Қызылордалық кәсіпкер Руслан Ахметов пластик бұйымдары өндірісін іске қосты. «Надыр» ЖШС аталған өндірісті іске қосу үшін «ForteBank»-тен несие ресімдеп, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бағдарламасы аясында субсидия түрінде «Даму» Қорының қолдауын алды.
Өндірісте кәсіпкер Rehau брендінің профиль жүйесін қолданады. Олардың параметр, өлшемдері мен эстетикалық сипаттамалары әртүрлі. Қолда бар ассортимент әртүрлі деңгейдегі жөндеу және құрылыс жобаларына профиль түрін еш қиындықсыз таңдауға мүмкіндік береді. Соның арқасында тұтастай жабық, шалқайып ашылатын, жиналмалы жапқышы мен балкон есігі бар терезе блоктарын жасауға да болады. Кәсіпкердің өнімдері функционалды ғана емес, дизайны сәнде де.
Қазір кәсіпорынның тұрақты тұтынушылары көп. Өйткені бұл өнім әртүрлі салада әрдайым сұранысқа ие. Кәсіпкер өнімді елдің әртүрлі аймақтарына да жеткізіп береді. Болашақта шет елдерге экспорт шығару да жоспарда бар. Бұл – облыс пен елдің экономикалық дамуына үлкен үлес қоспақ.