Kyzylorda-news.kz Қойнауы құтқа толы Бекарыстан би ауылының тарихы әріден басталады. Қазалы ауданындағы ең алғаш құрылған ауыл. Қанатының астынан Үрмәш Түктібаев, Майдакөл, Ажар, Жаңақұрылыс, Жалпақ сияқты іргелі бес ауылдың еншісін беріп, бөлек шығарған қасиетті қарашаңырақ. Көзкөргендер Бекарыстан би ауылын қарашаңырақ деп айтатыны да сондықтан.
Майдакөл ауылдық округінің құрылғанына биыл бір ғасыр болады. Сырдария өзенінің сол жағалауындағы (күн-батыс беті) орналасқан «Ақжона» жерінің маңынан алты шаруашылық серіктестіктері – Шәуілдір, Қараарық, Ақжона, Палуан, Үлгі бол, Жаңа еңбек, оның ішінде, Ақжона қазіргі Бекарыстан би ауылы құрылған болатын. Олар үш шаруашылық – Октябрь, Қараарық, Жаңатұрмыс артеліне екі колхозға (Октябрь, Жаңатұрмыс) біріктірілген. Ұлы Отан соғысы басталған жылы «Октябрь» колхозы 100-130 отбасынан құрылған елді мекен болды. Октябрь колхозы, Карл Маркс атындағы күріш совхозы болған ауыл 1994 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Бекарыстан би» ауылы болып қайта құрылды.
Абдрахман Мәлік, Жаңабергенова Лиза, Ұзақ Оралбаев, Дәуірхан Айдаров «Еңбек Қызыл Ту», Елеу Көшербаев «Ленин», Ешниязов Жетес «Халықтар Достығы» Жанкеев Қуанышбай, Ұзақ Оралбай, Нармағамбетов Сақыбай, Байзақ Жібекәлі, Дәуірхан Айдаров «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Мұнда халық саны – 2865 адамды құрайды. Ауылдың бюджеті басты назарда.
– Өз кірістеріміздің жылдық жоспары 5617 мың теңге болса, нақты 7699,8 мың теңгенің түсімі түсіп, жылдық жоспар 137 пайызға орындалды. Әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту бойынша аз қамтамасыз етілген 3 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленді. Округ бойынша – 22 адам тұрақты жұмысқа, маусымдық жұмысқа – 12 адам, 31 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 11 адам жастар тәжірибесіне, 1 адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен, 11 адам әлеуметтік жұмысқа жіберілді.
Білім саласында ілгерілеушілік байқалады. Кеңес Одағының Батыры Үрмәш Түктібаев атындағы №24 мектеп 1976 жылы салынған. Мектепте – 488 оқушы білім алуда. Бұл білім ордасында – 90 педагогикалық қызметкер бар. Оның ішінде, педагог-зерттеуші – 12, педагог-сарапшы – 41, педагог-модератор – 10, І санатты – 4, ІІ санатты – 8 мұғалім жұмыс жасайды.
2022-2023 оқу жылында 11 сыныпты 28 оқушы бітірді. Екі оқушы "Алтын белгі" иеленді. 28 оқушының 23-і ҰБТ-ге қатысып, 17 оқушы жоғары оқу орнына оқуға түсті. 11 оқушы арнаулы оқу орнына оқуға түсті.
Мәдениет саласында – жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес, 52 мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп, 7353 көрермен қамтылды. Спорт жүйесінде – жыл көлемінде ұлттық спорт түрлерінен, волейбол, футбол, түрлерінен жарыстар өткізілді, – дейді Майдакөл ауылдық округінің әкімі Қонысбек Құрманбаев.
Айта кеткен жөн, 2022-2023 жылғы Қазалы аудандық Llf әуесқой футбол лигасында ауыл жастарынан құралған "Бекарыстан би" шағын футбол құрамасы 14 команда бақ сынаған додада екінші орында аяқтады. Мектеп ауласындағы ауыл азаматтарының демеушілігімен салынған спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қоршауы екі метрге биіктетілді. Бір қуантарлығы, 2024 жылға Бекарыстан би ауылынан спорт кешенінің құрылысын бастауға 50,0 миллион теңге бөлінді.
Кәсіпкерлік көкжиегі көркейіп келеді. Округ бойынша 135 жеке кәсіпкер тіркелген, оның ішінде – 10 заңды тұлға, 24 шаруа қожалық, 101 жеке кәсіпкер бар. Жаңадан 47 кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелді.
Өткен жылы жеке кәсіпкер Ертай Тоқболатов "Сыр Сұлтан" шағын маркетінің құрылысын салып пайдалануға берді. Сонымен қатар, Болатбек Айжігіт "Кілем және көлік жуу" орталығын салып, жұмысын бастады. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы құны – 69,6 миллион теңге болатын 15 жоба қаржыландырылды.
"Ауыл аманаты" жобасы арқылы 6 адам 27,6 миллион. теңге; "Бизнестің жол картасы-2025" арқылы екі адам 4,7 миллион теңге; Атамекен арқылы бір адам 2,7 миллион теңге; «Сырдария-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы үш адам, 16,9 миллион теңге алды. Сонымен бірге, «Кең дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 1 адам, 15 миллион теңге; грант (400 АЕК) 2 адам, 2,7 миллион теңге қаржыға қол жеткізді.
2023 жылдың кәсіпкерлік саласындағы басты жаңалығы – "Ауыл аманаты" жобасының жүзеге аса бастауы. 2,5 пайызбен халыққа несие беруді бастады. Бұл жобамен алты тұрғын несие алып, кәсібін дамытты.
Ауыл шаруашылығында да біршама даму бар. Округ бойынша – 2593 бас мүйізді ірі қара, 3513 бас жылқы, 74 бас түйе, 5055 бас уақ мал есепке алынды. Халық иелігіндегі барлық мал басы бірдейлендіріліп, компьютерлік базаға енгізілген.
Егін шаруашылығында "РЗА Агро" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 750 гектар жерге күріш, 150 гектар жерге жаңа жоңышқа екті. 100 гектар көне жоңышқа күтімге алынған. Ауыл тұрғындары 60 гектар жерге бақша дақылдарын екті.
Электермен қамтуға байланысты – өткен жылы аудандық бюджеттен М.Күзембаев, М.Ізмағамбетова, Жетес Ешниязов көшелері толықтай, Ғ.Мұратбаев, Қ.Мәкенов көшелерінің қалған бөлігінің электр желілерін қайта жаңғырту мен жарықтандыру және төрт жаңадан трансформатор қондырғысын орнатуға жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өткізілді.
Көгілдір отын игілігін көру күні алыс емес. 2024 жылға Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылдарына магистральды газ құбырын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.
Ауылды көркейтіп, абаттандыру жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады. Былтыр ауылға кіре-беріске ауылдың бас қақпасы жасалды. Аркамен ауылға дейінгі аралыққа түнгі жарықтандыру жұмысы жүргізілді.
Көркейту-көгалдандыру және абаттандыру, санитарлық тазалық күнтәртібінен түскен емес. Майдакөл ауылдық округте санитарлық тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 27 дана қоқыс жәшігіне жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар арнайы орынға шығарылуда. Ағымдағы жылы үш дана қоқыс жәшігі жаңадан алынды. Апта сайын жиналған қоқыстар тиісті орынға шығарылуда.
Округ көлеміндегі 15,7 гектар жерге егілген көлеңкелі ағаш күтімге алынған. Аяқ су арықтары тазартылды. Жаңақұрылыс ауылына шығар жол жиегіне 400 метр жерге жасыл белдеу орналастырылды.
Алдағы уақыттқа межеленген міндеттерді нақтылап, тиісті шаралар жүзеге асырылады деп күтілуде. Атап айтқанда, №24 мектептің құрылысын салуға жұмыс жүргізу; ауыл орталығындағы "Тәуелсіздік" алаңын абаттандырып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізу; Жетес Ешниязов, М.Күзембаев, Е.Тілеубаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу; Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде мал тұқымын асылдандыруға, мал басын көбейтуге қол жеткізу; егін шаруашылығын дамыту, оның ішінде, бақша егуге тұрғындарға қолайлы жағдай жасау көзделуде. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу мен ауылдық округте салық салу базасын ұлғайту бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруды қолға алу межеленіп отыр.