Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда жастардың дені кәсіпке бет бұрды. Мемлекет тарапынан берілетін қолдауды пайдаланып, өз ісің дөңгелетіп жатқаны қуантады. Өзгеше кәсіпті қолға алған кәсіпкер 24 жаста.
Өңірде есігін айқара ашқан шағын зауыттың негізгі құрылтайшысы – қызылордалық 24 жастағы кәсіпкер Айдос Амангелдиев. Жаңа зауыттың өндірістік қуаты жылына 5 мың тоннадан асады, алда 10-ға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Бұл туралы Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы хабарлады.
Аталған зауытта құрылысқа қажетті су-эмульсиялы, лак-бояу өнімдері шығарылатын болады. Өндіріс технологиясын және зауыттың халықаралық сапа стандартын ескере отырып, өнімге қажетті шикізат Алматыдан сатып алынады.
– Бұл жобаны мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырдым. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы» арқылы 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Алматы қаласынан арнайы қондырғы мен жабдығын алып, ғимарат жалдау арқылы шағын цех аштық. Эмульсияға қажетті шикізат пен түрлі қоспаны да Алматыдан алдырамыз. Әзірге эмульсияның 3 түрін дайындаймыз, – дейді жеке кәсіпкер.