Kyzylorda-news.kz  Қазір айналамызға аңдап қарасақ, кәсіп ашып, көкжиегін кеңейтіп жатқандар көп. «Жұмыс жоқ» деп отыратын заман емес. Қолы қимылдаған адамға кедейлік жоқ. Рас, дүние. Ебін тауып әрекет етсеңіз, кәсіпті дөңгелетіп әкетуге болады. Әркім тек өзіне ыңғайлы, бейіміне қарай еңбек етсе болғаны. Осындай кәсіпті жан-жақты зерттеп, оны табыс көзіне айналдырып жүрген жанның бірі – Жұлдызай Есіркепова. Сыйлықтар әлемін серік еткен жүзі жылы, сөзге мығым кәсіпкермен жақында тілдесудің сәті түсті.

Әрдайым жаңа идея ойлап тауып, ізденіс үстінде жүретін Жұлдызай сүйікті ісі туралы айтудан жалықпайды. Оның әңгімесінен өзінің кәсібіне жан-дүниесімен берілгенін ұқтық. Бизнесте өзін сынап көргісі келген көптің біріне ұқсамайды. Ең әуелі пайданы емес, ойға алған идеясының жүзеге асуына білек сыбана кіріскен оның еңбегі де нәтижесіз емес. 

Ол Қызылорда қаласының тумасы. Қармақшыға 2020 жылы келін болып түскен сәтінен бастап кәсіп ашуға ықыласы оянады. Сол жылы  шар бизнесін қолға алып, үйде отырып-ақ халықтың сұранысына сай жұмыс істеп бастайды. Қосымша тұсаукесер тойларына киімдерді жалға беріп отырады.

– Астана қаласында фитосанитария мамандығы бойынша білім алдым. Мұны кейін магистратурада жалғастырдым. Сонда оқып жүргенімде дәл қазіргі дүкенімдегідей жерге жұмыс істегенім бар. Сол кезде іштей «өзімнің осындай кәсібім болса» деп армандаушы едім. Адамның  арманы алдамайды ғой. Төрт жыл бұрын бастаған кәсібімді дамытып, өткен жылдың аяғында Аллаға тәуекел етіп, сыйлықтар дүкенін аштық. Оған «Балнұр» қызымыздың атын бердік, – дейді кәсіпкер.

«Жас келсе, іске» демекші, ерінбеген адам табыстың көзін табады. Жұлдызай Омарқызы бойындағы жастық жалынын жұмысқа, кәсіпке қарай арнағанды жөн көреді. Сыйлықтар әлемінде қуантуға арналған құшақ-құшақ гүлден бастап безендіруге қажеттінің дүниенің бәрі бар. 

– Кәсіп бастау үшін айқын мақсат керек. Бірінші кезекте қалтаны қалыңдату емес, сүйікті ісіңді сапалы жасау. Нарықты зерттеу, сұранысқа талдау жүргізу қажет. Бұл менің жаныма жақын сала. Өзім осы гүлдер арқылы жаныма жайлылық ұялайды. Дүкендегі гүлдерді аптасына 2 рет Алматы қаласынан арнайы алдырамын. Биыл бітіру кешінде гүлдердің бәрі жаппай өтіп кетіп, халық гүл таба алмай біраз әуреге түсіп қалғаны бар. Біздегі алғашқы тәжірбие болған соң мұндай жағдай болуын қалыпты деп қабылдадық. Жалпы кез келген дүниені адамға тәжірибемен келеді ғой. Келген адамның барлығын бір жерден тапқанын қаладық. Сол үшін де қазір аниматор қызметін ұсынатын Гауһар Әбдікәрімовамен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ сыйлық іздеп келген адам тәтті тортының болғанын жақсы көреді. Мұндайда арнайы кондитерлермен келісіп, оны да қосып отырамыз, – дейді ол. 

Жұлдызайдың жарқын кәсібі тұтынушы тарапынан жоғары бағалануда. Тұрақты тапсырыс беретін тұрғындармен қоса сұраныс саны күннен-күнге көбеюде. Ең бастысы баға – қолжетімді, сапа – көңілге қонымды. Кәсіп қылған адам қашанда жетістікке, мақсатына жетеді. Оны көзімізбен көріп келеміз. 

Бастаған істі жан дүниеңмен атқара білгенге табыс өзі келеді. Мақсат, жігер, ізденіс алға жетелейтіін айтқан кәсіпкер әлі талай белесті бағындыратынынан үмітті.

 

Ақнұр САҒЫНТАЙ

Тағы да оқыңыз: