Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданында кәсіпкерлік көкжиегі өсуде. Оған дәлел осындағы іскер жандардың ашқан түрлі кәсібі. Олар ешкімге шағынбастан өз қамдарын қамдауда. Сонымен қатар, мемлекеттің қолдауынан да шет қалмауға тырысуда. Солардың қатарында Ауылды қаржылай қолдау қоры тиімді шағын несиелендіру арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту және халықтың әл-әуқатын жақсартуды көздейтін бірден-бір көмекші қоғам ретінде танымал. Аталған қоғам ауылды аймақта тиімді жүзеге асатын шағын несиелендіру жүйесі бойынша қаржылық ресурсқа мұқтаж мақсатты топтардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары ірі компания санатында.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы тартылған қаржыдан бірқатар кәсіпкерлерді қаржылай несиеледі. Осыған орай, қазалылық кәсіпкерлерге арнайы бағдарламалар арқылы төмен пайызбен қарыз беріліп, өндірісті жандандырып, жаңартуға тегін кеңестер де ұсынған болатын. Үкімет тарапынан атқарылып жатқан осындай қамқорлықты тиісті деңгейде тиімді пайдаланып, несібесін шағын кәсібінен тауып отырған жандар біздің ауданда да көптеп кездеседі. Солардың бірі – қазалылық Айнұр Әлімбет 4 процентпен үш жылға 4 миллион теңге алып, наубайхана ашты. Қордан алған қаржыға арнайы нан пісіретін электр пеші мен қажетті құрал-жабдықтарды иемденді. Ол бала күтімімен ұзақ жылдар бойы жұмыс істемеген. Қазір осы кәсібінің берекесін көріп, барлық қарызын абыроймен өтеп шықты.
– Наубайхана ашу бұрыннан ойымда жүрген еді. Бұл берекесі мол шаруа. Ауыл ішінде пісірілген нанның сапасы жоғары, әрі бағасы тиімді болады. Маған нан өнімдерін пісіру ұнайды. Сол себепті де, осыны таңдадым, – дейді көпбалалы ана Айнұр Мертайқызы.
Тірлігі алға басқан кәсіпкер өз жағдайын түзеп ғана қоймай, төрт адамды жұмыспен қамтып отыр. Шағын цехтан түскен пайданың арқасында іскер әйел ай сайынғы берешегін уақытылы төлеп тұрды. Сапалы өнім – өркендеу кепілі ұстанымымен кәсібін ашып, қазір аудан орталығындағы дүкендердің басым бөлігін өз өнімімен қамтамасыз етуде.
– Бағдарламаның халыққа берері көп. Қаншама тұрғын соның арқасында әл-әуқатын дұрыстап алды. “Бастау бизнес” курсына қатысып, бірқатар мәліметке қанықтым. Қалай кәсіпті дамыту мен клиенттерді көбейту жолдарын үйрендім. Қажетті құжаттарды дайындау ережелерін білдім. Бизнес жоспарды әзірлеп, қаражатты алғаннан кейін наубайханаға Мирамкүл Сартай, Жанна Панова, Рүстем Панов, Миуагүл Қалабаева, нан тасушы Руслан Қанатбаев есімді көмекшілерді тарттым. кондитерлік өнімдерді жасау
Бүгінде күніге 500-600 дана нан пісіріледі. Алға қойған түрлі мақсат бар. Соның бірі – газ пеш алу. Әзірге тоқ пешпен барлық нан өнімдерін пісірудеміз. Газ пешке қол жеткізсем өте тиімді болар еді. Армансыз адам, қанатсыз құспен тең ғой. Жоспарларым көп. Осы ісімді кеңейткім де келеді. Дегенмен бұл келешектің еншісінде, – деп кәсіпкер Айнұр Мертайқызы өз жоспарымен бөлісті.
Тұтынушылар тарапынан нан өнімдеріне деген сұраныс қашанда жоғары. Бұларсыз күнделікті астан бастап, үлкен жиындарға дейін дастарқан мәзірінің сәні кірмейтіні баршамызға аян. Оның үстіне ас атасы кез келген азық-түлік дүкендерінің сөресінде табылуы тиіс.
“Еңбек еткен адамның еңсесі биік” дегендей, Айнұр Мертайқызы мұндай сұранысты толық қанағаттандырып, дәмді өнімдерін аудан нарығына саудаға шығарып қазалылықтардың алғысына бөленуде. Көпбалалы ана отбасылық кәсіпті дамытып, төрт ұлына мұра етіп қалдыруды жөн санайды. Еңбектің нанын жеп, кәсіпкерліктің көзін тапқан ол, дөңгеленген шаруасын әрі қарай үлкейтуді қолға алуда. Болашаққа сеніммен қараған Айнұр Әлімбет әлі де, бағындырар белестердің көп екеніне сенеді. Бүгінгі нарық кәсіпорыннан заман ағымына сай өнім өндіруді талап етеді. Өндірістің көлемі шағын болғанымен, сапаның сақталуы әрдайым бақылауда. Тұтынушы үшін ең бастысы – нанның дәмдік қасиеттері мен жоғары сапасы.
Мұнда нанның 5-6 түрі пісіріледі. Булочка, батон, лепешка, қара нан, көмеш нан, жаппай нан мен булочканың бірнеше түрі жасалады. Тапсырыспен самса, пицца, тоқаш, бауырсақ күнделікті 100 бен 200 арасында әзірленеді. Бұлардың барлығы базар бағасынан төмен болады екен. Сондықтан тұрақты тұтынушылар қатары көбеймесе, азайған емес. Сонымен бірге, "Сезім" базарының бірінші қабатында арнайы тапсырыс алатын адамы бар. Бұл жерде бургер, бәліш, самса шәй мен кофе сатылады. Сонымен қатар, дастарқан мәзіріне қойылатын кондитерлік өнімдер: пирожный, торт тапсырыспен дайындалады. Күнделікті таңғы 6:30-да жұмысшылар қамыр әзірлейді. Осылайша, кешкі 19:00-ге дейін ақ адал еңбек етеді. кей кездері тапсырыс көп түскенде 24 сағат жұмыс істейді.
– Жалпы, осы нан пісіру ісімен 26 жылға жуық отбасымен айналысып келеміз. Әуелде кішкентайлап, үйден бастадық. Газ астындағы плитаға үй ішімен булочка жасадық. Оны базарға арбамен апарып, саттық. 2010 жылдан бастап, әкем Мертай шағын наубайхана ашып, нан пісіруді толықтай қолға алды. Осы ас атасы – нанның арқасында бес баласын аяқтандандырды. Соның берекесін көрген біз де, ісін ары қарай жалғаудамыз, – дейді көпбалалы кәсіпкер Айнұр Әлімбет.
Іскер әйелдің Қазалы ауданының экономикалық әлеуетін барынша арттыру мақсатында халық игілігі үшін қызмет атқарып жатқан өнімі өтімді, жұмысы жүйелі, әрі наубайхана жұмысы жандана беретіні сөзсіз.
Фото: https://32.livejournal.com/2825283.html