Kyzylorda-news.kz Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында өткен жылы шағын өндіріс орталығы ашылып, ауыл кәсіпкерлігінің дамуына серпін берді. Аумағы 1 мың шаршы метрді құрайтын орталықта бүгінде оннан астам кәсіпкер өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Соның бірі – шұлық өндірісін жолға қойған ауыл тұрғыны Сәрсенкүл Аралбаева.
Көпбалалы ана кәсіпкерлікпен 2012 жылдан бері айналысып келеді. Сауда-саттық саласында жинаған он жылдан астам тәжірибесі уақыт өте келе өндірістік бағытты игеруге жетелейді. Осылайша, отбасы мүшелерімен ақылдаса отырып, шұлық шығару ісін бастауды ұйғарады.
– Біз отбасымызбен Қызылорда қаласының іргесіндегі Махамбет ауылында тұрамыз. Жолдасыммен, бала-шағаммен кеңесе келе өндіріс саласында бағын сынап көргіміз келді. Алғашында екі станокпен тәулігіне 250 дана шұлық өндірдік. Бағасы нарықтағыдан төмен әрі сапасы жоғары болған соң өнімімізге сұраныс артты. Кәсіпті кеңейту мақсатында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына жүгіндік. Олар жобамыздың әлеуетін бағалап, 6 пайызбен 15 млн теңге көлемінде несие ұсынды, – дейді кәсіпкер.
Аталған қаржыға қосымша құрал-жабдықтар сатып алынып, өндіріс көлемі 4–5 есеге артқан. Қазіргі таңда кәсіпкер тәулігіне 1000–1200 дана шұлық шығарып, алты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Өнімнің негізгі тұтынушылары – облыс тұрғындары. Сонымен қатар, кәсіпкер тауарды маркетплейстер арқылы сатуды қолға алуда. Айтуынша, өзге өңірлерден түсетін тапсырыстардың да саны күн санап артып келеді. Бұл – отандық өнімге деген сұраныстың жоғары екенін айғақтайды.
