Kyzylorda-news.kz  Еңбек пен бақыт – егіз ұғым. Еңбектің көзін тапқандар ғана бақытқа қарай жақындай түседі. Айтуға оңай шығар, бұл істе екінің бірінің жолы бола бермейді. Өмірде бірі бастаған ісін аяғына жеткізбей, әрі-сәрі күй кешсе, бірі қиыннан қиыстырып, дөңгелетіп әкетуде.

«Қалауын тапса, қар жанады» демекші, кісілік келбет пен кәсіпкерлік қызметті қатар алып жүргендер арамызда аз емес. Олардың бұл әрекеті ауыз толтырып мақтауға тұрарлық дүние. Себебі, мақсатына жету үшін асқан қажырлық пен темірдей табандылық талап етіледі. Ал, айтылған жолдан сүрінбей өткендер ғана түбінде татқан бейнетінің зейнетін көреді. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің, қайғы түбі – тұңғиық, батасың да кетесің» демекші, батылдық пен сенімді серік етіп, кәсіп бастап, оның несібесін көріп отырған жандар қаншама.

«Еңбектің көзін тапқан, бақыттың өзін табады» деген. Нарық қоғамында бәсекелестер қатарынан бәсі озып, өз өнеркәсібін өрістетіп отырған Қазалы ауданының жас кәсіпкері Руслан Бөлекбайды көпшілік таниды. Бүгінгі әңгіме Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі марапаттап жатып: «Қазақтың келешегі өздеріңдей жалынды жастар қолында» деген сенімді аманаттаған азаматқа арқа сүйеп, абыройын асқақтауға атсалысқан асыл жан, ардақты әке туралы болмақ.

Тау баласы тауға қарап өседі. Тегінде қазақтың тамырына бойлап, шежіресін тарқатуы текке қалыптаспаған түсінік. Кейінгі ғалымдар жылдар бойы генетикалық сараптама жасап, жеткен тұжырымды, халқымыз бір ғана дәстүрге сыйғызғанына таң қаласың. Психологтар айтып жүрген әр адамның бойындағы қабілетін ояту, ашу, дамытуға келгенде көбіміз кешеуілдік танытатынымыз бар. Біздің оқиға балаға қажеттілікті материалдық құндылықпен өлшейтін үлкендердің «ананын баласы» дегенді айтпас бұрын, ойлануға жетелейді.

Жаңалық Бөлекбаев – теміржолшы. Өмір бойы мамандығын мақтанышына айналдырып, абыройды алыстан іздемей, қарапайымдылықпен күй кешкен жан. Қызығы, ол туралы туындыны қазақтың бәрі біледі. Өзі шыққан аудан орталығында, бір салада табаны күректей – 35 жыл талмай төр төгіп келе жатқан азаматтың әнге арқау болуына не себеп болды екен? Жауап бізді де қызықтырды.

Қазалының Бекарыстан би ауылында дүниеге келген Жаңалық туған жерін түлетуге аянбай атсалысқан Қаман пен Күнжәмила Бөлекбаевтар отбасының кенжесі.

Германияда әскери борышын өтеген соң, Ақтөбедегі теміржолшылар даярлайтын институтты вагон шаруашылығы мамандығы бойынша бітіреді. Жоғары білімді жас маман 1989 жылы Қазалы вагон депосына жұмысқа орналасады. Аталмыш мекемеде сол кезден бері слесарь, бригадир, цех шебері болып жұмыс істеп келеді.

Жары – Нәйлә Әбдімұратқызы «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасында әдіскер. Отбасында алтын асықтай ұл-қызды бірге тәрбиелеп отыр. Сөз басында айтқан үйдің тұңғышы Руслан – «Ақмешіт» университетінің түлегі. Еңбек жолын мемлекеттік қызметте бастаған ол облыс, ауданда жауапты істер атқарды. Қазалы агроколледжінен жол басқару мамандығын алған Жасұлан бүгінде мұнай саласында. Ақгүл Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, магистратурасын қызыл дипоммен тәмамдаған. Мамандығы бойынша су шаруашылығында еңбек етуде.

Баларының қай-қайсысы да елгезек, көмек сұраған жанға қолындағы соңғы дүниесін қиып беруге даяр болып өскенін бағамдадық. Руслан жасаған қайырымдылық әркеттерді қазалылықтар жыр қылып айтады. Кәсіпкерден көмек сұрайтындар, тұрақты хабарласып, хал-жағдайын жеткізетіндер барын білдік. Бизнесменнен бұл туралы сұрағанымызда, қысқа ғана: «Ол біздің отбасылық ұстанымымыз. Ұяда алған тәлім-тәрбиеміз» , – деді. Ата-анасы туралы айтып беруін өтінгенімізде: «Анам – тілекшім, әкем – ең үлкен қамқоршым. Басқалардың қандай екенін білмеймін, олардың отбасында бір-біріне дауыс көтеріп ұрысқанын, не кемсітіп, төмендеткенін көрмеппін. Атам әкеме: «Ала жіпті аттама. Қолыңда бармен бөліс. Алла келер жерін кеңітеді» дегенді аманаттапты. Әкемнің өміріне арқау болған сөз біздің отбасының бұлжымас қағидасы, берік ұстанымына айналды», – деді. Төрелі сөздің төркінін кейін ұғындық. Жақсы адамдар туралы айтылғанда ойға оралатын Төреғали Төреәлі айтатын «Менің ағам» деген әдемі ән бар ғой. Сол туындыны авторы Жаңалық ағамызға арнап шығарған екен.

