер қауымына Абоня есімімен жақсы таныс. Ол сегіз жылдан бері 25 мыңдай адамның түрленгеніне куә болды. Кейіпкеріміз бала күнінде биші болуды армандапты.
– 9 сыныптан соң колледжде оқыдым. Оны бітіргесін жұмыс таппай біраз жүрдім. Кейін хореограф мамандығы бойынша мемлекеттік грантпен оқуға түстім. Бірақ биге қызығушылығым басылып қалды. Оның үстіне өте ұялшақ едім. Бір жылдан кейін оқудан шығып, ауылға қайттым. Өзім сияқты жас жігіттердің шаштараз боп жүргенін әлеуметтік желіден көріп, ынтам оянды. Ауылда қара жұмыс істеп тапқан ақшамды оқуға жұмсап, жұмысқа орналастым, – деді ол.
Тәжірибе жоқ, жұмысты енді бастаған кезде оңайлықпен клиент таба қоймайтын шебердің қазір бос уақыты жоқ. Ай сайын шамамен 250-300 нәзік жандының шашын сәндеп, алғысын алады.
– Әйел адамдар шашын көбіне үйде өздері бояп алады. Күтім болмағасын шаш ерте ағарады. Сол кезде ғана бізге келеді. Ондай шашты қалпына келтірудің машақаты көп, ұзақ уақыт алады, – деді Абылайхан Жұмағұл.
Кейіпкеріміз ең қиыны – шаш бояу, онда да клиенттің ойындағы түске келтіру екенін жеткізді. Оған 4-5 сағатын сарп етеді.
– Көп адам салонға келгенге дейінгі және келгеннен кейінгі түрін көріп, көзі жайнап кетеді. Мен өзімді өзім мақтап, клиенттен бетер риза боламын, – деді шаш сәндеу шебері.
Ол біраз уақыт бұрын өз күшімен жеке сән салонын ашты. Бұрыннан үйренген клиенттері шеберді енді сонда іздеп барып жүр.
Ал ине-жіпке жақын жігіттердің бірі – Нұрғиса Назар, жасы небәрі 24-те. Кейіпкеріміздің тігін өнеріне қызығушылығын оятқан нағашы әжесі.
Оның тігін мәшинесін зырылдатып отыратынын көрген бала Нұрғиса үшін есейген соң өз бағытын табу қиын болмаған сияқты. Қызылордадағы колледждердің бірінен дизайнер мамандығын меңгеріп шықты. Хас шеберлерден дәріс алып, өзін шыңдай түсті. Бүгінде стилист маман. Негізгі жұмысынан босағанда тігін мәшинесін тізгіндейді. Жас та болса жетістіктері бір төбе.
– «Кәмшат» ательесінен тағылымдамадан өтіп, «Торғын киіз» коллекциясын жарыққа шығардық. Бұл – «Сән мен сахна» байқауында жеңіске жеткен топтамалардың бірі. Қолөнер орталығында «Aspara Fashion Week» сән апталығына арналған стилист маман ретінде топтамамен жұмыс істедім. «Raffine» ательесімен бірге «Қазақ аруы» байқауының өңірлік «Сыр аруы» байқауында қатысушыларға арнайы образдар дайындадық. Ал осы жылы «Сыр аруы» байқауына арнап тігілген «Urban Nomads» немесе «Қала көшпенділері» топтамасын шығардым», – деді ол.
Әйтсе де, өзі үшін ең қымбаты анасы мен әжесіне арнап тіккен көйлектер деп есептейді.
– Анама трапеция пішіндес көйлек тігіп бергенмін. Жеңіне інжу тас түріндегі түйме тағылған. Анамның есімі – Маржан, сол себепті інжу-маржан түйме іздедім. Сол көйлек әлі бар. Жүрген жерінде «балам тігіп берген» деп айтып жүреді. Жазғы штапель көйлек тігіп бергенімде әжем де балаша қуанған, – деді кейіпкеріміз.
Сыныптасы әрі группаласының ұзату тойына арнап тіккен көйлегі мен кәжекей-қамзолы да бойжеткеннің өміріндегі ең үлкен сый еді. Ол Нұрғисаның кәсіптік жолындағы өте маңызды жобаның бірі болды. Бірақ әлі күнге дейін өзіне арнап киім тікпепті. Енді осы олқылықтың орнын толтырғысы келеді.
– Жалпы менің стилім сахналық киімдерге келмейді. Концептуалды «Street style» үлгісімен образ жасаймын. Бірегей жобалар жөнінде ұсыныс түссе, қарастыруға дайынмын, – деді стилист.
Киімнің бастан-аяқ дайын болуы оның күрделілігіне байланысты. Кейде бір аптаға созылады, кейде шабытпен бір күнде аяқталатын жұмыстар болады. Ал барынша үлкен жылдамдықпен тігу 2-3 күн уақыт алады.
– Тігін процесі үйде, шеберхана ретінде құрылған бөлмеде өтеді. Тігін тігуде жарықтың маңызы өте үлкен. Сол себепті арнайы жарықпен жабдықталған бөлмеде ойымдағы туындыларды жүзеге асырумен айналысамын. Қазіргі күні цех секілді масштабқа ұмтылып жатырмын, – деді кейіпкеріміз.