Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен Pizza Pitch өтті.
Pizza Pitch жиынында қатысушылар өз бизнес жобаларын кең аудиторияға таныстырып, сарапшылардан кәсіби баға алды. Сондай-ақ, жобаларды әрі қарай дамыту бойынша кеңес пен практикалық ұсыныстар айтылды.
Шараның басты мақсаты − жас кәсіпкерлерді қолдау, спикерлік дағдыларын дамыту, сахна мәдениетін қалыптастыру. Жиынның ерекшелігі – қатысушыларға жүлде берілмейді және көпшілікке пицца таратылады.
Дәстүрлі түрде өтетін жиында 16 стартап жоба қорғалды. Нәтижесінде 8 жоба іріктеліп, 19 сәуір күні өтетін Kyzylorda Hub Idea Battle байқауының Demo Day кезеңіне өтті.
Kyzylorda Hub Idea Battle – стартаптарды қолдау, ел ішіндегі стартап мәдениетін насихаттау және Қазақстан аймақтарында цифрландыруды дамыту үшін үздік IT идеяларды анықтауға бағытталған байқау.
Айта кетейік, университетте студенттер арасында кәсіпкерлікті дамыту, тың идеяларына қолдау көрсету мақсатында кәсіпкерлік орталығы жұмыс істейді.
Кәсіпкерлікті дамыту бойынша осы кезге дейін «Startup Bolashak. Menin armanym» жобасы, «Zhas project» бағдарламасы, «HackDay» және «Smart city Kyzylorda» хакатондары және басқа да ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Орталық бес жыл ішінде 7 мыңнан астам жасқа бағыт-бағдар берді. Қазіргі уақытқа дейін инкубатордан 89 резидент-түлек шығып, жалпы 70 миллионға жуық қаржы тартылды.