Kyzylorda-news.kz Ақсуатта бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «ҚазАгроМир» ЖШС мекемесінің жылыжайы бұған дейін де аймақ халқын жыл бойы көкөніспен қамтамасыз етуде үлгі болып келеді. Жылыжай бес жылға жуық уақыт ішінде үздіксіз жұмыс істеуде. Екі гектардан аса жер көлеміне орналасқан жылыжай биылғы алғашқы өнімді жинай бастады.
– Мына өздеріңіз көріп тұрған қияр – желтоқсан айында еккен дәніміздің жемісі. Биылғы өнім, Аллаға шүкір жақсы шықты. Бір айдың шамасы болды, терім жұмыстары қарқынды жүруде. Қала аумағындағы көп дүкенді қамтамасыз етіп отырмыз. Осы күні отыз шақты адам жұмыс істейді. Олардың дені – жергілікті тұрғындар, – дейді жылыжай бригадирі Ерлан Орынбаев.
Айта кетейік, бұл нысан аймақтағы алғашқы өндірістік жылыжай саналады. Испан технологиясы бойынша жұмыс істейді. Барлық жұмыс автоматтандырылған. Бұл – елді мекендегі жалғыз жылыжай емес. Жыл басынан бері «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы Ақсуаттан тағы екі жылыжай бой көтерді. Бұл бағыттағы кәсіпкерлер алғашқы өнімін тұтынушыларға ұсынып үлгерді. Солардың бірі – Алма Смаилова.
– Ашқанымызға бір айдан енді ғана асып жатыр. Өнімімізді өткізіп жатырмыз. Кәсіп бастап жатқанымызда Құдайдың да қарасқаны шығар, «көгілдір отынға» қосылып, көп бейнеттен арылдық. Бұрын от жағып, ерте көктемнен көшет шығарып бастайтынбыз. Қазақ «қолы қимылдағанның аузы жыбырлайды» деп, бекер айтпаса керек-ті. Бейнеттенсең, жемісін жейсің. Әрі демаласың, әрі өнімін көрген сайын еңбектенуге ықыласың да арта түседі. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дедік те, білек түре кірісіп кеттік қой. Балам Нұрғазының бастамасы, мен – көмекшімін. Енді берекесін берсін деп әрекет етіп жатырмыз, – дейді Алма Смаилова.
«Елде болса, ерінге тиеді» деп, ақсуаттықтар осылай ақ қарлы маусымда сабағынан жаңа үзілген қиярдың дәмін татуда. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын таба түсетіні анық.