Kyzylorda-news.kz. Құрылыс қай кезде де тоқтамайтын сала. Сондықтан құрылысқа қажетті өнімдер әрқашан сұранысқа ие. Осыны ескерген қызылордалық жеке кәсіпкер Индира Жамалова облыс орталығынан пластик құбырлар шығаруды қолға алған. Бұл өз кезегінде кәсіпкердің аймақ тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.
– Пластмасса – бүгін және келешекте де сұранысы жоғары өнім түрі. Бүгінде оның қолданыс аясы өте кең. Заманауи құрылыста, сантехника желілерін төсеу немесе жылыту жүйесін орнатуда, күрделі инженерлік жүйелер салуда таптырмайтын материал. Олар металға қарағанда арзан, жеңіл, берік, қарапайым монтаждалады, ұзақ шыдас беретінімен ерекшеленеді. Шірімейді, қабырғаларына қақ пен шөгінді тұрмайды, орта есеппен 50 жыл қызмет етеді, – дейді кәсіпкер.
Кәсіп аясын кеңейту мақсатында Индира Жамалова алғашқыда «Қазақстан Халық Банкінен» несие алған. Десе де, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарлама игілігін пайдалануды жөн көрген. Осылайша, «Даму» қорының «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы аясында алған несиесінің процентін субсидиялап, қарызын азайтқан. Мемлекеттік бағдарлама игілігін көрген кәсіпкердің кәсібі бүгінде жандануда. Пластмасса өніміне жергілікті тұрғындардан ғана емес, аймақтан тыс өңірлерден де сұраныс жоғары.