Ас тұзы Қызылорданың кәмпит, балығы сияқты бренд қатарында. Облыс орталығындағы «Алтын орда» ЖШС – осы өндіріс бағытындағы жетекші компаниялардың бірі.
Ширек ғасырдан астам тарихы бар компания барлық талапқа және сапа стандарттарына сәйкес тұз шығаруды 2016 жылы қолға алды. Тұз екі түрлі зауытта өндіріледі. Алғашқысы 2016 жылы іске қосылды, ол кезде қуаттылығы сағатына 3 тоннадан аспайтын.
Кәсіпорын директоры Нариман Абжанов бастапқыда саннан гөрі сапаға көбірек мән берілгенін, тұтынушы қауіпсіздігі мен денсаулығы қай уақытта да басты назарда екенін айтып отыр.
– Екінші зауыт алдыңғы жылы пайдалануға берілді. Оған сағатына 10 тоннаға дейін тұз өндіруге қабілетті цех орнатылды. Сапа менеджменті жүйесі арқылы шикізат пен материалдар сапасы 100 пайыз қадағаланады. «Ас-соль», «Сафия» деген бренд қаптамадағы өнім Қызылордадан басқа елдің барлық облысында қолжетімді, – деді серіктестік басшысы.
Ал сырт елдерден Ресей, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Моңғолия мен Балтық елдеріне экспортталып жүр. Мамыр айының басында аспанасты елінің де нарығына алғаш болып жол тартты. Алдағы уақытта осылайша өнімнің таралу географиясын біртіндеп кеңейту жоспарда бар.
Кәсіпорында маңдай терін төгіп жүрген жұмысшылардың саны 150-ден асады. Оның басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Компания басшылығы өңір адамдарының еңбекпен қамтылуына әрдайым басымдық беріп отырады. «Алтын орда» ЖШС «Халыққа арналған тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Шағын кәсіпкерлік субъектісі» санатында 2021 жылы «Алтын сапа» сыйлығын иеленді. Ал өткен жылы республикадағы «Ұлы дала елі» бірыңғай брендін пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың жеңімпазы атанды.
Ал былтыр Сыр өңіріне ресми сапармен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұз өндіретін зауыттың жұмысымен танысып, кәсіпорын қызметін жоғары бағалаған болатын. Бұл іргелі өндіріс орнының жұмысына серпін берді. Ендігі мақсат – үшінші зауытты іске қосып, елдің азық-түлік өндірісін дамытуға үлес қосу.
Назерке Саниязова