Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы «Алтын тас» ЖК мекемесінің директоры Нұрбек Тұрғанбеков тас төсеніш пен керамикалық плиталар өндірісін қолға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Өндіріс цехы 2016 жылы тастакта (брусчатка) шығара бастаған. 2022 жылы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы жеңілдетілген несие алып, өндіріс орнын 3 есеге кеңейткен.
Қазіргі таңда, цех аумағында пескаблок, тратуальный плитка, бордюр, лоток, люк, цоколь, полифасад өнімдері өндіріліп, тұтынушыларға пайдалануға берілуде.
Биыл кәсіп иесі өндіріс көлемін 32 000 ш.м-ден 40 000 ш.м дейін ұлғайтуды көздеуде. Қазіргі уақытта, аталған мекемеде 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аймақта кәсіпкерлерге қолдау көрсету жоғары дәрежеде. Облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, 2023 жылы аймақта шағын және орта кәсіпкерліктің 4716 жобасына 68 млрд теңге сомасында қаржылай қолдау көрсетілген. Атап айтар болсақ, «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында жалпы несие портфелі 31 млрд теңгені құрайтын 837 жоба субсидияланған. Оның ішінде, жалпы несие портфелі 6,1 млрд теңгені құрайтын 235 жоба жас кәсіпкерлердің үлесінде. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы арқылы 372 жоба 3 млрд теңгеге қаржыландырылса, оның 12,7 пайызын жас кәсіпкерлер құрайды. Яғни, жас кәсіпкерлердің 52 жобасына 382,4 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ал аграрлық несие корпорациясы арқылы жастардың 492 жобасы 2,3 млрд теңгеге қаржыландырылған.
Жастар кәсіпкерлігін қолдау – тың идеялардың, инновациялардың, жұмыс орындарын құрудың және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудың қозғаушы күші. Мұндай шаралар жастар арасында кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға септігін тигізіп, елдің экономикалық өсуі мен өркендеуіне ықпал етеді.
Қорлан САРЫ