«Сыйласу үшін екі адам, Бір тусын деген бос ұғым» деген екі адамның риясыз араластығын осынау жолға сыйдырған әннің кейіпкеріне өлмес өнер мұраны не үшін қалдырғаны туралы білгіміз келгенде, Жәке жақындық жөнінде айттып, тума талант туралы жақсы пікірімен бөлісті.

«Қазақтың маңдайына біткен біртуар өнер иесі еді. Ғұмыры қысқа болды. Екеуіміз танысқан аз уақыт бізге көп дүниені ұғындырды»,– деді. Ініге аға, кішіге пана болу алмағайып заманда, расында, үлгі болар іс. Туғанына есеппен араласатындар көбейген тұста «аға» деген алғаусыз көңілге лайық болып, Дархан Оразымбетовке қамқорлық танытып, баспана салып, енші беру кез-келгеннің қолынан келе бермесі анық. Сүйсіндік, сүйіншілеп, оқырманға жеткізуге асықтық.

Бізді қызықтырған бизнес те, Жаңалық әкенің ұсынысынан басталыпты. Байыптадық.

– Аудандағы жетекші бөлімде қызмет етіп жүрген кезім. Ертемен кетеміз, кеш бата келеміз. Кейде отбасы мүшелерін көріп те үлгермейміз. Жұмыс талабы сондай. Демалыссыз, үзіліссіз, үздіксіз қозғалыс. Осындай күндердің бірінде шаршаңқы түрімді көріп, әкем жанына шақырып алып: «Мына жұмысыңды қойсаң қалай болады. Қазіргі уақыт мүмкіндіктер кезеңі ғой. Басқа салада өзіңді сынап көр», – деді. «Қалай болады екен?» деген ойда қалдым, – деп еске алады сол кезді.

Алғашында абдыраған Русланға жергілікті өнім өндіру туралы ойды да әке салыпты.

Бұрын-соңды ауданда дамымаған істі ілгерілету оңай шаруа емес. Алдымен оған деген толық түсінік, істі зерттеп-зерделеу, бәсекелестерді байыпты бақылау, білім алу, тәжірибе жинау, қажетті құрал жабдықтар мен шикізатты табу қажеттілігі туындайды.

Ойға келген бастама оңай орындала қойсын ба, ізденіс үстінде жүрген жігіт 6 айдан астам уақытын, көлемді шығынын кетіреді. Баласының қабағындағы кіреукені көргенде айтқан пікірі перзентінің тауы шағылмай, биікке ұмтылуына түріткі болады.

– Ұлым, қиындық болмаған жерде қуаныш ұяламайды. Сен бидай ексең, жерін өңдейсің, тұқымын себесің, суарасың, күтіп-баптайсың. Солай еткенде ғана өнім өсіп, бидай жеміс беріп, басын иеді. Бизнес те сондай. Бір ағам айтып еді, кәсіп – арбаның дөңгелегі сияқты. Кейде жай, кейде қатты айналады. Діттеген жерге жету үшін тек үнемі қозғалысын тоқтатпау керек. Іс бастадың ба, тастама. Махаббатыңды төк, бала-шағаңнан артық көр. Артыңда сені қолдайтын қуатты күш – отбасың бар». Тарқатудың да қажеті жоқ. Әр әке перзентінің үмітін осылай ұштаса, қиындық та, тосқауыл да еш нәрсеге кедергі келтіре алмас еді-ау.

Кәсіпкерлікті оның ішінде, жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған жоба – «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы болып табылады. Қазіргі таңда бұл бастама жас кәсіпкерлерге біршама бағыт-бағдар беруде. Қазақстан әлемдік өркениет көшінен өз орнын алуы үшін отандық өнімдеріміз барлық жағынан талапқа сай болуы қажет. Ол үшін отандық кәсіпкерлерді барынша қолдау қажет. Жас кәсіпкер – ертеңгі аяғынан тұрған, әлеуеті күшті, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін кәсіпкер қалыптастырушы орта. Барлық салада жас кәсіпкерлер қызметін дамытуға мән беріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың белгілі бір үлесін мақсатты түрде олардың қызметін дамытуға және қолдауға бағыттау қажет. Себебі, жастар кәсіппен айналысу кезінде қаржылық, ақпараттық, білім, инфрақұрылым және осы секілді басқа да көптеген қиындықтарға кезігіп отырады. Бүгінгі таңда назар аударатын мәселе ауылдық өңірлерде жастардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру және жас кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау өзекті болып отыр. Оның ішінде, ең басты жайт – кәсіппен айналысу ережесінің қарапайым әрі түсінікті болуы. Яғни, қоғам тарапынан кәсіпкерлерге оң көзқарастың болуы.

Нарық қалайтын өнімдерді шығару арқылы тиімді бизнес саласын құру отандық және шетелдік сату алаңында сүбелі орын еншілейтіні анық. Тіпті, қолыңыздағы ұялы телефон арқылы да жарнамалауды жолға қоюға болады. Өз ісін жақсы көру, уақыт пен қаражатты өз пайдасына жұмсай білу, жетістікте өмір сүру, биік мақсаттарды бағындыру – сәтті құрылған бизнестің жемісі.

Адамды еңбекке баулып, алға қарай ынталандыру қашанда пайдалы. Жастарға кәсібінің нағыз маманы болуға және өз бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік пен жағдай жасасақ болғаны. Ал, табысты болу кәсіпкердің еншісінде.

Тағы да оқыңыз: