Жақында Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде ІТ саланы серпінді дамытуға бағытталған жобалардың қолданысын кеңейтуді тапсырған болатын. Осы бағытта Қызылордада ІТ саласын қолдауға үлкен басымдық берілуде. Соның арқасында өңірде дәл осы саламен айналысам деген жастарға да мол мүмкіндік қарастырылған. Жыл өткен сайын салаға қызығушылық танытатын оқушылар мен студенттердің саны артып, олардың тың жобалары өз нәтижесін көрсетіп келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен облыстағы ІТ саланы дамыту аясы талқыланып, арнайы дөңгелек үстел өтті.
– Өздеріңізге белгілі, жақында Қорқыт ата университеті Оңтүстік Корея елімен бірлесіп жасанды интеллект мектебін ашты. Қазіргі таңда студенттер осы бағытта білім алуды бастап кетті. Алдағы уақытта да екі ел арасындағы бірлескен жұмыстар жалғасын табатын болады. Жалпы, бүгінде университетке арнайы жасанды интеллект бойынша 100-ге жуық грант беру мәселесі қаралуда. Грант иегері атанған студенттер екі жыл көлемінде Оңтүстік Кореяда білім алатын болады. Бұл біздің Қызылорда облысының студенттеріне өте керекті әрі ыңғайлы жоба екені анық. Бұл өз кезегінде жас мамандарымыздың тың жобаларын жарыққа шығаруға мол мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, жаңа идеяларды танытатын Kyzylorda Hub, ІТ park, Astana Hub және облыс әкімдігімен бірлескен түрде әртүрлі шаралар өтеді. Оның ішінде Hackathon, Pecha-Kucha секілді шараларымыз да бар. Былтыр жасанды интеллектті дамыту бағытында иннофест өткіздік. Сол фестивальде жасанды интеллекті қазақшаландырып, ерекше жоба дайындағандардың бірі – қызылордалық оқушы Асылжан Абдуллаев. Қазіргі таңда оның жобасына елімізден бөлек, шет мемлекеттерден де қызығушылық білдіруде. Заман дамыған сайын жаңа технологиялардың пайда болатыны белгілі. Осыған дейін робототехникалар дамып келсе, қазір жасанды интеллект арқылы жаңа индустрияны дамытуға мүмкіндік тууда. Сол себепті ІТ саланы дұрыс дамыту ел экономикасына жаңа серпін әкелетіні сөзсіз, - деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла.
– Бүгінде еңбек нарығында ІТ саласының мамандары үлкен сұранысқа ие. Яғни, қазіргі таңда барлық салаларға ІТ технологиялардың көмегі қажет. Сол себепті біз осы саланы дамыту бағытында бірнеше ауқымды жобаларды қолға алып, қала мен шалғайдағы елді мекендердің дарынды жастарын тартудамыз. Олардың тың жобаларын одан әрі жетілдіруге өз үлесімізді қосамыз. Сол жұмыстардың арқасында өңірімізде сәтті жобалар жарыққа шықты. Жалпы, статистикалық мәліметке сүйенсек, ІТ бағытында ұйымдастырылатын жобаларға Қызылорда қаласына қарағанда, шалғай ауылдардағы жастардың саны басым. Қармақшы, Арал, Қазалы аудандарының жастары өте белсенді. Бұл бізді ерекше қуантады. Алда көптеген жаңа жобалар мен жоспарлар орындалады, - деді "Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Тубекбаев.
– ІТ тек айтишниктерге арналған сала емес. Бұл сала барлық саламен тығыз байланысты. Сол себепті мектеп табалдырығын аттаған әрбір оқушы осы сала бойынша толық білім алуы керек деп ойлаймын. Бұл жердегі басты мақсат - барлығын ІТ маманы ету емес, болашағына қажет болатын қарапайым қызметтерден хабардар ету. Жалпы, біздің ІТ парк базасында 12 резидент бар. Олардың әрқайсысы ІТ саласы бойынша айына 2 рет іс-шара өткізеді. Ол шараларға біз ауылдық, аудандық мектептің және колледждің балаларын онлайн түрде қатыстырамыз. Одан бөлек, біз шет елдің мамандарынан кеңес алып, балалармен кездесу ұйымдастырамыз. Биыл жасөспірімдерге арналған тағы бір жоба өткізуді жоспарлап отырмыз, - деді “Grand master” бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі