Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысындағы кәсіпорындарда айлық аудит жұмыстары жүргізілді.
Атап айтқанда, «Тағам», «Mimar», «Арафат», «Salam bro», «Buffet city», «Nauat» дәмханалары, «Камшат» кондитерлік цехы, «Guzi» жартылай дайындалған ет өнімдерінің цехы, «Рза» АҚ-ның сүт және нан өнімдерін өңдіру цехтары, күріш ақтау зауыты тексерілді. Түрлі кезеңдегі аудит жұмыстарын «Халал Даму» технологтары Гүлмира Маратқызы мен Перизат Шарапатова орындады.
Тексеру барысында өндіріс орындарының тазалық деңгейі, шикізат пен дайын өнімнің сақталу шарттары, сондай-ақ халал стандарттарының сақталуы мұқият қаралды.
Әр кәсіпорында тағам дайындау процесі толықтай зерттеліп, қолданылатын қоспалар мен ингредиенттердің шариғат талаптарына сәйкестігі тексерілді.
Сонымен қатар, қызметкерлерге халал стандарттары мен гигиеналық талаптар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Аудит қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктер бойынша тиісті ескертпелер беріліп, оларды жоюға уақыт белгіленді. Жалпы алғанда, кәсіпорындардың басым бөлігі халал талаптарын сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Фото: ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі
