Kyzylorda-news.kz. Қазір Қазалы ауданының өнімдері республикаға тарап, халықтың сүйікті дәмдеріне айналуда. Қазалыда өндірілген күріші мен сүт өнімдері және ащы кәмпитіне сұраныс жоғары. Соның ішінде, Қазалы ауданындағы кәмпит цехін 2012 жылдан бастап, Нұрбек Қазбергенов атты азамат қолға алған болатын. Бүгінде қолға алған кәсіп аясын кеңейтіп келеді. Осы күні мұнда дәмі тіл үйірер «Қазалы» кәмпитінің жеті түрі шығарылады. Аудандағы цех Қызылорда облысындағы ерекше кәмпит түрлерін шығаратын автоматтандырылған жалғыз кәсіпорын екендігін бірі білсе, бірі білмес. Қаншама еңбек пен тер төгіп, әзірленген өнімдер Қызылордадан бөлек, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарына жөнелтіледі. Тіптен, тікелей цех арқылы көтерме саудамен айналысатындар сатып алып, теміржол бекетінде, аудан дүкендері мен базарларында және алып сатушылар жүргек пойыз жүргіншілерге де сатады. Осылайша, «Қазалы» кәмпитінің дәмін көрмеген жан жоқ деуге әбден болады.
«Қазалы» кәмпитінің пайда болған тарихын баяндасақ, өткен ғасырдың елуінші жылдары қолға алынған деген дерекке кезігеміз. Ел тәуелсіздікке қол жеткізіп, мемлекетте тоқырау уақыты басталғанда өндіріс орындарын тұралатып кеткен тоқсаныншы жылдары осы кәсіпорынның айналасындағылар тәтті кәмпитті үйден жасап, онысын пойызда сауда жасайтындар көтерме бағамен сатып алып жүрді.
Алғашында Нұрбек Қазбергенов отбасылық кәсіпті тұралатпай, әріқарай дамытақанда да барлық жұмыс баяғыдай қолмен атқарылатын дегенді алға тартты.
Қазанда қайнаған шәрбәт алдымен иленеді. Ол суығаннан кейін бірнеше адам қайшылап кесіп, орауға кіріседі. Уақыт пен адам күші көп жұмсалатынынан бөлек, тәттінің осы түрінде сырты жылтырап, жұтынып тұрған кәмпиттің өзге сорттарымен бәсекеге түсе алмайтыны белгілі. Сондықтан жас кәсіпкер әуелі осы қиын шаруаны жеңілдетуді ойластырады.
– Алдымен Қырғызстан мен Қытайдағы кондитерлік цехтар жұмысын бақыладым. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 18 миллион теңге несие алып, өндірісті ішінара автоматтандырылған жүйеге көшірдік. Осылайша, 30 адамның тірлігін 4 жұмысшы атқаратын болды. Қытай мен Ресейден кәмпиттерді созып, бөліп, турайтын және қағазын орайтын аппараттар сатып алдық, – дейді жаңашыл кәсіпкер Нұрбек Қазбергенов.
Осындай жұмыстар арқасында 2015 жылы «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында «Қазалы» кәмпиті жеңімпаз атанды. Әр жылға қойылған жоспарды орындау арқылы өнім қазіргі күні еліміздегі қатты карамель өндірісінен өз орнын ойып тұрып алды. 2021 жылдан бастап, «Қазалы» кәмпиті жаңа үлгідегі қаптамамен шығып келеді.
Бұл өнімді үйден дайындайтындар әлі де бар. Қазалыда он бес шақты үй, Қызылорда мен Аралда, Қармақшыда әзірлейтіндер де кездеседі. Ал, цехтағы өнім халықарлық стандарттарға сай келуімен ерекшеленеді. Кәмпит дайындауға керекті қант бағасы да, өнімді орайтын қаптама мен хош иістендіргіштердің бағасы жыл сайын өсіп келеді. Әрі, оның барлығы сырттан әкелінеді. Бұл ең алдымен, әрине, өнімнің өзіндік құнына әсер етеді.
– Астанада өткен «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өнімімізді ел көлемінде таныстырудың мүмкіндігі болды. Былтыр облысқа жасаған сапарында Мемлекет басшысы да «Қазалы» кәмпитімен танысып, оң бағасын берді. Осының бәрі бастаған игі кәсібімізді жалғастыруға үлкен демеу болды.
Бүгінде тұтынушылар талабының да көп өзгергенін байқаймыз. Олардың сұранысына сай болу үшін ізденісті тоқтатпаймыз, – дейді Нұрбек Қазбергенов.
Қазалы ауданынан осы уақытқа дейін күріш, балық өнімдері және қамыс шетелге экспортталып келеді. Енді олардың қатарына «Қазалы» кәмпиті де қосылды. Өңір брендіне айналған өнім көп ұзамай Қытай еліндегі сауда сөрелеріне түсе бастайды.